Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

42 жыл бойы оң қолын көтеріп жүрген адам



Мынау Амар Бхарати Баба деген кісі Үндістанда Нью- Дели қаласында өмір сүреді. 1973 жылдан бері оң қолын бір секундқа төмен түсірмеген. Тек жоғары көтеріп тұрады. Осылай жүргеніне 42 жыл болыпты. Суретке қарасаңыз, тырнақтары ширатылып, қолы ағаштың бұтағына ұқсап қалған.

Өзінің айтуынша саусақтары жан сезбейді және алақанына жабысып қалыпты. Сүйектері шіріп, тырнақтары деформацияға ұшыраған.

1970 жылға дейін Бхарати қарапайым жұмысшы болыпты. Жұртпен бірге тұрмыс кешкен. Әйелі мен үш баласы болған. Жеке үйлері, тұрақты жұмысы- былай айтқанда барлығына қол жеткізген.

Бірақ, өмірдің мәнін таба алмапты. Үнемі бір нәрсе жетіспей тұратындай көрініпті. Содан қатты ізденіске түсіп, ақыры үнділік Шива құдайына қызмет етуді ойлайды. Бір күнде жұмысын, бала-шағасын, үйін барлығын тастап ғибадатханаға барады. Онда да ұзақ отыра алмай ел кезіп кетеді. Көрінген адамға уағыз айтып, үнділік Шива құдайының қағидаларын түсіндірумен болады. Жұрт оны әулие санап үйіне қонақ етеді, тамақ береді, уағыз- насихатын тыңдайды. Былайша айтқанда, әр үйге бір қонып хан сияқты өмір кешіп жүреді.

Осылайша 3 жыл уақыт өткізеді. Бхаратидің айтуынша осы 3 жылдың ішінде жаман тәкапарлыққа ұрыныпты. Өзін әулие сезініп, өзгеге миығымен қарайтын болған. Тіпті құмарлығын да тежей алмапты. Өзінен дауа тілеп келген әйелдерге ойы кетіп, мазасы қашады. Бір күні оң қолымен бір әйелді құшақтап та алады.

Ақыры, ойлана келе оң қолын жазаламақ болады. Қолын аспанға көтеріп, ешқашан түсірмеуге ант етеді. Содан бері 42 жыл өткен Бхарати ұйықтаса да, тамақ ішсе де, тіпті дәрет алса да оң қолын түсірмейді. Кейін келе қолы жансызданып, қалыпты жағдайға айналып кетеді.




Екінші біреулердің айтуынша, Бхарати оң қолын Шива құдайына арнаған. Әлемдегі соғысты қайғы-шерді азайту үшін бір қолын құрбандыққа шалған. Оны көріп көп адам Бхаратидің ізіне ереді. Олар да қолдарын көтеріп, әлемде бейбітшілік пен махаббатты орнатамыз деп ұрандайды. Дегенмен, өз дене мүшесін құрбан ету оңай емес қой. Көбісі идеясынан бас тартқан. Қазіргі кезде Бхаратидің 3 қана шәкірті қалған. Қолын көтеріп келе жатқанына біреуіне 30 жыл, біреуіне 18 жыл, біреуіне 12 жыл болыпты.

Алғашқы 5 жыл бойы Бхаратидің қолы қатты ауырған. Жаны көзіне көрінгенде Шиваның есімін қатты айтып айқайлап, есінен танып қалады екен. Жеті жылға келгенде ол қолының не бар екенін, не жоқ екенін сезбеген. Ал, соңғы 35 жылда қолының бар екенін мүлде ұмытып кеткен.

Амардың өзі марихуана шеккенді қатты жақсы көреді. Кезінде қолы ауырған кезде де, емін марихуанадан тапқан. Оның түсінігінше Шиваға жетудің бір жолы марихуана шегіп ес- түсінен айрылу. Оның жанында жүрген адамдар да күні бойы тек марихуана шегіп жатады.

Бхарати жайлы үндістан халқының түсінігі екі түрлі. Бірі оның Шиваның жердегі орынбасары деп таниды және құрбандығы таңқаларлық дүние. Ал, енді бірі жарымес қаңғыбас деп біледі. Олар үшін бір қолын көтеріп, нәпсісін қинау нағыз ақымақтық.

Бірақ, кім не айтса оны айтсын, Бхаратиді көруге жер- жерден туристер ағылып келеді екен.

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз