Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Адам және Отбасы

 

Э.Бисариева 

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы

Қуаңдария ауылы, №186 орта мектеп

бастауыш сынып және өзін-өзі тану пәнінің 

мұғалімі

 

Құндылық: сүйіспеншілік

Қасиеттер: мейірімділік, қамқорлық , кешірімділік

Мұғалiм: Бисариева Эльмира

Класс: 9  

Оқушылар саны: 13

 

Сабақ мақсаты:Отбасын, ата-анасын,туыстарымен жақындарын бағалай білу,құрметтеу сезімдерін кеңейту.Отбасылық қарым-қатынас, отбасы беріктілігі,ұрпақтар сабақтастығы туралы түсіндіру

Сабақтың міндеттері:

-отбасы қарым-қатынасы,отбасы бақыты, ұрпақтар сабақтастығы туралы білім беру

-туған үйлері мен отбасыларына деген сүйіспеншіліктерін дамыту

-отбасында бір-біріне деген мейірімділікке, бірін-бірі бағалай білуге, қамқорлық жасап,құрметпен кешіре білуге тәрбиелеу

Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер)интербелсенді тақта,оқулық, дәптер, ән мәтіні,слайдтар, үнтаспа,бейнебаян,даналық сөздер.

Сабақ барысы:

  1. Ұйымдастырукезеңi.Тыныштық сәтi.Нұрғабөлену.Ыңғайланып отырыңыздар,денелеріңізді түзу ұстаңыздар.Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз,қолыңызды тізеге немесе үстелге қоюға болады.Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады.Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан.Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді.Балғын таза, әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді,эмоцияңызды, тілек қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз.Ол біртіндеп күшейе түсуде.Ой мен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз.Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда.Қолымыз тек жақсы, тек ізгі істерді істейді және баршаға көмектеседі.Нұр аяқтарыңызға тарады.Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда.Олар  сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады.Олар нұр мен махаббат құралына айналды.Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады.Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады.Нұрды құлақтарыңызға  бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөзбен әсем әуенді ғана естиді.Нұр көзімізге де жетті.Көзіміз тек жақсыға қарап,бәрінен жақсылықты ғана көреді.Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.Нұр бірте-бірте қарқынды және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады.Осы нұрды туыстарыңызға,мұғалімдеріңізге,достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз.Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.Ойша  айтыңыз: «мен нұрлымын..Нұр менің ішімде.. Мен Нұрмын» Осындай  Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз.Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде.Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.Жәймен көзіңізді ашуға болады.Рахмет!

Қандай сезімде болдыңыздар? Ойларыңызбен  бөлісіңіздер.

  1. Үй тапсырмасын тексеру

«Мен оны пір тұтамын» мәтінін оқу, мазмұндау

   -  Мұраттың отбасына түскен қиындықты жеңуіне не себеп болды?

- Жақсы отбасы, адал жар болу үшін адамға не қажет деп ойлайсыз?

Сабақ барысын талдау:

  1. Дәйексөз.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»

Дәйексөзді хормен оқу, қайталау дәптерге көшіріп жазу, дәйексөздің мәнін ашу /.


  1. Әңгiмелеу . «Ақ орамал» 

Патриция Сент-Джонның әңгімесі /ағылшын жазушысы/

  Автобус аялдамасы жанынан өтетін жол жиегінде отырған адам жолдағы тастарға тесіле қарап қалған.Оның қырынбаған бет-аузы, салбырап кеткен иықтары мен жыртық бәтеңкесі аялдамада топталып тұрған адамдардың назарын өзіне аударды, бірақ әлгі адамның өзіне қадалған жанарларымен еш шаруасы жоқ Ештеңе елеместен ол өзі және өзінің өмірі туралы қалың ойға батып кеткен еді.

      Ол өзінің қызыл кірпіштен салынған үйде тұрған кішкентай бала кезін есіне алды.Бөлмесінің терезесі алдындағы гүлді, әкесі бұған құрастырып берген әткеншекті, велосипед теуіп үйренген жолды сағынышпен есіне түсірді.Бұған велосипед алып беру үшін, ата-анасы еңбекақыларын бірнеше ай бойы жинаған еді.

 Содан бері аттай жиырма жыл өтті! Мүмкін, үйді баяғыда бұзып тастағын шығар.....Жігіттің бүкіл денесі дір етті, естеліктің айқындығы сондай олар мұның жан дүниесін ауыртып, осыдан он жыл бұрынға кезін бастан кешкендей сезімде болды.Ол кезде ескі велосипедін мопедке ауыстырып, үйіне  аз бола бастаған.Өйткені жұмысымен көптеген достары бар еді.Әкесі мен шешесі бұған кәрі және мезі қыларлықтай көрінді, ол көбіне уақытын сыраханада көңілді өткізетін еді. Бірақ ашығын айтқанда оның жиылып қалған қарыздары мұны ата-анасын үйінде қайтып оралуға мәжбүр еткен.Анасы баласының келгеніне қаунып, тамағын әзірлеп , күйбеңдеп жүр.Ол ата-анасынан ақша сұрамақшы болғанын жасырды.Бұған шығудың оп-оңай қарапайым жолы табылды,ол әкесінің  ақшаны қайда сақтайтынын жақсы білетін, ата-анасының баққа шыққан сәтін пайдаланып, әкесінің жинаған ақшаларын қолына түсірді. Ол ата-анасын ең соңғы рет көруі еді.Өзі істеген әрекеттен кейін ол үйіне келе алмайтын болды.Көп кешікпей шетелге кетті.

  Ата-анасы оның ұзақ сергелдеңге түсіп, сандалғандығы мен түрмеде өткізген жылдары жөнінде ештеңе білмеді.Бірақ ол түнде жатқанда, ата-анасы жайында көп ойланатын.Кейде оның жүрегін қайғы –мұң басатын.Егер ата-анасы әлі тірі болса және мұны көргілері келсе, бостандыққа шыға салысымен олармен қайта кездесуді қандай армандады десеңші...

   Жазасын өтеп, бостандыққа да шықты.Туған қаласына асығыс бет алды.Автобустан түскенде жол бойындағы  гүлдерді, әткеншектегі немесе велосипед тепкен баланы, қызыл кірпіштен салынған үйлерді көргенде мазасы кетті.Ол үйіне бір тиынсыз бос қалтамен келеді, сондықтан  жолдың көп бөлігін жаяу жүріп өтті.Оның ертерек жетуі де мүмкін еді,бірақ туған қалашығына жиырма шақырымдай қалғанда, мұның бойын кенет бір күмән жайлап алды.

   Ата-анасына осылайша оқыстан жетіп баруға мұның қандай қақысы бар? Бірақ олар бір осы алба-жұлба кезбеден  бір кездері өздері сүйген, бұлардың үміттерін қатыгездікпен алдаған балаларын тани қояр ма екен? Ол күні бойы дерлік ағаш саясында отырды.кешкісін өзіне қанша ауыр тисе де , ата-анасына қысқа ғана хатты бірнеше сағат отырып жазды. Хатта: мені көргілерің келетініне ешқандай үмітім жоқ екенін білемін.....Шешім сіздерде. Мен бейсенбі күні көшенің аяғында таңертең ерте күтемін.Егер үйге келуімді қаласаңыздар, менің жататын бөлмемнің терезесіне  ақ орамал іліп қойыңыздар.Оны сол жерден көрсем, үйге келемін, көрмесем ескі үйге қош бол деймін де, өз жолыммен кетемін.....-деген сөздермен аяқталған еді.

 Міне, бейсенбі күні де жетті.Адасқан ұл белгіленген жерге келді.Өзінің ескі көшесі! Не күтіп тұрғанын анықтағанша тағаты таусылып, төзімі жетпей барады.Ол жол бойына отырып, жолдағы тастарға көз тікті.Бұл істі кейінге ысыра беруге болмайды, тәуекел ету керек. Түптеп келгенде, олардың көшіп кетуі де мүмкін ғой....Егер терезеден ақ орамалды көрмесе ше... Ал ата-анасы әлі бұрынғыдай осында болып, әншейін мұны көргісі келмейтіндей жағдайда болса...Өзіне не болатыны туралы ойлауға бата алмай, өзін-өзі жұбатуда.Орнынан әзер көтерілді, көпір астында өткізген түннен кейін, денесінің бәрі қақсап ауыра бастады.

   Суықтан дірілдеген кезбе баяу басып, ескі шынар ағашқа бет түзеді, сол жерден үй алақандағыдай көрінетін.Ол ағашқа жеткенше үй жаққа қарамаймын деп шешті.Шынар ағашының қасына  таяғанда көзін тарс жұмды.Ақырында терең демалып көзін ашқанда , оның жанары құмарта алға тігілді.Қызыл кірпішті үйдің шатырына  күн сәулесі түсіп тұр екен, оның жүрегі дүрсілдеп қоя берді....Бірақ мынау не өзі?

 Әрбір терезеге жастықтың тысы, сүлгі, дастархан, қол орамал және асхана салфеткалары ілінген.Шымылдық терезе желдеткішінен бүкіл шатырға созылған.Таңғы күн сәулесінде жарқыраған қар тәрізді.

   Оқыс қателікке жол бермес үшін, ата-анасы қолдарынан келгенінің бәрін істепті.Ақша қардай аппақ болып жарқыраған өз үйін көрген ұлдың еңсесінен ауырлық түсіп, бойы жеңілдеп, кеудесін қуаныш кернеді

  Екі көзден парлап аққан жасқа  ие бола алмаған жігіт орнына тұра жүгіре, өз үйінің айқара ашылған есігіне қарай құстай ұшты.

Мәтін бойынша сұрақтар:

1.Ұлының ата-анасынан қол үзіп кетуінің себебі неде?

2.Оның сағынышын қалай түсіндірер едіңіздер?

3.Ата-анасының ұлына деген сүйіспеншілігін сипаттап беріңіздер?


  1. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.

Төменде берілген тақырыптың біреуі бойынша  шағын эссе жазу

1.Менің үйім-менің қорғаным

2.Отбасы-адам баласының алтын діңгегі

3.Мен және менің отбасым


  1. Топпен ән айту. «Өміріңе немқұрайлы қарама».

  1. Үй тапсырмасы.

27-сабақ   158-бет «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген...» поэмадан үзіндіні оқу, талдау.

«Менің отбасым» тақырыбына презентация жасау


  1. Соңғы тыныштық сәтi

Жай, әсем музыканы қойып, көзімізді жұмып, сабақтың жақсы көңіл-күйін естеріңізге алып, жүректеріңізге түйіп қойыңыздар.Рахмет! Көздеріңізді ашуға болады.


  • 197