Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Балалардың тілін әдеби шығармалар арқылы дамыту

Саметова Рая Мақсатқызы   

Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылы

№11 балабақша меңгерушісі

                                                           

  

 

Кітап – рухани сарқылмас қазына. Кітап деген де, әр адамның түсінігі әр түрлі. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Мен қазақстандықтарға, әсіресе жастарға тағы да айтамын: Кітап оқыңыздар! Бүгінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның  білім деңгейіне байланысты.  Кітап адамды жан-жақты дамытады,  ой-өресін кеңейтеді» деуінің өзі - үлкен көрегендіктің белгісі. Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат – міндеттердің ең бастысы – салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығын, жалпы ой-өрісін дамытуда талап талғамын қалыптастыруда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы-кітап.

Мектеп жасына дейінгі баланың дүниетанымын, ой өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байыту, эстетикалық талғамын арттырып, адамгершілікке баулу ісінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Әрине, мектеп жасына дейінгі сәбилердің әдеби шығармаларды оқи алмайтыны мәлім. Олар әдеби шығармаларды тәрбиешінің мәнерлеп оқып беруі бойынша ғана сөз сырын санасына ұялатады.

Ертегі, шағын әңгіме, өлең, мақал-мәтел, жұмбақ сияқты балаларға лайықты көркем сөз жанрларының ежелден-ақ тәрбие ісінде зор көмекші екені белгілі. Балабақшада тәрбиеленбеген, әлі мектеп жасына жетпеген ауылдық жерлердің сәбилері кішкентай күнінен өз әже-аталары мен әке-шешелерінен естіген халық ауыз әдебиеті нұсқаларынан нәр алып өсетіні белгілі. Мұндай шығармаларды сәбилер қызыға тыңдайды, жылдам жаттап алады. Мысалы: «Торғай», «Бақа-бақа балпақ», «Қарғалар», «Санамақ», тағы басқалар сияқты халық өлеңдері ойнақы тілімен, қайталама сөзімен, музыкалық үнімен бөбектерді баурап, сөз өрнегіне баулиды. Сол себепті де «Балабақшада оқыту және тәрбиелеу бағдарламасында» 2 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға әдеби шығармаларды оқу, тіл дамыту жұмысы арнайы бөлім, 2-ден 3 жасқа, 3-тен 4 жасқа дейінгі балаларға халық ауыз әдебиеті үлгілерінен «Бесік жыры» сияқты ойнақы өлеңдер, санамақтар берілді. Көркем шығармаларды тыңдауға бала сәби кезінен-ақ құмартып, қызығады. Қысқа ертегі, өлең оқып берсе, тез жаттап алады. Жаттау арқылы оның тілі жетіледі. Әдеби кейіпкерлердің жақсы ісіне сүйсінеді, жаманынан жиренеді – бойын қорқыныш билейді. Сәбилерде жақсы және жаман іс-әрекет жөнінде түсінік пайда болады. Сөйлеу тілі жетіле түседі. Ал тілінің дамуы – баланың бойында қабылдай – ести білу сияқты психологиялық процестердің бірте-бірте қалыптасуына негіз болады.

Мектеп жасына дейінгі балаларға оқып беретін шығармалар, негізінен, үш салаға бөлінеді:

1) ауыз әдебиеті нұсқалары;

2) классик жазушылардың шығармалары;

3) қазақ жазушыларының шығармалары.

Осы саладағы шығармалар тәрбиешіге арналған бағдарламалық материалда нақты жүйеге бөліп берілген.

Әдеби шығармаларды оқу мен сабақты жоспарлауда мына жағдайларды өте мұқият ескеру керек:

1 Әрбір шығарманы оқып берерде баланың жас ерекшелігі, осыған

байланысты тәрбие жұмысының мақсаты мұқият ескерілуі шарт. Шығарманың лайықтысын ғана алу керек. Мысалы, сәбилер (3-4 жасар балалар) алғаш рет балабақшаға келді делік. Олардың көпшілігі әлі дұрыс сөйлей алмайды, балабақшада болатын жайттармен, ойыншықтармен әлі таныс емес. Сондықтан алғашқы үш-төрт айда тәрбие жұмысының бәрі, оның ішінде әдеби шығарманы оқып, тыңдату, көбінесе ойын түрінде өтіледі. Ол үшін ойынға негіз боларлық, суретті (суреті өте күрделі болмасын) шығармалар керек. Көлемді шығарманың лайықты бөлімінен кейбір үзінді ғана алынады.

2 Ана тіліне арналған жоспар 14-15 күнге лайықталады.

 Жоспарда қандай шығарма оқылуы керек, оған байланысты бақылау жұмысы, суреттер, ойындар нақты көрсетіледі. Әрбір ойынның мақсаты белгіленеді (білімін бекіту немесе сөздің дыбыстық жағын дұрыс айтуға жаттықтыру сияқты).

3 Оқылатын шығарма тәрбие жұмысының әр саласын қамтитын болсын. Мысалы: жануарлар, жыл мезгілдері, еңбек, мерекелер туралы және тазалыққа, ұқыптылыққа, әдептілікке баулитын шығармалар.

4 Сәбилер тобында (3-4 жас) тәрбиеші шығарманы мәнерлеп жатқа

айтып беруі керек. Бұл тұста тәрбиеші балаларды түгел бақылап отыратын болады. Тәрбиешінің шығарманы жатқа айтып беруі балаларға қызықты болады, оларды жалықтырмайды. Өйткені бала тәрбиешіні тыңдай отырып, әр сөзді дұрыс айтуға тырысады. Сәбилерге тақпақты арнайы жаттату қиын. Сондықтан тәрбиеші өзі жатқа айта отырып, шығарманың қажетті шумағын ойын ретінде қайталау кезінде біртіндеп өзіне ілесіп айтуға үйретеді.

5 Көркем шығарманы оқығанда шығарманың мазмұнына лайықты

суреттерді пайдаланған жөн. Өйткені бұл жастағы балалар өз беттерімен оқи алмайды. Ал шығарманың мазмұнын сурет арқылы жылдам түсінеді. Бала кейде кітаптың бетін ашып отырып, суреттің астына жазылған өлең жолдарын дәл тауып, өз бетімен оқып отырғандай әңгімелеп береді. Сондықтан тәрбиеші қажетті шығарманы оқудан бұрын, суретті көрсету арқылы (сәбилер үшін) әңгімелеседі. Соңынан шығарманы оқып береді. Ересек балаларға шығармаға байланысты қажетті суретті шығарма оқылған соң берген дұрыс. Өйткені шығарманы оқудан бұрын сурет көрсетілсе, балалардың бар ынтасы сол суретке ауады да, тәрбиеші оқығанда зейін қойматын болады.

Оқылған шығарманы әңгімелеп айтуға үйрету сабағының үлгі жоспарын төмендегіше құруға болады:

1 тәрбиешінің кіріспе әңгімесі.

2 тәрбиешінің әңгімені оқып беруі.                        

3 оқылған әңгіме, ертегі мазмұнын көмекші сұрақтар қоя отырып айтқызу.

4 шығарманы қайталап оқу, шығарма мазмұнын балаларға айтқызу.

Мұндайда қысқа әңгіме, ертегі мазмұнын бір балаға, көлемді шығармалардың мазмұнын бірнеше балаға айтқызуға болады. Егер әр алуан жастағы балалар аралас болса, алдымен ересек, естияр балалар әңгімелеп айтады, сәбилер тыңдап отырады.

Әдеби шығармаларды оқып, тыңдату (ересек топта), әңгімелеп беру, әңгімелету, жаттату сияқты сабақ түрлері экскурсия, бақылау, санау, музыка, бейнелеу өнері сабақтарымен байланыстыра жүргізілгені жөн. Бұл сабақтар бірінің мазмұнын бірі толықтырып отырса, тіпті жақсы.

Ендеше баланы мектепке даярлау мәселесінде әдеби шығармалармен таныстыру ерекше орынға ие екенін ескеру қажет.

Бағдарламаға сай мұндай жұмыс баланың жас ерекшелігіне қарай, сабақ мақсатына сәйкес берілетін білім-дағдылар (пән аралық байланысты ескере) бір-бірімен байланыстыра өтіледі. Осылай оқыта отырып тәрбиелеу, тәрбиелей отырып оқыту принципі сәбилер тобынан бастап (2-4 жас аралығы) баланы өзіне қойылған сұрақты түсінікті, оған дұрыс, толық жауап беруге, өзі басқаға сұрақ қойып, жауап алуға, үйрету міндеті іске асады. Осы білім-дағдыларды меңгерте отырып, тәрбиеші баланы айналасындағы адамдармен амандасу, әдепті сөйлесу, алғыс айту, жылы шырайлылық білдіру сияқты мінез-құлық әдептеріне үйретеді. Мысалы, сәбилер тобында Ә. Дүйсенбиевтің «Не деу керек?» деген өлеңінен үзінді оқығанда тәрбиеші мына мақсаттарды көздейді: өлең түріндегі шығарманы тыңдай білуге, жатқа айтуға үйрету; «рахмет», «кешіріңіз», тағы басқа ізеттілікті аңғартатын сөздерді айтуға дағдыландыру, осы сөздерді күнделікті қолдана білуге баулу, тағы басқа. Ал Қ. Мырзалиевтің «Ойыншықтар» өлеңін ересек балалар тобында оқығанда тыңдай білуге үйрету, өлеңде аталған ойыншық жануарлар туралы сұрақтар қойып, олар туралы білімдерін жетілдіру қажет.

Балабақшаға бармас бұрын да бала әр алуан білім-дағдыларды меңгереді. Бірақ көрген-білгені жайлы айтып беріп, салыстыра алмайды. Ал бала білімін жетілдіру, оқуға әзірлену – балабақша тәрбиешісінің жұмысы.

Тәрбиеші қай тақырыпта қандай шығарма оқыса да, бақылау, экскурсия, әңгімелесу, әңгімелетіп айтқызу сабақтарын өткізсе де, әр заттың, іс-қимылдың сөздік атауларын бала түсініп, дәл тани білуге тиісті.

Әдеби шығармаларды оқу, тіл дамыту жұмыстарындағы басты әдістердің бірі – сөздік жұмысын жүргізу.

Мектеп жасына дейінгі мекемелерде балалар өздігінен оқи алмайтыны анық. Сондықтан текст оқуға, әңгімелеп айтуға үйрету, көркем сөздермен таныстыру жұмысы бағдарлама талабына сәйкес тақырыптық принциптерге негізделеді. Ол принциптер – айналадағы дүниемен, қоғам өмірімен, табиғатпен таныстыру, дүние танымын, ой-өрісін жетілдіру, зейінін, қабылдауын бағдарлай білу, қабілеттерін дамыту болып табылады.

Осы мақсаттарға орай әдеби шығармаларды оқу, алған білімдерін тиянақтау, жалпы сөздік қорларын молайта отырып, мағынасы ұқсас, мағынасы қарама-қарсы сөздерді меңгерту, көрген-білгендері жөнінде (салыстыра, теңей айтуға үйрету) алғашқы ұғымдарын қалыптастыру міндеті қойылады.

Шығарма оқу, тіл дамыту жұмысында сәбилер (2-3 жасар) тобында тыңдау қабілетін дамыту, шағын өлеңді жатқа айтуға, ауызша әңгімелеп берген ертегі, әңгімелеп беруге үйрету көзделеді. Ал естиярлар мен ересектер (4-6 жас аралығы) шығарманы тыңдай отырып, оның (әңгіме, ертегі) мазмұнын жүйелі әңгімелей білуге, кейіпкерлердің іс-әрекетін түсініп, өзінше талдап, ойын қорытындылай білуге, кейбір үзінділерді жатқа айтуға, мазмұнға сай әңгіме құрауға, бейнелі сөздерді дәл тауып айтуға, өздігінен салыстыра сипаттай білуге, үйренуге тиісті.

Мектепке дейінгі кіші жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Зерек бала» бағдарламасы

           

       Пайдаланылған әдебиеттер:

      1.   «Ойнайық та, ойлайық»  әдістемелік құрал

             Астана, 2010жыл

      2. В.В Гербова,Р.А Иванкова, Р.Г Казакова

           Воспитание детей во второй младшей группе детского сада

      3.  Шығармашылық дарындылықты дамыту бағдарламасы

           «Рауан» баспасы

      4. Мектепке дейінгі педагогика  

          Астана-2012

     

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз