Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Жастар жылы қандай жаңалықтар болмақ?

Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы жарияланған жолдауы жастарды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлағандай. Cебебі еліміздің болашағы – жастарға айрықша көңіл бөліп, Жастар жылын қабылдауға ұсыныс білдіруі қоғамның ауызбірлігін еселеп арттырды.Жастар жылы кейбір айтулы даталар сияқты ұрандатып, желеулетіп өткізетін жыл емес. Түрлі форумдар мен конференция, флешмоб мерекелерінің берері қаншалықты? «Жастар жылы дегенді қалай түсінеміз, оның мақсаты не, не жасалуы керек, жастардың бүгінгі бетпе-бет келіп отырған мәселесі қандай?» деген сұрақтар бойынша терең зерттеу жүргізіп, оны саралап, нақты істелу керек жұмыстардың тізімін жасауымыз керек. Дәлірегінде, қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға кең мүмкіндік берілуі тиіс. Сондықтан да нақты ұсыныстар қабылданып, жастардың жан-жақты көмекке ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге байланысты іс-шаралар қолға алынып, нақты нәтижеге қол жеткізуін қадағаласақ құба-құп. Бүгінде 35 жасқа дейінгі жастардың көбінің басында не баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген кейбір жастардың тауы шағылып, түрлі қылмыстық әрекеттерге бой алдырып жататыны да жасырын емес. Көшедегі ұрлық-қарлық, кісі тонау оқиғалары да ара-тұра жұмыссыз жастардың қолымен жасалуда. Олардың бос сенделіп жүрмеуі үшін мемлекет тиімді бағдарлама қабылдап, соның аясында жұмыс істеген абзал. Мәселен, жас мамандардың, жас отбасылардың баспаналы болуын тездететін тетіктерді қайта қарап, жеңілдік қарастырылса, артықтық етпейді. Себебі демографиялық ахуалға серпін беретін де – жастар. Жас отбасылар өз баспанасына ие болмайынша бала туу санын тежей беретіні айтпаса да түсінікті.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жастар креативті пікірге ие. Шыны керек, қазір жастар арасында соңғы инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жобалар ұсынып жүргендері баршылық. Түрлі жаңа технологияның игіліктерін біліп, көріп жүрген де солар. Инновациялық жобаларды халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатыстырып, арнайы грант ұтып алған жастар көп. Ал оны ғылыми тұрғыда жүзеге асыруға қаржылық қолдау қажет. Демек, мемлекет тарапынан озық идеяларға, ұтымды жобаларға арнайы қаржы қарастырылып, жүзеге асуына мұрындық болған жөн. Онсыз білімді жастар шетел асып, басқа елдің атынан шығуы әбден мүмкін. Сол себептен ғылымды дамытамыз десек, әуелі инновациялық жобаларды мақұлдау қажет.
Бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды. Мәселен, жастардың өзі бәзбір ұйымдардың қолшоқпарына айналудан сақ болғаны жөн. Әсіресе, кейбір ұлттық мәселеге келгенде салмақты пікір, ұтымды ой білдіріп, өзіндік менін жоғалтпағаны абзал. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде жергілікті әкімдіктер мерекелер кезінде жастарды тек флэшмоб сынды көңіл көтеретін ойын-сауықтық мерекелерге ғана пайдаланып жүр.
Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ендеше, Жастар жылы – жастарға арналуы керек. 2019 жыл жалаң сөз, жаттанды дүниеге құрылмай, жастардың нақты түйткілдерін шешетін жыл болғай!

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз