Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ ТАНЫҒАН ТҰРМАҒАМБЕТ

Я, Аллам, бисмилла, деп, сөз бастайын,

Мақсатым бір қомақты жатыр алда.

Халқымның көңілінен шықсам деймін,

Мерейім үстем болып өрлеп алға.

Сөздері Тұрмағамбет бабамыздың,

Ұнайды ойдан шығып кемпір-шалға.

Мысалмен мысқыл сөздер ойдан шығып,

Ой салар әрбір сөзі балаларға.

Бабамыз өте тапқыр, әзір жауап,

Тимейді шектен шығып намыс-арға.

Сөздері мір оғындай өте жойқын,

Нысапсыз мейірімі жоқ адамдарға.

Ұқсайды, дәріс берген шәкірттері,

Көктемде бүршік жарған шыбық талға.

Ақылмен нақыл қылып айтқан сөзі

Бергісіз таңдай жұлар шекер-балға.

Ықпаған, қаймықпаған еш пендеден,

Тура сөз салған басын талай шарға.

Ойламай бастың қамын, көпшіл болды,

Қызықпай дүние қуып ақша-малға.

Сынаған өткір сөзі басшыларды,

Соқтырды қайта-қайта басын жарға.

Жолымен мұсылманның өмір сүрді,

Қанағат қылар тәуба қолда барға.

Өткізді ұзақ жылын тар қапаста,

Ұқсайды нағыз жампоз қара нарға.

Нақақтан жазалады кесті үкім,

Құлақ сап мән бермейді айтқан зарға.

Солақай саясаты үкіметтің,

Қыранды көк жүзінде қылды қарға.

Зорлыққа-зомбылыққа мойымады,

Шыдады көрген небір азаптарға.

Көтерді нардың жүгін қайыспады,

Ұқсайды күш иесі алыптарға.

Тіліне берген Егем дарындылық,

Тыңдаңдар баба айтқанын назар салда.

Нақпа-нақ жаздым бұрып-бұрмаламай,

Бұл жырды бір қарап шық қолыңа алда.

Ұқыптап сөз маржанын зердеңе түй,

Қатардан қолдан келсе кейін қалма.

Түсінсең асыл сөздің құдіретін,

Сорпа ішіп тойғандайсың жая-жалға.

Рухы бабамыздың ырза болар,

Бұл жырды оқып ғибрат алғандарға.

Бір туар Тұрекеңдей асылы бар,

Нұр жаусын қазақ деген тарландарға,

Қайсарлық, қажырлылық қазаққа тән,

Ұқсаған түз тағысы, арландарға.

Берерін Жаппар Егем тоқтатпасын,

Кем-тарға қарап назар салғандарға.

Демесін қолтығынан жарбол Алла,

Сауапты игілікті іске барғандарға.

Тілеймін ұзақ ғұмыр, зор денсаулық,

Елеусіз, ескерусіз қалғандарға.

Қазақтың мәртебесі биік болса,

Ағайын бұл жалғанда арман бар ма?

Еске алып ертеректе болған жайды,

Сыр ашып Тұрмағанбет баба жайлы.

Әңгіме, өлеңдерін жинастырдым,

Шығарған тапқырлығы аспанға Айды.

Есімнен жүруші еді шықпай көптен,

Жарқын күн туды бүгін нұрын төккен.

Естіген-білгеніме қосымша боп,

Тың дерек шықты біраз Қасарбектен.

Ел аузынан жинадым біраз дерек,

Жаратқан оңды қылсын өзі демеп.

Айтқан сөз өлеңдерін жария етем,

Қолдасын Тәңір Ием желеп –жебеп.

Ал енді қағаз алда, қалам қолда,

Қаламым сүрінбесін ұзақ жолда.

Сөздері міне бүгін бостандықта,

Шыға алмай жатты бұрын темірторда.

Қанағат қылған бабам қара суды,

Қара бет, масқара еткен талай қуды.

Бабаның сөздерінің жарық көрер,

Қазаққа міне бүгін күні туды.

Ассалаумағалейкум елім-халқым,

Ардақтап, дәріптеген дәстүр-салтын.

Ерекше мір оғындай, алмас қылыш,

Қазақтың әрбір сөзі Жауһар-Алтын.

Баурайды ұшқыр сөздер бар адамды,

Тәңірім аман етсін айналамды.

Төрт қатар өлеңіне сиғызады,

Ұшы жоқ, қиыры жоқ бар ғаламды.

Дәстүрден, сыйластықтан мен аспаймын,

Кідіріп кібіртіктеп еш саспаймын.

Баба жайлы естіген білгенімді,

Тыңдаңдар Алла қосса мен бастаймын.

Қазақтың берекесі өрлеп алға,

Думанды жарқын күндер жатыр алда.

Шарықтап өркен жайсын қазақ халқы,

Жар болып құдіретімен демеп Алла.

Ел тиыш, жайма-шуақ  жайлы заман,

Дініміз қуат алған есен-аман.

Бар пенде бір атаның баласындай,

Нұр шашып елжірейді бүкіл ғалам.

Шалқыған суға толы өзен-көлі,

Жағада ойнақтайды малдың төлі.

Шүйгін шөп, қалың құрақ жердің беті,

Мыңқырған малға толы ылди-өрі.

Көлдері үпір-шүпір балық тулап,

Қаз қонып, үйрек ұшып, құстар шулап.

Жарысып күн ұзағына құлынмен -тай,

Барады қызықпенен өмір зулап.

Ерекше қойған алға мақсат-талап,

Жұмыла бірлікпенен бүкіл алап.

Жайдары, жайма-шуақ сәтті күні,

Ізтілеу ұлды болды Алла қалап.

Мың сегіз сексен екінші жыл шілде айы,

Аллаға шүкір жақсы елдің жайы.

Жержаннат Сыр бойының жайлауында,

Қазақтың туды оңынан күнмен-айы.

Таң алды дүрліктіріп бүкіл елді,

Ізтілеу отбасына перзент келді.

Алладан сұрағанның бүйірі шығар,

Тілекті жан Егемнің өзі берді.

Ерекше дүниеге келді бала,

Қарайды сәбиге әке назар сала.

Сүйінші бір-бірінен сұрап жатыр,

Тарады жақсы хабар айналаға.

Дүниенің сәтті күні ашты есігін,

Жақындар даярлауда тал бесігін.

Аман-сау тұрсын деген мақсатпенен,

Қария Тұрмағанбет деп қойды есімін.

Баланың болатындай жүзі жарқын,

Бөлердей қуанышқа елін-халқын,

Атаға Қыдыр Баба берген аян,

Әр істің айырардай ара парқын.

Анасы перзентіне күлімдейді,

Көзіне Сырдың сұлу гүліндейді.

Құлпырып күннен- күнге келеді өсіп,

Әлсіздік, баяу қылық білінбейді.

Жасқа кеп неше түрлі қылық ашты,

Аяғын апыл-тапыл тәй-тәй басты.

Тәмпиіп танаулары қысқа мойын,

Кең маңдай, жұқа ерін, қиғаш қасты.

Екіде екі аяққа кәміл мінді,

Оң-солын ажыратып анық білді.

Сөздері әрбір айтқан шекер балдай,

Сайратты бір Алла деп қызыл тілді.

Үш жаста зыр жүгірді тыным таппай,

Көңілді көп сөйлейді ауыз жаппай.

Жалғыз ұл ерке тотай, емін-еркін,

Өсірді-мәпеледі қолдан қақпай.

Зыр қағып әне-міне төртке келді,

Әкемен асты асу, небір белді.

Танысып жақын-жуық, ағайынмен,

Аралап тамашалап қайтты елді.

Дегенше  әне – міне келді беске,

Өткен күн қызығымен қалды есте.

Құлпырып гүлдей жайнап келеді өсіп,

Тоқыған ұқыппенен шебер кесте.

Алтыға келді міне күліп ойнап,

Асыр салып бір тыным жоқ салып ойнақ.

Қозымен –лақ қайтарып, ертелі кеш,

Толғанып бас қатырмас әріні ойлап.

Таныды жеті жаста оңын-солын,

Жаратқан мақсатына жеткіз қолын.

Ақ қылып періштенің көкірегін,

Мейірімді Жалғыз Алла ашсын жолын.

Сегізде толыққандай ақыл-есі,

Кем емес сабыр-қуат, өнегесі.

Туымы-тумысыда елден ерек,

Қатардан артық болсын несібесі.

Тоғызда мешіт барды білім қуып,

Сеніммен болашаққа белін буып.

Жолыңды Алла өзі оңғарсын деп,

Тілеуін тілеп қалды жақын-жуық.

Сыйынып Жаратқанға буып белді,

Қашыққа дос-жаранды, тастап елді.

Атағы көпке мәлім өзі «Ахун»

Ізтілеу Алдашбайға алып келді.

Оқытып-тәрбиелеп беріп бағам,

Сламға берсін қуат бір Жасаған.

Баламның болашақтан үміті зор,

Сүйек мендік, еті сендік бердім саған.

Бір Алла ашсын ынта-ықыласын,

Қырандай жайсын керіп кең құлашын.

Тілейді ел денсаулықпен ұзақ ғұмыр,

Құдірет төксін нұрын ықыласын.

Жаратқан қиын емес десе берем,

Мейірімі мұсылманға өте ерен.

Жоғарғы «Ахун» деген атағы бар,

Білімі ұстазының өте терең.

Шыңдауға, тәрбиелеп білім беріп,

Ұстаздың ақ жүрегі тұрды еріп.

Ғаламның құпиясын ашар еді,

Бергенін Егеміздің алса теріп.

Сәтті күн «Әліппе» -ні кетті бастап,

Еркелік, балалықты артқа тастап.

Ынтасы, зейініде елден ерек,

Жатады кітаптарын басқа жастап.

Шүкірлік жаман емес аяқ алыс,

Баспайды екі аяқты шәлкем шалыс.

О, тауфих «Ә» дегеннен оза шапты,

Сенімді болмайтына кейін қалыс.

Кітаптан көз алмайды ұзақ күнге,

Назарын аудармайды жөнсіз үнге.

Зердеге тоқып жатыр оқығанын,

Сәл ғана көз іледі ұзақ түнге.

Қадірлі сүрелерді жатыр жаттап,

Алланың жазуынан кетпей аттап.

Шеберлер тасқа қашап жазғандай-ақ,

Қалады оқығанын есте сақтап.

Көңілінен ұстазының тұрды шығып,

Сескеніп, кібіртіктемес ешбір ығып.

Ата-ана, өскен орта еске түссе,

Алады көздің жасын сығып-сығып.

Жарқын күн өтіп жатыр қалар есте,

Әлме-әл туған ауыл түсіп еске.

Бар мақсат болды алда оқып-тоқу,

Бел буды елді ойлап өкінбеске.

Ұшталды Алдашбайдан тәлім алып,

Қырағы, мүлт кетпейді көзі шалып.

Құранға түсіп кетті алдақашан,

Басқалар жүргенінде өліп-талып.

Қаридай аяттарды білді жатқа,

Ұстазын қалдырмайды жаман атқа.

Қабілет, мол қасиет берген Алла,

Тұрекең қабілетті адамзатта.

Келгелі толды уақыт жылға міне,

Әр істің айырады нарқын біле.

Шағады шариғатты шемішкедей,

Көңілді әрқашанда жүрер күле.

«Құранды» толығымен алды жаттап,

Жолынан Жаратқанның кетпес аттап.

Қай кезде Аллла аузында Құран қолда

Ешқашан сөз айтпайды балағаттап.

Ірікпей тік айтады келген ойды,

Пенде жоқ Тұрекеңдей терең ойлы.

Тік мінез, тура айтар, қайтпас қайсар,

Мақсаттар алуан-алуан алға қойды.

Тасындай іріктелген терең сайдың,

Нақ өзі қолы ашық Атымтайдың.

Қабілет, зеректілік арқасында

Еңбегі қайтты міне Алдашбайдың.

Тума талант, дарынды бұл елдегі,

Тап бұндай тумас адам кез келгені.

Ақылды, ұшқыр ойлы, әзір жауап,

Ұлынан Ізтілеуді қайтты еңбегі.

Ұғады арабшаны Аяттағы,

Демейді бұны білу қаяқтағы.

Үш жылда бітіретін тапсырманы,

Бір жылда жақсыменен аяқтады.

Дем алды он күн жатып ауыл барып,

Сөйлейді көсемдердей топты жарып.

Айтқаны әділетсіз, топастардың,

Кетеді сары аяздай жүзін қарып.

Мешітке көп кідірмей келді қайтып,

Жіберген ата-ана сәлем айтып.

Тек қана оқу болды бар мақсаты,

Кетпестей жолдан шығып, енді тайқып.

Сабағын келіп бірден жалғастырды,

Алдында биік-белес мақсат тұрды.

Дүниенің тіршілігін қойып артқа,

Ілімнің ақ жолына мойын бұрды.

Талантты шәкірттердің болды алды,

Артында ұмытылмас бір жыл қалды.

Ізтілеу Құдай деген кісі еді,

Орташа шаруа еді емес малды.

Топ бастар басшысындай жүр саяқтың,

Шәкірті дей көрмеңдер бұл қаяқтың.

Мешіті Сыр бойында Алдашбайдың,

Күшімен салынып  еді Шораяқтың.

Тұрекең тәлім алар бұл мешітте,

Балаған бұл орынды тал бесікке.

Орыны Тұрекеңнің төрде болса,

Талайлар бедел болмай жүр есікте.

Оқудан босамайды, бас алмайды,

Еңбексіз ешбір нәрсе жасалмайды.

Болмаса жүрегінде Жаратушы,

Пейіштің есігінде аша алмайды.

Сенімді өз-өзіне топты бастап,

Шықты алға білгіштерді артқа тастап.

Шәкірт жоқ бұл маңайда шаңына ерер,

Жатсада он жыл бойы кітап жастап.

Нығайтты халықпенен жақындықты,

Өзіне серік етті ақындықты.

Тапқырлық, дуалы ауыз, алмас қылыш,

Даңқынан небір мықты көрмей ықты.

Сегіз жыл Алдашбайдан дәріс алды,

Бет бұрды Бұхараға сапар салды.

Жолдама ұстазынан бата алып,

Көш-керуен жолаушымен кете барды.

Оқыды «Көкалташқа» Бұхар барып,

Шәкірттің алды болды топты жарып.

Алланың берген дарын арқасында,

Бақ қонған, О басында, Қыдыр дарып.

Жараған хас тұлпардай жібек - жалды,

Ауызынан шыққан сөзі шекер балды.

Шығыстың жарық жұлдыз, таланттысы,

Айнимен бірге оқып, білім алды.

Алланың жемісі көп десең терем,

Талпынсаң Жаппар Егем дейді берем.

Бес жылда «Көкалташты» тамамдады,

Мұхиттай шексіз-шетсіз түбі терең.

Шәкірттік қызық күндер өтіп жатты,

Айнимен тағдыр өзі жақындатты.

«Жақсымен» «Көкалташты» тамамдады,

Қолына алды сөйтіп «шатырхатты».

Бұхара қалды кейін асқаралы,

Көп болды жастық шақты тастағалы.

Оқытты Нүкіс барып балаларды,

Ұстаздық өмір міне басталады.

Оралып мешіт ашты елге келіп,

Оқытты балаларды тәлім беріп.

Билігін бір мешіттің берді қолға,

Бүкіл ел «домоллаға» отыр сеніп.

Мешітке толды бала ондап-жүздеп,

Кіл алғыр жүргендер көп білім іздеп.

Алыс-жақын ауылдан келіп жатыр,

Білім алам деушілер тізбек-тізбек.

Қазақтар батыр еді ілгеріде,

Айрандай ұйып тұрған іргеліде,

Бабамызға қиындық туғызбайды,

Араб, парсы, шағатай тілдеріде.

Асқар шың бабам шыққан ауыр-белес,

Бұлыңғыр өткен күндер болды елес,

Бұзылды баба алдында талай қамал,

Хас батыр, саңлақ десек артық емес.

Бабамыз көп шарлаған ойды-қырды,

Ал тарих бүкпеледі талай сырды.

Үкімет тыйым салған баба сөзін

Жарыққа шығарамын өлең-жырды.

Берері Жаратқанның тоқтамасын,

Оқыңдар Тұрекеңнің топтамасын.

Анайы сөздері көп арасында,

Кейбіреу қапа болып боқтамасын.

Білікті бірді, білімді мыңды жығар,

Артық сөз жігіт басын көрге тығар.

Тұрекең айтқан, жазған жыр жолдары,

Оқысаңдар түсініп ойдан шығар.

 

(Жалғасы бар)

 

Әбсалам ОМАРОВ.

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз