Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Заманының ұлы ақыны

Заманының ұлы ақыны

 

 Пердегүл Әуесбайқызы РИЗАЕВА

Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Жамбыл ауылы

№26 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің

директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары


«Жамбыл - өз халқының өмірін терең ,толғана жырлауымен заманының ұлы  ақыны болып  қалады» 

Рабиндрант Тагор

 

Қазақ халқының  көшпелі дәуірінен бастап , жиырмасыншы ғасырдың ортасындағы жаңа дәуірдің еркін  азаматтарының арасына құнды мәдениет  көпірін салған жыр дүлділі, жүзі мұқалмас алмас сынды өткір ғасыр жыршысы Жамбыл Жабаевтың  туғанына 171 жыл толуы қарсаңында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы да  тойланды . Қос тойдың қатар келуі  халық үшін  бір жақсылықтың нышаны болар.               Айналасы мен қең даласы ән мен жырдың бесігі болған Жетісудың   бай  табиғаты бала ақынның тума дарынына  қанат байлайды. Ғасыр жасап ,екі дәуірдің куәсі болған,саумал жырды сапырған ақын өз өмірін туған халқының мұрат- мақсаты , мұңы мен наласын  өлмес жырларына өзек етіп, рухани  өмірімен байланыстыра жырлайды.Ол халық поэзиясы мен жазба әдебиетінің арасындағы сабақтастыққа поэзияның жауһар жырларымен оюлап зер сала білді. Бүгінгі ұрпақ сол жырлардан бойына  рухани  байлық ала білу үшін Жамбыл шығармаларын  әлі де  болса  зерделеп , көкірекке  тоқу керек.Сонда ғана ұлтымызды  мақтан тұтар , оның өткенін өнеге ұстар ұлтжанды  ұрпақ  қалыптасады.

         Жамбылдың  жалынды шығармалары туралы әлем данагөйлерінің  айтқан шынайы лебіздері арқылы оның  поэзиясын әлем халықтары да мойындағанын байқаймыз.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары аясында даниялық  көрнекті жазушы Мартин Нексен  жыр алыбы Жамбылға  жолдаған хатында:  «Сіз қөшпенділердің өмірінен осы заманғы адамның , еркін азаматтың өміріне мыңдаған  жылғы  мәдениеттің  көпірін  салдыңыз» - деп жазған. Бұл абыз ақынға берілген орында баға , қазақты риясыз мойындау деп білемін.    Ұлтымыздың ұлы жазушысы  Мұхтар Әуезов : «Жамбыл –ақыл –ойдың алғыры ,өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет –бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі әрі эпик ақын , әрі айтыс ақыны , әрі азаматтық әуеннің де   ақыны » ,-деп тұжырым жасаған.

«  XX ғасырдың Гомері» атанып ,атағы алты  Алаштан асқан Жамбылдың  поэзиялық туындылары қазақ әдебиеті тарихының алтын төрінен ойып алар орны бар екендігіне ешбір қазақ шүбә келтірмек емес. Өмірдің қай кезеңін суреттесе де , айшықты сөздің  нәрін келтіріп, халықтың өмірінен алшақтамай , заманның ащы шындығын көркемдеп жеткізе білген.Суырыпсалма ақынның жай сөйлеген кездері аз болған. «Өлең - жыр күйдірмесе , не сүйіндірмесе ,ол –өлең емес ,нәрсіз сөз –зілсіз  оқ іспетті»,-деп,үнемі  көмейінен жыр төгілген Жамбылдың өлеңге қояр талабы  да ерекше болған. Өзінің суырыпсалма өнері туралы Жамбыл М. Әуезов бастаған бір топ өнер адамдарына : «Менің түлкі  ішігімді  сілкісең де , өлең шығады»,-деген екен.

Жамбылдың ақын –жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылары бір жағынан ,Қоқан хандығы екінші жағынан , жергілікті жандайшаптар үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік –саяси қыспаққа алған шақ еді . «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде» ,»Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде халықтың әлеуметтік –саяси өмірін ақындық шыншылдықпен ,азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді . Жамбыл Қазан төңкерісінен кейін саяси өзгерістерге  үлкен үмітпен қарайды

      Оның «Туған елім»  атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, оның орыс  тіліндегі нұсқасы «Правда» газетінде  жарияланып , қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқының қадірі  артып ,даңқы өрлеген Жамбыл , шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай жыр нөсерін селдетті. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды , жеңіс пен ерлік  істерді  ерекше  шабытпен жырлайды . Шағын жыр –толғаулар ғана емес ,оның  қарт көкірегінен « Өтеген батыр» , «Сұраншы батыр» сынды эпикалық туындылар  қайта жаңғырып ақтарылды .

          «Ақын болдым он үште» өлеңінде  он үш жастан бастап , сексеннің  сеңгіріне аяқ басқан ақынның өмірінің әр кезеңдерінде қанаты талмас қыран , қайрауы жеткен алмас,бәйге атындай арынды,садақтайын  сайланған,ақбөкендей желген ,өткір сөзді ,сөздің оғы , қырандай қалықтаған,   бел – белестен өтіп келе жатқан  ақынды  көреміз.

Бетіме шырай әр берді ,

Жан денеме нәр берді,

Теңгеріп нашар кедейді.

«Мен ұлықпын» демейді.

Біз тілеген заң шықты ,

Кісі еңбегін жемейді !-

деп, қанша ғасыр қиыншылық көрген халық бейбіт өмір сүретіндігіне , жаңа заманның  кер заманнан артықшылығын аса шаттана  қуана жырлайды.

Теңдікке жетіп қолдары ,

Теңселіп жетім – жесірлер

Кесірді ескі кесіңдер!

Жамбыл ақын батасы ,

Батаның жоқ-ты қатасы.

Мұратыңа жетіңдер !-

деп , кедейлердің бұрынғы ескі өмірінің күйреп ,жаңа заман туғанынын «Батырақ – кедейлерге » атты өлеңінде  қарт Жамбыл қуана құттықтап , ақ батасын береді. Өлең жолдарында өмірге құштар , қартайса да  өмір легіне ілесе алатын оптимист Жамбылдың бейнесін көреміз.

Тумысынан жоқшылықтың зарын тартқан ,әлеуметтік теңсіздікті жан дүниесімен сезініп өскен ақын:

Малы көп бай жылайды қар жауғанда,

Бәрін тастап ниеті малға ауғанда.

Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,

Әйелі шелек толы сүт сауғанға ,-

деп, тақыр кедейдің  шелек толы сүтті де,  байлық деп қараған дарқан көңілін ерекше суреттейді.

«Жылқышы»өлеңінде:

Сары түнге сарылып ,кірпік ілмей,

Салқын күзде бір жылы үйді білмей,

Сахарада салақтап күндіз-түні,

Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей –

деп,малшының  өмірі бұралқы иттің өмірімен бірдей екенін , жылы үй мен жылы сөзге зәру жанның  аянышты кейпін шынайы түрде сипаттайды

Ақынның «Менің өмірім» атты шығармасында  ол өзі туралы былай деген :

Жасым жиырмадан асты. Шарықтап көтерілген ақындығым ,халықты қатықтай ұйытқан жалынды жырым мені жұбата алмады.Мені оқпаны кең тілегімнің   қойны бос жатқандай еді.   Қатар жатқан қырғызды көруге құстай талпындым. Сонда қырғыз манаптарының бірі:

Жамбыл, ханды мақтағалы келдің бе,боқтағалы келдің бе ? –деді.

 Мен : –Екеуі де емес,-елдің мүддесін жоқтағалы келдім ! -дедім.

 Осы сөзден жыршының бар арманы халықтың мүддесін қорғау екені байқалады.Бір ғасыр жасаса да , мұқалмас жырдың наркескені  -шекпенділерге бас имеген ұлы тұлға. Сөйтіп , өзі өмір сүрген қоғамды барынша  жырлап қоймай ,қазақтың өткеніне қайырылып, ұлт батырлары жайында тамаша тарихи құнды дастандар шығарды. Елбасының өзі де «Алатаудың аясында ,ғажайып табиғаттың саясында , ән мен жырды үкілеген ортада туып-өстік.Сүйінбай ,Құланаян Құлмамбет ,Жамбыл жәкем, Үмбетәлілердің қанды ерітіп ,сүйекті балқытқан  тірі сөзін құлағымызға құйып өстік» ,-деген сөзі соның куәсі.

         Ұлы Отан соғысы жүзге жақындаған қарт Жамбылдың  қолына  қалам алғызды   және майдангерлерге  жалынды жырларымен  демеу   берді.  Соғыс халық басына туған нәубет  екенін  ұққан   ақын «Кеңес жауынгерлеріне »  атты өлеңінде :

 Белдескен жаудан таймаған ,

Жанары оттай жайнаған

Жүректе кегі қайнаған ,

Фашистерді қиратып ,

Оқпен қуып айдаған .

Алғалап қылыш қайраған.

Кызыл әскер ұлына

Кәрі ақын жырын сайласын  – деп,   рух  береді .

  Жамбылдың  ұлы Алғадай  да соғысқа  аттанады. Соғыс кезінде ерлік көрсеткен ұлын ақын мақтанышпен тілге тиек етеді. 

«Балама хат»  өлеңінде :

Хатыңды ,ботам ,оқыдым ,

Халіңді білдім сапардан .

Қуанып саған отырмын ,

Гвардеец атанған .

Сұраншы ,Саурық секілді –

Болыпсың ,балам , қаһарман. –деп , баласының ерлігі  қазақ халқының батырлары Сұраншы ,Саурықтың ерлігінің заңды жалғасы екенін тілге тиек етті .

Жалпы ,Жамбылдың  ұлылығы  оның  тек ақындық  шеберлігімен емес, сонымен бірге  халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі іспетінде және халық ақындарының жасампаздық рухтағы  жаңа ұлы қөшін бастаған  даралығымен де өлшенеді . «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді . Оны жинап алып ,халқының қолына беру –біздің әрқайсымыздың  азаматтық борышымыз» . деген еді Сәкен Сейфуллин.

Жамбыл - жырдың толассыз бұлағы , өшпес өнегесі ,тозбайтын асылы .Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай ,қимасындай мәңгі бірге жасай береді. Халқы үшін жасаған ,   жыр сүлейі  Жамбылды  Тәуелсіз қазақ елі  де ардақтай береді , ұрпағы  есімін тәу етеді. Абайдың  ақылы,Жамбылдың  жырынсыз өскен ұрпақ уызына жари қояр ма? – деген  Елбасының сөзі   ұрпаққа  үлгі  болмақ.

Дәуір , ғасыр ,жылдар өтер ,жер  өзгерер , ұрпақ өзгерер ,бірақ  ақын мұрасы  өз бағасын жоғалтпас. Өйткені,  оның мұрасы  жыр әлемінің өшпес    мұра болып қалады.

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз