Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Оқушыларды қазақтың жыршылық өнерімен таныстырудың жолдары

Алғазиев Қуаныш Сақтағанұлы

Тереңөзек ауданы,

 Аманкелді ауылы,

Әуез мектебінің оқытушысы

 

Кез-келген ұлттың өзіне тән ерекшелікке бай руханияты болады. Руханият ұлтпен бірге қалыптасып, дамып, сол ұлттың мұрат-мұддесі үшін қызмет етеді.  Исламтанушы ғалымдар айтатын «қалам мен қылыш» туралы тәмсіл де  руханият әлемінің қаншалықты маңызды екендігінің айғағы болса керек. Ол тәмсіл бойынша, мемлекеттің құрылу жолында алдымен қолға қылыш алынады. Бірақ, негіз қалыптасып, орда іргеленген тұстан қылыш қайтадан қынынан орын тауып, ел ісінің бар салмағы қаламға артылады. Егер осы реттілік сақталмайтын болса, мемлекеттің іргесі шайқалатыны ескертіледі. Енді сол руханият дегеніміздің өзі не? Руханият – ұлттың діні мен ділі, тұрмыстық мәдениеті мен фольклоры, салт дәстүрі. Осылар арқылы ұлттық мінез дараланады.

Қазақ – ақын халық. Бүкіл ғұмыры мен ғұрпы өлеңмен өріліп, жырмен өріс тапқан халық. Сонда біздің ұлттық мінезіміз жырда болып шығады.

Көкірегінде көзі бар кез-келген адам білсе керек, келешегін ойлаған жан қашанда алдымен өткенін түгендейді. Тарихтың тағылымын танып, негізін тапқан соң барып алға ұстанар бағдарын бағамдайды. Мұны ғылымда ретроспекция деп атайды. Осылайша болашақ үшін өткеннің тәжірбиесін керек еткен, ұлттық мәдениетінен өз болмысын іздеген елдің рухани зәрулігінен Тарих ғылымы пайда болған. Ал қазақ өз тарихын, әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменов айтқандай, «ауызбен жазған». Сонау Алтын Орда заманынан бері үзілмей келе жатқан жыраулық өнеріміз, арысы Кетбұға, Сыпыра жыраулардан басау алды. Одан беріде Асан қайғы, Ақтамберді, Доспамбет, Қазтуған мен Шалкиіз жыраулармен жалғасты. Кейінгісі Алтын орда ыдырап, «Ормамбет би өлген, он сан ноғай бүлген» кезеңге тап келді. Аталған жырауларымыздың барлығы да ең әуелі көрнекті мемлекет қайраткерлері, жұрт үйірер жүрегі мен атан жілігіндей білегі бар батырлар болатын. Соған орай өз эгосы мен азаматтық көзқарасын, қоғамға қатысты пікірін жырға қосты. Әйтепесе, «бидің сөзін құл да айтар, құл сөзінің құны жоқ» дер еркін халықтың ұлттық мінезіне сай келер батыр тұлғалар болмаса ғасырлар бойы сараланып, осы күнге дейін жетпес еді. Тек сонымен ғана шектелмей, хандық дәуірдің жыраулары шежірені шиырлап таратып, халық эпосына да насихатшы болды.Осы сабақтастық «зар заман ақындары» мен кейінгі Батыс пен Сыр бойының жыраулық мектептеріне жалғасып, бүгінгі күнге дейін жетті.

Айтпағымыз, жыраулар – жеке адамның ғана емес, тұтас бір қоғамның сынағын арқалаушы тұлғалар. Сол арқылы олар өмір сүріп отырған қоғамының өміршеңдігін қамтамасыз етуші,елдік, патриоттық рухын тәрбиелеуші, қоғам мүшелерін сынақтан өткізе отырып, келешекке бағыттаушы, болашағының бағдарламасын жасап беруші. Жыраулар өз ортасына түрліше қызмет ете тұра, ортақ шептің майдангерлері болып келеді.

Жыршылық үрдіс – әлемдік мәдениет алдында генезисі нақтыланған, тарихи ахуалдардан анық көрінетін, бүгінде жалпы адамзатқа мойындалған өнер. Соның ішінде Сыр өңірінде жасаған жыршы-жырауларымыздың алар орны ерекше. Мысалға, жырдың мәтіні мен мақамы бірінсіз бірі болмайтын тұтас шығармаға айналмаған жағдайда, ол жартыкеш қалпында қала бермек. Арал өңірі деп аталатын орасан зор аймақтың әдеби-музыкалық даналық туындылары, жырау-жыршыларының атам заманнан қалыптасқан, саналуан сырлы да нәзік мақам әуендері музыкатану тұрғысынан әлі де жеткілікті дәрежеде зеттелмегені де белгілі. Осыған орай, жыраулық-жыршылық мектептер тарихын, сол аймақтардың ауыз әдебиеті мен музыкалық мұраларын зерттеп жүрген және болашақта да зерттейтіндер ғылыми нысананың тараған аумағын айқындап алып, нақты көрсетуге баса назар аударғаны дұрыс. Осыншама даналық тудырған өнерімізді келешке ұрпақ санасына жеткізу де күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі. Бұл тарапта аталған аумақтарда орналасқан өнер мектептері де үлкен еңбек етіп келеді.

Енді, оқушыларға жыршылық өнерді түсіндірудің қарапайым жолдарына тоқталсақ.

Оқушыларды қазақтың жыршылық өнерімен таныстырудың жолдары өте көп. Балалардың ойын арқылы, сабақ арқылы, түрлі экскурциялар арқылы бейімділігі мен қызығушылықтарын арттыруға, сол арқылы жыршылық өнерімізді бойларына сіңіруге болады. Оқушыларға қазақтың жыршылық өнерін түсіндіру үшін көптеген әдіс-тәсілдер қолданған жөн. Олардың қазақтың жыршылық өнері туралы түсініктерін қалыптастыру үшін жыраулардың өмірі туралы баяндап, суретті экскурсия жасауға да болады.

Сабақ үлгісі

Сабақтың тақырыбы: Сыр елі – жыр елі. Жыр жүйрігі – Нұртуған.

Сабақтың мақсаты: 

а)Білімділік:Балаларға қазақ өлкесінде ғасырлар бойы қалыптасқан ақындар мен әншілер, жыршылар мен күйшілерді таныстыра отырып, жыр жүйрігі Нұртуған жырау жайлы мағлұмат беру. «Қанекей тілім сөйлеші», «Құлақ салып сөз тыңда»атты толғаулары мен «Жігіттерге өсиет» атты термесін тыңдатқызу.

ә) Дамытушылық: Қазақстанда жыршылық-термешілік өнермен сусындағандардың бірі Нұртуған жырау жайлы түсінік қалыптастыру. Термені тыңдата отырып жақсы мен жаманды айыра білу қабілеттерін дамыту.

б)Тәрбиелік: «Сыр елі – жыр еліне» саяхат жасай отырып, сан ғасыр тарихы бар, қазақ халқының мәдени дәстүрін танып білуге, балалардың туып өскен жері мен отанын сүйіп, құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ.

Сабақтың типі: Аралас сабақ.

Көрнекіліктер: Магнитафон, үнтаспа, Нұртуған жырау жайлы қысқаша мағлұмат, плакаттар, суреттер, мақал-мәтелдер, сөзжұмбақ, т.б.

Сабақтың жоспары:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

а)Балаларды сабаққа ұйымдастыру

ә)Үй тапсырмасын сұрау

1. Сыр елі – жыр елі. Жыр жүйрігі – Нұртуған.

а)Кіріспе әңгіме. («Сыр елі – жыр елі»)

ә) Жыр жүйрігі – Нұртуған.(өмірімен таныстыру)

2. Тыңдату бөлімі.

а)Кіріспе әңгіме, Жігіттерге өсиет термесі

ә)термені тыңдату «жігіттерге өсиет»

3. Ән айту.

а)Кіріспе әңгіме(әнге)

ә)Композитор-орындаушылар туралы мғлұмат

б) Ән мазмұнын талдау(үш шумағына арнайы түсіндірме беру, ұйқас сөздігін құрап, ырғақты түсіндіру

с) Әннің әуенін үйрету

д) Әнді қайталап орындату

ІІІ. Қорытынды бөлім

Сабақты бекіту, «сөзжұмбақ»арқылы

Сабақтың барысы:

І.а)Сәлеметсіңдерме, балалар!

Қане, барлығымыз құрал-жабдықтарымызды алып, маған қарайық!

ІІ. 1. а)Балалар, біз бүгін сыр елі – жыр еліне сапар шегеміз. Сыр елі – жыр елі деген не? Онда мен сендерге сол туралы айтып берейін.

Қазақстанның әр өлкесінде, тарихында, мәдениет пен дәстүріне, түрлі басқа ерекшелігіне байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан ақындық, әншілік, жыршылық, күйшілік мектептер бар. Балалар, сендер осы уақытқа дейін арқаның Ақан, Біржан, Жетісудың Кенен сияқты ақындарымен, Батыс Қазақстандағы Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей секілді ірі күйшілердің орындаушылық дәстүрімен таныссыңдар. Енді Қазақстанның жыршылық-термешілік орын тепкен жері – Сыр елімен танысасыңдар. Сыр елінің ақындық, жыраулық, жыршылық мектептеріне, оның терме толғау үлгілеріне тоқталамыз.

ә)Енді солардың ішінде заманы Абаймен тұстас, өз еліне кезінде ерекше дарынымен аты шыққан ақынның бірі – Нұртуған жырау Кенжеғұлұлымен танысамыз. (портретін көрсету, тақтаға іліп қою керек)

Нұртуған Кенжеғұлұлы(1887, Арал ауданы, Аманөткел ауылы, Мырзабас мекені – 1930 , сонда) – ақын. Атасы Еспембет суырыпсалма ақын, әкесі Кенжеғұл шебер күйші, анасы Айсұлу шежіреші болған. Сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін медреседе дәріс алған. 13-15 жасынан бастап өлең жаза бастаған. Алғашқы эпикалық туындысы – «Едіге жыры»(1910)

2. а)Ал енді балалар, Нұртуған жыраудың өсиет термесін тыңдаймыз. Бұл термеде адамның жақсы не жаман қасиеттерін, адамның ұнамды яки ұнамсыз мінездерін насихаттап, жаман не? Жақсы не? Екендігін ашып көрсеткісі келеді.

Ал балалар, жақсы не? Жаман не? Сендер қалай ойлайсыңдар?

Енді міне, мен сендерге Абайдың мынандай бір қара сөзін оқып берейін. «Қара сөздер» кітабынан үзінді оқып, талдап өтемін.

ә)Ал енді балалар, дұрыс отырып, термені тыңдаймыз. (Термеде не туралы айтылған? Сөзін талдау)

с)Әнді әуенімен айтып көрейік

д)Әнді қайталап ақырғы рет айтқызу

ІІІ. а)Балалар, енді мына сөзжұмбақты шешейік.

Сөзжұмбақ.

Т е р м е ш і

Э п о с

Ә л қ и с с а

Т о л ғ а у

М а қ а м

Термені орындайтын адам?

Грек тілінде әңгіме, өлең-жыр деген мағынаны білдіретін сөз?

Жыр мазмұнын қара сөзбен, түрлі қимыл-қозғалыстармен беруді не деп атайды?

Әннің әуені бар, ал терменің несі бар?

Оқушылар, сонымен, біз бүгінгі сабақта: Қайда сапар шектік? Қайда саяхатқа шықтық? Қандай жыраумен таныстық? Ол кісі туралы не білесіңдер? Нұртуғанның қандай термесін тыңдадыңдар? Термеде не жайлы айтылған? Бүгінгі сабақта қандай нотамен таныстыңдар?

ІҮ. Қорытынды.Сонымен балалар, бүгінгі сапарымызды осымен шектейік. Жыр елінің төңірегіне үңілдік, Сыр елінің тарланы Нұртуған жыраумен таныстық. Ол кісі отаны мен жері үшін аянбай еңбек еткен, халқына өнерімен қызмет қылған тұлға екендігін білдік. Асыл өнерімізді қымбет қазынамыздай қорғап, оны аялай білейік.

Сау болыңдар!

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз