Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Әдебиетті оқытудағы инновациялық әдістеменің маңыздылығы

Данагүл Төртбаева Тоқшылыққызы,

Қармақшы ауданы, Қуаңдария ауылы

№ 186 орта мектептің  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

         Мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, әлем құрылымының белсенді мүшесі болуы, бірінші кезекте ғылым мен білімнің дамуында екендігі баршаға аян. Еліміздің ертеңі мен болашақтың бүгіні жас ұрпақтың өсіп-жетілуіне, білімі мен мәдениетіне тығыз байланысты. Ал, ұрпақ білімінің мазмұнын жаңарту, оны заман талабына сай меңгерту, оларды Отансүйгіштікке, парасаттылыққа, зиялылыққа ұмтылдыру, тұлғалық рухын жетілдіру –білім саласын реформалаудың  басты міндеттері.

        Жаңа білім беру жүйесі дәстүрлі оқыту үлгісін түбегейлі өзгерте отырып, оқытудың жаңа технологияларын қолданудың  тиімді жолдарын қарастырады. Мұның өзі білім берудің, жеке тұлғаны жан-жақты дамытудың нәтижелі ізденістерін мақсатты түрде ұйымдастыра білуді, оған басшылық  жасай отырып, оқушылардың  білімді өз ізденісі арқылы ала білуіне түрткі жасауға бағыттайды.

         Қазақстан Республикасының білім беру саясатының тұжырымдамасына сай шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын, танымдық мәдениеті биік, ұлттық құндылықтарымызды жете меңгерген, интеллектуалдық өресі жоғары, өзін-өзі үнемі дамыта алатын қабілетті жастарды тәрбиелеу. Мұндай маңызды міндеттерді іске асыруда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің де және сол пәннің оқытушыларының орны ерекше. Себебі, әдебиет пәні өміртанудың, адами тұрғыда қалыптасудың, өмір сүрудің басты құралдарының бірі.

         Көркем шығарманы оқып үйренгенде, оны түсініп,әсер ала білгенде ғана оқушының рухани жан-дүниесі байып, ойдағыдай өсіп жетіледі және әдебиет қоғамдық дамуға әсер етуші әлеуметтік күшке айналады. Жастардың эстетикалық сезімдерін, талғамдарын дамыту, сыни және ғылыми тұрғыдан ойлауға, өмірді танып білуге үйрету, парасаттылыққа, мәдениеттілікке, мейірбандылыққа, ізгілікке тәрбиелеу әдебиеттен білім берудің басты міндеттерін құрайды.

         Әдебиет бүгінгі күні әлеуметтік сұраныстарды іске асыруға бағытталған маңызды күш ретінде оны оқытудың тиімді жолдары жүзеге асырылуда.     

        Соның ішінде әдеби шығармаларды оқытуда білім мазмұнын жаңартуға қатысты тұжырымдар жасалуда, көптеген жаңа ақпараттармен толықтырылуда. Сонымен қатар әдеби білім берудің белгіленген мақсаттарға сәйкес күтілетін нәтижелері анықталған.

           Атап айтар болсақ:

Азаматтық белсенділікті таныту, өз Отанының патриоты болу;

Әдебиетті оқытуды бүгінгі өмір талабына сәйкестендіру;

Танымдық, эстетикалық, оқырмандық талғамдарды қалыптастыру;

Оқушыны өзіндік шығармашылық әрекетіне бағыттап отырудың жаңа жолдарын іздестіру;

Оқушыларды сөз өнерін қабылдай алатындай біліктілікпен қаруландыру.

    Қазіргі таңдағы аса күрделі проблемалардың бірі оқушылардың көркем туындыны саналы қабылдамауы, оқырмандық қабілеттердің жылдан-жылға төмендеуі. Сондықтан да оқушыларға әдебиетті халқымыздың тарихи тәжірибесін реттейтін өмір оқулығы екендігін, білімділік-тәрбиелік мәнінің жоғары екенін түсіндіре келе, оқытудағы сапалылық пен нәтижелерге жету мақсатында инновациялық технологияларды ұтымды пайдалануды іске асыру өмір қажеттілігіне айналуда.

  Оқушылардың оқырмандық қабілетін қалыптастыру, танымдық қызығушылықтарын дамытудағы мұғалімдердің әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана білу мүмкіндіктерінің орны орасан зор. «Білім беру әдісі –оқушылардың білімі мен білігі, олардың практикалық дағдысы және оқушылардың мұғалім басшылығымен жүргізетін жұмыстарының тәсілі»,- деп көрсеткен ғалым И.А.Қайыров. Әр пәннің өзінің ерекшеліктеріне сай қолданылатын әдістері болады және олар пән мазмұнын тереңдетуге бағытталады.

  Әдіс-тәсілдер бірнеше түрлі болып келеді, мұның өзі мұғалімге әр тәсілді шеберлікпен,орынды пайдалана білуді міндеттейді. Әдістер талдау, оқыту, ұйымдастыру, әңгімелеу, баяндау, салыстыру, т.б. болып бөлінеді. Сонымен қатар, сабақта оқыту үрдісін ұйымдастыру әдістері, білім алу көздеріне байланысты оқыту әдістері, сабақ құрылысына, мұғалімнің қоятын мақсатына қарай түрленіп отырады.

  Оқу-тәрбие үрдісін технологияландыру –білім беру мен тәрбиелеу проблемаларын сапалы деңгейде шешуге ықпал етеді. Технологиялық әдіс-тәсілдердің көмегімен оқушылардың таным белсенділігі артып, даму үрдісі жетіле түседі. Оқу үрдісін технологияландыру мәселелері көп зерттелген мәселе. В.Беспалько, В.К.Дьяченко, М.В.Кларин, В.М.Монахов, Г.К.Селевко, С.М.Құсайынов, Г.Нұрғалиева, Ж.Қараев, Н.Нұрахметов, М.Жанпейісова  сынды ресейлік және қазақстандық ғалымдар педагогикалық технологияларды пайдаланудың тиімді жолдарын көрсеткен.

  Мектепте оқытылатын қандай да бір пән болмасын оны оқыту үрдісі сол пәнді оқытудың теориясы мен әдістемесіне сүйенеді. Атап айтсақ, оқыту технологиясын жетілдіруді, білім беру мекемелерінің қызметін ақпараттандыруды, білім алушылардың танымдық қызығушылығын, шығармашылық қабілетін арттыруды, оқушылардың өздігінен оқу дағдысын жетілдіруді, дифференциалап оқыту үрдісін дамытуды, т.б. мәселелерді көздеп отыр.

   Жаһандану заманында қоғамның идеялық бірлікте болуы үшін ғылымдар жүйесінің бір арнаға тоғысуы және өзара байланысы қажет. Сондықтан да оқу үрдісінде пәнаралық байланысты жүзеге асыру педагогика ғылымындағы жойылмайтын әдіс-тәсілдердің бірі. Көптеген жылдар бойы философиялық, психологиялық, дидактикалық және әдістемелік тұрғыдан қарастырылып келген күрделі мәселе.

  Қай кезде де жүйесіз жинақталған білім өздігінен ақыл-ой сапасын көтере алмайды. Білім көп болғанымен, олар бір жүйеге түсірілмесе, байланыспаса, адамның ақыл –ой қызметі қажетті орайында қолдана алмайды. Демек, адамның ақыл-ой қызметінің нәтижелілігі білімінің көлемінде емес, оның жүйеге түсуінде.

 Мектепте оқытылатын гуманитарлық пәндердің ішінде аса маңызды білім саласы тарих пен әдебиет сабақтарының байланысы. Екеуі де қоғам дамуы, адамдардың қарым-қатынасы, атқаратын қызметі, рөлі болғандықтан компоненттері ортақ. Қоғамдық өмірдің заңдылықтарын танытудағы мақсаты ортақ, қоғамдық құбылыстарды, фактілерді, оқиғаларды дұрыс бағалай білуге, тануға тәрбиелейді.

  «Әлебиет –өмір айнасы» дейтін болсақ, айна деп отырғанымыз –тарих. Зер салып қараған адамға қазақ қоғамының тарихи дамуының барысындағы үлкенді-кішілі оқиғалардың көркем әдебиетте суреттелмегені, айтылмағаны, жырланбағаны жоқтың қасы. Тарихи оқиғаның барлығы дерлік әдебиеттен тиісті дәрежеде орын алып отырған. Осы бір ерекшелікті анық байқаған, қазақ шығармаларын венгер тіліне аударып басушы, венгердің көрнекті ғалымы, академик Имре Транчени-Валь Дапфель қазақ тарихының әдебиетімен байланысы туралы: «Қазақ халқының әдебиетіндей бірде-бір халықтың әдебиетінде оның тарихы толық та тікелей суреттеліп көрген емес»,- деп жазған екен. Тарих нақты фактіге негізделген қоғамның дамуы болса, әдебиет сөз өнері, ол сол фактілерді бейнелі кескінмен елестетіп сөзбен сурет салады.

 Әдебиет пен тарихи мәліметтердің байланысын сабақтың барлық кезеңдерінде жүзеге асыруға болады. Мысалы, Махамбет өлеңдерінде өз елінің қайғысы мен мұңы, асқақ арманы, ерлік пен өткір сын сабақтаса суреттеледі. Әдебиет (арабша адаб –үлгілі сөз деген мағынаны білдіреді) –өнердің негізгі түрлерінің бірі.

  А.Байтұрсынов өзінің әйгілі «Әдебиет танытқыш» кітабында (1926) әдебиетке: "Нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері –бөл сөз өнері» деген болатын. Арабша –әдебиет, орысша –литература, қазақша –асыл сөз деген анықтама берген. Сөз адамның ой-қиялын, мақсат-мұратын жеткізудегі бірден-бір күшті құрал. Әдебиетте шыншылдық пен көркемдік, шеберлік, эстетикалық әсерлік біте қайнасып, біріккен сипат танытады.

  Инновациялық әдісті оқытудың педагогикалық технологияларын тәжірибеде қолдану барысында өзінің тежеуші жақтары, кемшіліктері, қарама-қайшылықтары да кездеседі. Біріншіден, инновациялық әдістерді қабылдау оқушыға да оңай соқпайды, өйткені ол үнемі белсенділік танытып отыруы тиіс. Екіншіден, ақпараттар мазмұнын саналы меңгеру мен тұжырымдау мәселелері өз деңгейінде болмауы мүмкін, оқушы тек орындаушы функциясымен шектеледі де, сараптау мәселелері тысқары қалады.

 Сондықтан да заманауи талаптарға сай оқыту үрдісін ұйымдастыру мен білім сапасын бағалаудың тәсілдері өзгерістерді сұрайды. Білім сапасын бағалау тәсілдері оқылған материалдарды және формулаларды қолдануды бақылауға негізделген, яғни бақылау-бағалау құралдарын білімді репродуктивті түрде меңгеруді, алгоритмдік білім мен біліктілікті тәжірибеде тексеруге және білім беру процесін түйінді компетенттілікті қалыптастыруға бағдарлау болып табылады. Оқытудағы оқушының сапалық сипаттамасының құрамдас бөлігі ретіндегі базалық құзырлықтары мен дағдыларының түрінде нақтыланған мақсат оқытудың күтілетін нәтижелерін дұрыс болжай білу.

 Оқытудың күтілетін нәтижелеріне бағытталған әдістемені былайша сипаттауға болады.

- Қандай нәтижеге жеткенімізді анықтау.

- Жеткен нәтиже мен жоспарланған нәтиже арасында алшақтық байқалса, онда оқыту нәтижесіндегі проблемаларды анықтау.

- Оқыту нәтижелерінің проблемалары оқу-тәрбие процесіндегі қандай кемшіліктерге байланысты туындады ( бағдарлама дұрыс құрылған ба? Әлде әдістеме жеткіліксіз бе? Оқу-тәрбие үрдісі дұрыс ұйымдастырылған ба?, т.б.).

- Оқу-тәрбие үрдісіндегі проблемалар басқару жүйесіндегі қандай кемшіліктерге байланысты туындап отыратындығын анықтау.

   Мұғалімнің құзырлығын анықтау үшін Д.Б.Эльконин мен Г.В.Драгунованың зерттеу әдісін қолдану тиімді. Ол мұғалімнің кәсіби құзырлылығын толық ашып көрсетеді.

   Мұғалімнің педагогикалық құзырлығын анықтау үшін пәндік рейтинг пайдаланады.

   Әдістемелік деңгейін, жеке интеллектуалдық, қатысымдық және оқу-ұйымдастыру деңгейлерін анықтау болып табылады.

   Қорыта келе, оқытудың сапасын күтілетін нәтижелер тұрғысынан жетілдіруді компетенттік тәсіл қамтамасыз ететін болғандықтан, оны жүзеге асыру үшін білім мазмұнынан білім, біліктілік, дағдыға, шығармашылық іс-әрекет тәсілдері –эмоционалдық құндылық қатынас тәжірибесінде негізделген түйінді компетенттіліктерді ажыратып алу қажеттілігі туады.  

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз