Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Жаңаша білім беру – заман талабы

Н.Бимұратова 

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы

№219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі

  

             Педагогикадағы жаңалықтардың бірі – оқытудың іс-тәжірибесіне жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу болып табылады. Бастысы ол өзгерістер мұғалімге де, оқушы үшін де оң нәтиже беруі тиіс.  Қазіргі заманда білім беру ісінде талап деңгейінен шығу мұғалімнің іздену шеберлігіне тіреледі. Бүгінгі талап оқушыға білім берумен бірге оны білікті түрде қолдана алуына, оны дағдыға жеткізіп қана қоймай, баланың ақыл-ойын, қабілетін дамытуға, әрекет нәтижесінде белгілі тұжырым жасай алуға үйретуге негізделеді. Әрине, оқытудың барлық әдістері баланы дамытуға бағытталған. Дегенмен осы кезге дейінгі дәстүрлі оқытуда оқулық пен мұғалімнің пікірін нысана етумен шектелеп келді. Ал бүгінгі оқыту оқушы қабілеті, оны жан-жақты дамыту, даму әрекеттерін ұйымдастырудың қажеттігін дәлелдеп отыр. Көрнекті педагог А.С.Выготский баланы дамыту әрекеттері оқыту барысында іске асатынын дәлелдей келіп, бала дамуының екі түрлі ортасы болатыны жайында теория ұсынды. Бірінші ортасы – айналасындағы үлкендердің әсері, қабілетінше еркін атқара алатын іс-әрекеті болса, екінші ортасы – сабақ үстіндегі әрекеті. Ал біздің мақсатымыз – баланың сабақ үстіндегі оқу-әрекетін тиімді әрі қызықты болатындай етіп ұйымдастыру, әрекет нәтижесін байқау, бағалау және соның нәтижесінде алдағы жұмыстарды жоспарлау болып табылады.
            Оқыту дегеніміз – баланы субъект ретінде оқу ісіне қызықтыратын, соған сай қабілетін арттыратын жағдайлар тудыру болып табылса, қызықтыру, зейініне әсер ету, сезіміне әсер беру мұғалімнің басты мақсаты болуы тиіс. Мұны жүзеге асыру екі кезеңге бөлінеді. Бірінші, оқу үдерісінің жаңа технологиясын қарастыру (қалай оқыту керек), екіншісі, оқушы алдына қойған мақсатты өз бетінше шеше алатын жағдайға жеткенде ғана субъектілік орын алады.
          Өз тәжірибеме келетін болсам, сабақтарымда сыни тұрғысынан ойлау, жас ерекшелігіне сай оқыту, АКТ пайдалану модульдерін жиі қолданамын. Ал мектепте алған білімді оқушылардың қолдана білуін, өмірмен байланыстыра алуын жүзеге асыру көп жұмыс жасауды қажет етеді. Мектептегі сабақ беру кезінде іс-тәжірибеме өзгерістер енгізу арқылы өзімді де, оқушыларымды да өзгерте алдым дей аламын. Өз тәжірибеме енгізген жаңа тәсілдің бірі – тренинг. Тренинг оқушы назарын жаңа сабаққа аударуда, қызығушылықтарын арттыруда, ынтымақтастықты қалыптастыруда маңызды тәсіл. Сабақтарымда осындай тренингтерді өткізу оқушыларға жағымды, оң әсер берді және ең бастысы, оларға ұнады. Мысалы, сыныпта ынтымақтастық атмосферасын орнату мақсатында «Шаттық шеңбері» тренингісін ұйымдастырғанда оқушылар бір-біріне жақсы тілектер айтып, сыйластық танытты. Топтық жұмыс – бұрын-соңды көп қолданбаған тәсілдерімнің бірі. Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырса, екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды және көшбасшыны анықтауға мүмкіндік береді.
        Ал сын тұрғысынан ойлау – креативті тұлғаны қалыптастырудың бір жолы. СТО-ды ойлануды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір - түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Әр сабақ соңында оқушылардың жеткен жетістіктерін, кемшіліктерін талдап, түсіндіріп отыруға тырыстым. Бұл – менің тәжірибемде енгізген ең басты жаңалық болды. Әр сабаққа мақсат құрып, күтілетін нәтижені анықтап, олардың сабақ барысында не арқылы бағаланатынын көрсетіп отырдым. Сабақтарымның кіріспе, тұсаукесер, негізгі және қорытынды бөлімдерінде мұғалім және оқушы іс-әрекеттерін толық жазу арқылы сабақ барысында мұғалім – нұсқаушы, оқушы – ізденуші екендігі айқындалды.

Құзырлы оқытудың негізгі идеясы оқушы тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруі, түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Қорыта келгенде, сабақтарды осындай әдіс – тәсілдермен өткізу арқылы мен оқушылардың білімді өз бетімен оқып-үйрене алатынына, өзінің оқуы үшін өзі жауапты екендігін сезінетіндігін, қызығушылықтары оянып, белсенділіктері артатындығын, олардың ой еркіндігі дамитындығына көзім жетті. Сондықтан да мен, бұл бағдарламаны барлық ұстаздар меңгеріп, барлық мектептерде қолдау тауып, тиімді қолданылуы керек деп ойлаймын.

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз