Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Қазақ өлеңдерінің ұлттық сипаты

Сагиндыкова Алия  Молдакуловна 

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, №1 Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет  пәнінің мұғалімі

  

Ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан қазақ әдебиетінің даму жолы халқымыздың рухани ұлттық сипатын танытады.

Қазақ поэзиясының көркемдігін зерттеу үстінде, ғалымдар ондағы бейнелеу мен ажарлаудың ұлттық сипатына тоқталады.

Жалпы адамзат руханияты өзінің бастау бұлағын осы шығыстың әдебиеті мен мәдениетінен алғаны әдебиет тарихынан белгілі. Оған дәлел ретінде әйгілі шығыс жұлдыздары – Фирдоуси, Сағди, Физули, Жамси, Науаи, Низами елдеріндегі бай әдеби мұралардың өзге халықтар әдебиетіне қосқан үлесін айтуға болады. Бұл дәстүр Сыр бойындағы ақын-жыраулар шығармашылығын ұлттық биікте танытты. Шығыстың классикалық поэзиясы өзінің көп ғасырлық тарихы бар нәзира дәстүрі арқылы қазақ әдебиетін тақырып, мазмұн, форма, көріктеу құралдары, стиль және тілдік жағынан едәуір байытып, сөз өнеріне ұлтық  сипатта ерекще ажар береді.

Сыр бойы ақын-жырауларының Шығыстық дәстүрді ұстана жазған шығармаларын жанрлық жағынан топтау жеке зерттеу еңбегінің нысаны етілмеді. Бұл орайда ғалым Б.Кәрібозұлының «...Шығыс әдебиетінің дәстүрінде дүниеге келгенімен, мазмұндық, тақырыптық, пішіндік сипаттары жағынан төлтума туынды, қазақ әдебиетінің шығармаларына айнала отырып, туған әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес болып қосылады. ...Біздіңше, орыс, батыс әдебиеттерінің қазақ әдебиеті мен өнеріне шығармашылық әсер-ықпалын әңгімелеумен бірге, Шығыс халықтары әдебиеті мен өнерінің, әсіресе, оның классикалық әдебиеті дәстүрінің қазақ халқының әдебиеті мен өнеріне игілікті әсер-ықпалдарын да зерттеу-зерделеуді жүйелі түрде жүргізіп отырудың мезгілі жетті» [7, 31] деген пікірін атап айтқымыз келеді.

Халқымыз ғасырлар бойы  сахарада көшпелі тіршілік кешуі олардың әр маусымның ерекшелігін әбден бақылап, өздерінің сөз өнерінің бейнелілігіне қажетті тәсілдерді табиғаттан тапқанын айтады. Қазақтың салт‑дәстүрінің қай қыры да оның өмірімен, тұрмысымен, ұлттық ғұрып‑мерекелерімен, киім киістерімен, ас‑тағамдарымен үндесе отырып, олардың дүниетанымынан да орын алғанын дәлелдейді. Соған орай зерттеуші жаратылыстағы аң‑құс, табиғат құбылысының халықтың поэзиясынан көрініс тапқанын дәлелдейді.

Қазақтың ата-бабалардан сақталып, ұрпақтарға ұлықталып жеткен ұлағаты – ұлттық қарым-қатынас мәдениетін, мінез-құлықтың ең ізгі қасиеттерін құрметтейтін дүниетаным көзқарастары. Ақындық поэзияның лирикалық-дидактикалық өлеңдерінде, айтыстарында, дастандарында қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ойлау дүниетанымына тән өрнектер мақал-мәтелдер арқылы ұрпақтар жадына жаңғырта ұсынылды[3, 8-9 бб.].

Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде ақын-жыраулар поэзиясындағы сөз арқауындағы сыншыл сарындардың Қазақ хандығы дәуірінен бастап XIX-XX ғғ. кезеңдеріне ұласқаны үнемі сабақтастырыла айтылады. ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде [3, 245] қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүрлі ақын-жыраулар (Бұқар, Махамбет, Нысанбай, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір), жаңа реалистік жазба поэзия (Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Жәңгерей Бөкеев, Омар Қарашұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Сәбит Дөнентайұлы) шығармаларындағы ұлттық мүдде арасындағы тақырыптық-идеялық, көркемдік-стильдік ерекшеліктерге баға берілген. Ақындық поэзияның ұлттық сипаты мен көркемдік ойлау ерекшелігі классикалық әдебиет алыптарының шығармашылығымен сабақтаса бағаланады

XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің жаңа реалистік әдеби дәстүрлерін қалыптастырушылар Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы өздеріне дейінгі және тұтас классикалық әдеби дәстүрлердің озық үлгілерін шығармашылықпен игереді.

Әсіресе, Еуропа халықтары (ағылшын, неміс, орыс т.б.) классикалық әдебиет мұраларының көркемдік шешіммен игерілуі жазба және ауызша әдебиет үлгілерін аудармалық-нәзирагөйлік әдістермен игеруді қалыптастырды.

Қазақтың бас ақыны Абай өлеңдерінің ұлттық сипаты – қазақ  халқының өн бойынан табылатын рухы биік сипат. Олай дейтін себебіміз – ақынның қай өлеңін алсақ та, халық салтының, дәстүрінің, тілінің, ділінің, тектілігінің, жалпы алғанда, ұлттық болмысының кәусарынан бастау алады. Абай туралы біз алдағы уақытта көп нәрсені білетін боламыз. Абайдың ақындығын әлемге танытқан М.Әуезов болса, Мұхтардың заңғар жазушылығын төрткүл дүниеге паш еткен ұлы Абай екенін естен шығармауымыз керек.

Ақынның өзі өмір сүрген ортаны, тағдырдың талқысына түсіп, шырқы бұзылған халықтың, ел-жұрттың бейнесін асқан көркемдік шеберлікпен суреттейтінін «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінен айқын көреміз. Осы өлеңге домбыра сазындағы алғашқы құлақ күйіндей болып, жүрек толқытатындай жылы леп беретін «қазағым», «елім», «қайран жұртым» деген сөздер онан кейінгі айтылғанның бәріне басқаша мағына, өзгеше реңк дарытады. Сондықтан елдің күйзелген жағдайын айқындататын:

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі май, бірі қан боп енді екі ұртың,

— деген сипаттаулар жалпақ жұрт туралы айтылса да, артық айтылған демей, ашынып айтылған десек болар.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, — деген шумақтағы «бас-басына би болған өңкей қиқым» дегені елдің шырқын бұзып жүрген, қолындағы күші азайған, ұлыққа, мансабы жоғары чиновникке бағынышты болыстарға тікелей айтылады.

Ал «Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деген сөздер сол кездегі патша үкіметінің енді қазақ даласын билеу ісіне баса-көктеп араласып, қазақтың болыс-билерін бір-бірімен қырқыстырып әбден әлсіреткен үстемдік саясатын әшкерелейді.

Абай шығармаларының өмір, дүние-болмыс туралы ойларын қорытып, жинақтап айтатын сипаты және әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, қоғамдық құбылыстардың өзара себеп-салдарлы, байланысты келетінін терең түсінуі жағынан үлкен философиялық мәні бар екені талассыз.

Қазақтың көрнекті ақындары Шәкәрім Кұдайбердиевтің, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың және т.б. кейінгі толқын ақын-жазушылар шығармашылығындағы әлем әдебиеті үлгілерінің озық көркемдік сипатынан өзара үндестікті аңғарамыз. Қаламгерлер әлем әдебиеті үлгілерін оқып, меңгеріп, кейбір үлгілерінен көркем аудармалар жасады, белгілі шығармалардың сюжеттері ізімен нәзиралық-аудармалық нұсқаларды жазды.[6; 96]

Халық ақындарының шығармалары тұтастай алғанда, ауызша дәстүрде дамыды. Сөз өнерінің ірі майталмандары Бұқар, Махамбет, Біржан, Жамбыл шығармалары өзінше дара. Солардың ішінде өзінің тіл өрнегінің өзгешелігімен ерекшеленетіні – Махамбет. Әрине, ақын поэзиясында  фольклорлық тәсілге сүйену байқалады. Бұл әсіресе, толғау мен жеті‑сегіз буынды өлең үлгісінен көрінеді. Махамбеттің өлеңдері өзінің тіл өткірлігімен, бейне жасаудағы сонылығымен дараланады. Оның көтеріліске байланысты үндеу сипатындағы өлеңдері де, Жәңгір ханға, Баймағамбетке арнаған өлеңі де алдымен жасқанбай қатал сөйлейтін ақынның өр тұлғасын танытады. Осы Махамбет поэзиясының тіл көркемдігіне тоқтала келе, зерттеуші З.Ахметов: “Махамбет өлеңдеріндегі күресшіл сарын, көтеріліс рухы алдымен көзге түседі. Ал, Исатай қайтыс болған кездегі, өзінің Нарыннан қуылған сәттегі өлеңдерінде эпостық сарын байқалады, ‑ дейді [3,67]. Өлеңдегі халықтық дәстүрді дамытып, түрлендіру, жетілдіріп, толықтыру жөнінен Махамбет ақындығының өзгешелігін зерттеуші айырықша атап көрсетеді. Ғалым “Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны” өлеңіндегі халықтың дәстүрлі бейнелеу нақыштарын қоса ақынның нақтылы өмір құбылыстарын жеткізуде ерекше, оқшау, бояу суреттерді де соншалықты мол туғызып отырғанын айтады. “Мен кесекті ердің сойымын, кескілеспей басылман” немесе “Еңіреп жүрген ер едім, жақсыларға еп едім, жамандарға көп едім” деген сенімді сипаттау сөздерден ақынның өз қолтаңбасы, сөз қолдану ерекшелігі айқын танылатынын көрсете отырып, Махамбеттің сұлтанды “Қайраңнан алған шабақтай, қия бір соғып ас етсем” деуінде де салыстыру, сипаттау тәсілі ақиқат өмірден алынған әсерлерден туғаны анық байқалатынын айтады.

     Махамбет – өлеңде халық ұғымына әбден сіңісті болған теңеу, тұспалдау, салыстыруларды қолданумен қатар, соларға ыңғайлас өзіндік қолданыстарды төгіп тастап отырған, сирек ұшырасатын ақындық шеберлікпен танылған сөз ұстасы. З.Ахметов осыны ақын поэзиясының табиғатын тануда нақтылы сөз қолданысты айқындап отырып, теориялық тұжырымдарға айналдыруында өзінің өлең сөз қисынын зерделеуге келгенде қара үзген үздік екенін  және бір мойындатып кетіп отырады. Махамбеттің ақындық қуатын мейілінше жанды, сезімді ой орамдарына орап отырып, нақты ұғындырады. Мәселен, Махамбет поэзиясында көркем салыстыру, тұспалдаудың дамытылған түрлерінің молдығын ашады:

                       Мен шарға ұстаған қара балта едім,

                       Шабуын таппай кетілдім,

                       Қайраса, тағы жетілдім...  Ақын мұнда бір “балта” сөзінің ауқымында ауыспалы, астарлы ой туғызып, күрделі метафоралық бейне жасап отырғанын айтады.

     З.Ахметов қазақ өлеңіндегі жыр үлгісін теориялық жақтан негіздеуінде Махамбет поэзиясын үнемі назарда ұстаған. Кезінде М.Әуезов, Қ.Жұмалиев талдаған “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңіне З.Ахметов жырдың айырықша бір үлгісі есебінде тоқталады. Жыр түйдегінің сипаттамасына үлгі болады. Ғалымның “жырдың” ұйқас, буын, бунақ, шумақ (түйдек) туралы теориялық негіздеуінің бір көрінісі – Махамбет поэзиясы. Жыр өлшемі, қазақ өлеңінің дәстүрлі жыр үлгісінде кездесетін тармақтардағы буын санының әркелкілігі туралы зерттеулерінде Махамбет поэзиясына ғалым жиі жүгінеді. Зерттеуші Махамбет поэзиясының дәстүрлі халық поэзиясымен байланысын өлең үлгісі жөнінен, өлеңдік құрылым жөнінен, тіл қолданысы жағынан айырықша қарастырып, ақынның қазақ поэзиясындағы өзіндік өзгеше өлең жасау үрдісіне айқын теориялық негіздемелер жасады. [9;11]  

    Зерттеуші қазақтың өлең құрылысына тұтас монографиялық еңбегін арнаған. Оның ішінде халық поэзиясының өлең құрылысына аса мән бере зерттеген ғалым, қазақ өлеңдерінің буынға бағына жасалатынын, кейбір түркі елдерінде “бармақ”, “бармақ қисабы” терминдерінің қолданылатынын, негізінен қазақ өлеңінде он бір буынды және жеті‑сегіз буынды өлшемдердің жиі кездестінін айтады.

Қазақ әдебиеті тарихының негізгі өзекті арнасы болып саналатын ақындық поэзия өкілдері де осы классикалық үрдістер ықпалдасуының шығармашылық қозғалысы жүйесінде танылды.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысындағы әлем халықтары әдебиеттері ықпалдасуларының көрнекті көріністері - исламдық Шығыстың және еуропалық Батыстың классикалық әдебиет тұлғаларының шығармаларын қабылдау, соларға үндестіре шығармалар жазу түрінде байқалды.

Профессор Е.Ысмайлов «Ақындар» (1956) атты монографиясының «Евгений Онегинді» халық ақындарының жырлауы» [5, 272.] атты тақырыппен берілген бөлімшесінде осы классикалық туындының, хакім Абай дәстүрі ізімен халық ақындарының жырлауына, халықтың оны қабылдауына ғылыми тұжырымдар жасаған: «Пушкиннің дыбысы жетіп, сөзі кең жайылған халықтың бірі – қазақ. Қазақ халқы Пушкинмен XIX ғасырдан бермен қарай таныс. Абай және басқа ақындар арқылы болсын, Қазақстанда ұзақ жылдар істеген орыс ғалымдары арқылы Пушкиннің өмірі мен шығармалары қазақ арасында туа бастады. Пушкинді, оның даңқты «Евгений Онегинді» ауылдағы халық ақындары да аса қызығып тыңдап, сүйіп жырлаған. Пушкин өлеңдері, Пушкин атағы қалың бұқараның арасына халық ақындары арқылы да таралғандығын, қазақ халқы да Пушкинді өзінің тума ақынындай сүйіп жырлағандығын «Евгений Онегиннің» халықтық варианттары толық дәлелдейді» [4, 272 б.]. Зерттеуші халық ақыны Қуат Терібаевтың «Онегин мен Татьянаның әңгімелері» жырынан мынадай үзінді келтірген:

Орыста жазушы өткен Пушкин атты,

Өнерге ғылым-білім кәмәләтті

Жан сырын әр нәрсенің оймен білген,

Ақылға Апылатондай парасатты

Айырып қара қылды оймен білген,

Қарамас хан, қараға әділетті...

Кітабын оқығанда ғибрат алып,

Бір сөзін тыңдаған жан мың құмартты [4, 272 б.].

Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің жырлауынан жазып алынған «Татьяна» жырынан мынадай үзінді берілген:

Әділ көпшіл, көсем, жайдары, ашық

Адамға алыс-жақын мархабатты

Қырмызы кызыл жібек, кең мінезді,

Жылы жүз, жұмсақ мінез балдан тәтті

Сөйлейтін Пушкин ерден аз мәселе,

Пушкиндей жан тумайды сөзге дана [4, 253].

Зерттеуші қазақтың ақындық поэзиясы тұлғаларының шығармашылығындағы орыс классикалық әдебиеті үлгілерін жырлауына ұлттық сөз өнеріндегі айрықша ерекшелік тұлғасында баға берген.

Қазақтың ақындық поэзиясы өкілдерінің басты кейіпкерді даралаудағы, мінездеудегі қолданған көркемдік шешімдерінің ұлттық сипатын да атап көрсеткен.

Қорыта айтқанда қазақ әдебиеті тарихының байырғы арнасы дәстүрлі ақындық поэзия сөз өнері үдерісінің кейінгі жолына берік негіз болды. Ұлттық сана-сезімнің ұрпақтар жалғастығы жүйесіндегі өркендеуі, жетілуі дәстүрлі ақындық поэзияның халық жадында жатталған үлгілері арқылы жүзеге асырылып келеді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Уәлиханов Ш. Таңдамалы. А., 1985

Ахметов З. Современное развитие и традиции казахской литературы. А., 1978

Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана, 2002

Келімбетов Н. Көркемдік дәстүр жалғастығы. Зерттеу. Астана, 2000.

Лотман Ю. О поэтах и поэзии. М., 2011

Хализев В. Теория литературы. М., 2005

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз