Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Шығыс – өркениет бастауы

Нұржамал Алдабек, 
әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ Шығыстану факультетінің профессоры, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Шығысты зерттеу мен зерделеу қазақ халқы үшін бастауын ертеден алатын үрдіс екендігін білеміз. Тым әріден бастамай-ақ, бертіндегі Шоқан Уәлиханов пен ұлы хакім Абайдың мұраларынан шығыс халықтарының әдет-ғұрпы мен мәдениетіне, әдеби мұраларына деген қызығушылықтың қаншалықты дәрежеде болғандығын бағамдаймыз. Жалпы қазақ мәдениеті шығыс халықтарының мәдениетімен байланысын еш үзген емес. Тек кеңестік замандағы идеологиялық құрсаудың кесірінен қазақ мәдениеті, ғылымы мен білім беру саласы шығыс өркениетінен еріксіз алшақтауға тура келді. Бұл кезеңде Қазақстанда шығыстану саласы назардан тыс қалдырылды. Кеңес Одағында, шығыстану, тек идеологиялық құрал ретінде дамытылып, оны оқыту мен зерттеу орталықтары Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент пен Қиыр Шығыста ғана орналасты. 

Қазіргі әлемде адамзаттың назары батыстан гөрі шығысқа ерекше ауып отырғандығы еш жасырын емес. Бұл тек еуропалықтардың әлем тұрғындарының саны жағынан артта қалып келе жатқан үрдісі мен шығыстың демографиялық қарқынына ғана байланысты емес. Жер шарының орасан аумағын алып жатқан Шығыс адамзат руханиятының, ғылыми білімнің сарқылмас ошағы екендігін мойындаудан да туып отыр. Шығыс қойнауы қазына байлыққа толы аймақ ретінде белгілі.
Біздің мемлекетіміздің геосаяси жағдайына орай, Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің сыртқы сая­сат стратегиясында азиялық елдермен саяси және экономикалық байланыстарға ерекше мән берілген. Экономикасы қарыштап дамып отырған және соған сәйкес саяси рөлі де артып келе жатқан Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур мен Малайзия сияқты шығыс жолбарыстарымен қатар, көне замандардан руханиятымыз мен мәдениетіміз ұқсас және тығыз байланыста дамыған, дініміз ортақ мұсылман елдеріне, түркі әлеміне қазір әлемнің назары ерекше ауып отырған кезеңді бастан кешудеміз. Бұл аталған елдер әлемдік экономика мен саясаттың даму бағытына белсенді ықпал етіп отырған және оған серпін беріп отырғандығын білеміз. Орталық Азияның ірі де іргелі көшбасшы мемлекеті ретінде тәуелсіз Қазақстан әлемнің барлық дерлік елдерімен тығыз байланыс­тарын қалыптастыруда. Қазақстан Республикасы да өзінің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін экономикасын алдыңғы қатарлы дамыған елдердің деңгейіне жеткізу жолында озық технологиялық жетістіктерге бай батыстық ғылыми жаңалықтарды игерумен қатар, шығыстану ғылымының, яғни Шығысты кешенді зерттейтін ғылым саласының тұрғысынан да зерделеудің қажеттігін ұғынды.
Еліміздің Шығыс елдерімен саяси, экономикалық және мәдени байланыстарын қалыптастыру, өткеніміз бен келешегімізді бағамдау үшін де шығыстанушы мамандар даярлау қажеттігі туындады. Қазіргі күнде жоғары сапалы кәсіби шығыстанушы мамандар даярлайтын еліміздегі бірден-бір орталық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультеті болып саналады. Университет қабырғасында шығыстану саласы ХХ ғасырдың 70-жылдарынан, атап айтқанда, араб тілін оқытудан бастау алған. 1989 жылы сол кездегі Үкіметтің қаулысымен тарих факультетінің құрамындағы Азия және Африка елдерінің тарихы кафедрасы мен филология факультетінің араб тілі кафедрасы негізінде шығыстану факультеті құрылды.
Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті қазақстандық ориенталистика орталығы ретінде баршаға танымал, шығыс тілдерін меңгерген жоғары білікті мамандарды даярлайтын республикадағы ең ірі орталыққа айналып отыр. Мұнда жоғары білікті педагог мамандар жұмыс істейді және заманауи талапқа сәйкес шығармашылық оқу-тәрбие үдерісі іске асырылып, ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
Шығыстану факультетінде шығыстың ең ірі мемлекеттерінің кең тараған сегіз тілі оқытылады. Олар – араб, парсы, қытай, кәріс, түрік, жапон, хинди және урду тілдері, сонымен бірге екі батыс тілі – ағылшын және француз тілдері де терең меңгеріледі. Қазіргі күні білім алушылар факультетте бакалавриат, магистратура және докторантураның (PhD) шығыстану, аймақтану, шетел филологиясы, аударма ісі мамандықтары бойынша білім алуда.
Факультет Қазақстандағы шығыс елдерінің елшіліктерімен, сонымен қатар студенттер мен оқытушылар тілдік және ғылыми тәжірибеден өтетін Қытай, Корея, Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Египет және т.б. елдердің ірі университеттерімен тығыз серіктестік байланыс орнатылған. Шығыс елдерінің ірі университеттерінің белді ғалымдары шығыстану факультетіне келіп шығыстанушыларға дәріс оқып, қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасады.
2014 жылы шығыстану факультеті өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы жылдар аралығында Шығыс елдері бойынша шығыс тілі мен тарихын, мәдениеті мен дипломатиясын меңгерген мамандар даярланды.
Қазіргі таңда факультет түлектері шетелдегі Қазақстан елшіліктерінде, Қазақстандағы шығыс елдері елшіліктерінде, орта және жоғары білім беру, ғылым және мәдениет мекемелерінде, мемлекеттік қызмет пен бизнес құрылымдарында абыроймен қызмет атқарып жүр. Қазақстандық шығыстанушылар Шығыс елдерінің тілін, мәдениетін, тарихын зерттеп, оның ішкі және сыртқы экономикалық даму үрдістері мен сыртқы саяси басымдылығын байыптауы, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси тұжырымдамасын қалыптастырып, жүзеге асыруға үлестерін қосуда.
Өзі таңдап алған шығыс және батыс тілдерін еркін меңгеруі, тарихи даму кезеңдерін жақсы біліп, қазіргі Шығыстың барлық болмысын терең түйсінуі, шығыс қоғамының дамуындағы қазіргі саяси-экономикалық және рухани үрдістерді іргелі және әмбебап университеттік білім берумен байланыстыра саралай білуі шығыстанушыны басқалардан өзгешелеп тұратын қасиеттердің бірі әрі бірегейі. Факультеттің ғылыми бағыты шығыс тіл білімі мен әдебиеттануы, тарихы мен қазіргі Шығыс елдерінің экономикалық-саяси дамуының жаңа үрдістері сынды кең ауқымды мәселелерді шешуге бағытталған. Факультетте арабтану және корейтану ғылыми-зерттеу орталықтары өз қызметтерін жалғастыруда. Профессор-оқытушы құрамында ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD докторлары, профессорлар мен доценттер жұмыс атқаруда. Олардың қатарында он шақты «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» деген атағы бар ұстаздар қызмет атқарады. Факультет түлектерінің бірқатары шетелде магистратурасын аяқтап, факультетте ұстаздық етуде. Факультетте Шығыс елдерінен келісімшарт негізінде шақыртумен келетін ұстаздар дәріс беріп келеді.
Шығыс елдерінің ірі оқу орындарында студенттердің тілдік тағылымдамадан өтуі мен ұстаздардың білімін жетілдіру мүмкіндігі және осы шетелдік оқу орындарының танымал ғалым-ұстаздарын факультетке шақыру, оқытушылар құрамының халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, бірлескен симпозиумдар өткізуі шығыстану факультетінің әлемдік білім кеңістігіне интеграциялануына жол ашуда.
Қазақстанның айрықша геосаяси жағдайында шығыстану білімі ауқымы тар мамандық саласы болудан қалып, ол қоғамның және ұлттың өзін-өзі тануының басты құралына айналып, әртүрлі мәдени және конфессиялық бағыттағы әлеуметтік топтардың арасындағы толеранттық пен өзара сыйластықтың қалыптасуына ықпал етуші сипатқа ие болуда. Шығысты тану бүгінгі таңда өзіңді тануға, өскелең ұрпақтың дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл шығыстанушы жас ұрпаққа білім беріп, заманауи талапқа сай тәрбие беретін, кәсіби мамандар даярлайтын ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеуде. Шығыстану сан-салалы синкретикалық білім мен ғылым саласы болғандықтан, оның әр саласы бойынша даярланатын мамандарға берілетін пәндер тізбегі де талапқа сай үнемі өзгертіліп отырады. Болашақ маманның сұранысқа сай даярлануы үшін жұмыс берушінің талап-тілегі ескеріледі. Қазақстандық шығыстанудың әдіснамалық сапалық деңгейінің теориялық қана емес, тәжірибелік маңызы да өсіп отыр.
Шығыс халықтарының бұқаралық қоғамдық санасындағы діни сана-сезімнің жоғары деңгейі, діннің саяси сипатқа ие болуы, теократиялық мемлекеттердің болуы сияқты факторлар шығыстанушылардан шығыс қоғамын тереңірек зерттеуді талап етеді. Сонымен қатар Шығыс халықтарының мәдениетіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі туын­дап отыр. Шығыстық мәдени құндылықтарды білу, әрбір халықтың кез келген жағдайдағы өзіндік даму ерекшеліктерін сақтау қабілетін, ұлттық санасы мен менталитетін жоғалтпау қасиетін және дәстүрлі құндылықтарының әлеуметтік тұрақтандырушылық сипатқа ие болуына тән құбылыс екендігін түсінуге мүмкіндік береді. Шығыстанушы ғалымдардың Шығыс елдерінің саяси-экономикалық дамуы туралы зерттеулері біздің еліміздің ішкі және сыртқы саяси стратегиясын қалыптастыруда үлкен көмек болуы тиіс. Осыған орай жас ғалымдарымыздың зерттеу жұмыстарына бағыт бергенде осы мәселелер үнемі есте болады. Факультеттің алғашқы түлектері қатарынан осы күнге дейін бірнеше ғылым кандидаттары мен соңғы форматтағы PhD докторлары даярланды. Олардың зерттеу жұмыстарына отандық ғалымдармен қатар, шетелдік танымал ғалымдар жетекшілік етіп, сараптама жасады. Сондықтан бұл еңбектер еліміздің шығыстану ғылымына қосылып жатқан үлкен үлес деуге болады. Шығыстанушы ғалымдарымыз шетелдік ғылыми ортада баяндамалар жасап, отандық ғылымның жетістіктерін шет жұртқа танытуда. Еліміздегі түрлі ғылыми жобаларға да белсенді түрде қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Шығыс тілдерін білетін мамандарға деген сұраныс мемлекеттік тиісті құрылымдар тарапынан өсіп отыр. Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы кедендік қызмет пен арнайы қызметтік құрылымдарда да қытай, парсы, урду тілдерін меңгерген маман-шығыстанушылар қызмет атқаратыны белгілі. Осы аталған құрылымдарға қажетті мамандардың арнайы дайындалуы үшін әскери оқу орындарында да біздің факультеттің түлектері сабақ беретін шығыс тілдерін оқыту үрдісі жүруде. Мамандарға шығыс тілдерімен қатар, сол тілін оқитын елдің менталитеті, экономикалық және мәдени ерекшеліктері, тарихы мен сыртқы саясатынан да дәрістер оқытылады. Бір кездерде біздің шығыстану факультеті жалғыз болса, қазір шығыс тілдерін оқытатын бірнеше оқу орындары мен мектептер де жұмыс істеп жатыр. Ғылым Академиясында өткен ғасырдың 90-жылдары Шығыстану институты ашылып, шығыстану ғылымын дамытуға үлестерін қосуда. Заманның талабына орай, ғылым мен білімнің интеграциялануы қажеттігіне байланысты шығыстану институты мен шығыстану факультеті бірлесіп атқарар шаруалар жеткілікті. Тек оған ғалымдарымыздың ынта-жігері, ынтымағы мен жас шығыстанушылардың ықыласын ояту біздің міндетіміз болуы тиіс.
Сонымен, қазақстандық шығыстану ғылымы мен білімі бүгінгі күнде даму мен өрлеу кезеңінде деуге болады. Жас ұрпақтың шығыстануға деген ынтасы да жоғары екендігін өмір дәлелдеп отыр. Шығысты тану өзімізді тануға кең жол екендігін ұғынудамыз. 

    Ескерту! Мақала Ана тілі газетінің сайтынан алынды

Комментарии 1

izdenis 20 қаңтар 2017 15:51
жақсы мақала!

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз