Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

МЕКТЕПІШІЛІК КУРС ЖАЙЛЫ МЕНІҢ ОЙ ТОЛҒАУЫМ


 

Елжасарова Айгүл Сүлейменқызы,

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы  

«№41 М. Шоқай атындағы орта мектебі» 

коммуналдық  мемлекеттік мекемесі директорының

 оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп тренері

 

          Жаһандану үдерісінде ұлттық экономиканың басымдықтары табиғи қорлар мен жұмыс күшімен емес, жыл санап елдің бәсекеге қабілеттігі  артып отырған білім және ғылыми инновациялармен бағалануда. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарында көш түзеп, білім деңгейімізді де соған сай ету үшін қазіргі таңда Қазақстанда білім жүйесін реформалау үдерісі жүруде. Оқушыларымыздың ХХІ ғасырда өмір сүруге қажетті дағдыларды игеруі үшін мұғалімдерге қойылып отырған талап та өзгеше. Ол үшін ұстаздар қауымы өз білімін үздіксіз жетілдіріп, өз тәжірибелерін бір- біріне үйрете отырып, бір- бірінен үйренуі қажет. Осы бағытта «Тәжірибедегі рефлексия» атты жалпы білім беретін мектептердегі педагог кадрларды кәсіби дамыту бағдарламасының маңызы зор. Бағдарлама педагог кадрларға оқушылардың шығармашылық, зерттеу, сын тұрғысынан ойлау, логикалық ойлау және проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға көмектесетін педагогикалық әдіс- тәсілдерді меңгертуді көздейді.(1)

     Осы бағдарлама бойынша мектепішілік курсты жүргізу маған тапсырылғандықтан алдымен аудит жинау жұмысын жүргіздім. Мектеп мұғалімдерінен сауалнама алу арқылы оларды оқыту үдерісінде не толғандыратыны, осыған дейін қандай біліктілік курстарынан өткендігі, ол курстардан өз тәжірибелеріне қандай өзгеріс енгізгендігін анықтадым. Ал белгілі бір себептермен жаңа заман талабына сай біліктілік курсынан өтпеген әріптестеріміздің сабақтарына қатысу арқылы олардың қандай әдіс- тәсілдерді қолданатынын білу мен үшін маңызды болды. Жинаған деректерді саралай отырып, мектепішілік курсқа 16 мұғалімді іріктеп алдым. Бұл мұғалімдердің басым көпшілігі іс- тәжірибелері мол, бірақ өзгеруді қаламайтын зейнет жасына жақындаған мұғалімдер  немесе отбасы жағдайына байланысты біліктілікті арттыруға асықпайтын мамандар және еңбек жолын жаңа бастаған жас мамандар болды.

 Сындарлы оқыту теориясына негізделген деңгейлік курстан алған теориялық білімім мен мектеп тренерлері курсындағы  тренерге тән дағдыларды тәжірибемен ұштастыра отырып мектепішілік курсты бастап кеттім. Курс барысында мен мұғалімдермен әріптес, жақын дос, құрбы ретінде жұмыс жасадым, себебі бұл мамандарды өзгермелі өмірге дайындау үшін авторитарлық әдістің жүзеге аспайтыны белгілі еді. Өз тобымдағы мұғалімдерге құрметпен қарап, олардың әрқайсысының пікірін білдіруге мүмкіндік бердім және басқаларды да тыңдай білуге үйреттім. Олардың топтық тапсырмаларға түгел тартылуын бақылап, түрлі бағадау әдістері арқылы қолдап, ынталандырып отырдым.

 Күнделікті сабағыма тиянақты дайындалып, теорияны түрлі әдіс- тәсілдермен беруге тырыстым. Бір байқағаным, мұғалімдерге арналған нұсқаулықтағы теориялық материалдарды меңгеру қиындыққа соқты. Өздігінен оқуда ештеңе ұқпаған әріптестеріміз де табылды. Ал жұптық, топтық  оқуды пайдалана отырып, бір- бірімен диалогке түсу, қызу талқылау (ол талқылауға өзім де араласу) нәтижесінде теориялық материалды меңгерту жеңіл болатынын ұғындым және бұл қағидатымды курс соңына дейін ұстандым. Әріптестерімді жалықтырып алмай үшін әрбір сабақта әдіс- тәсілдерді түрлендіріп отыруға тырыстым. Мұғалімдерді осы бағдарлама бойынша не алғандығы, оны тәжірибелерінде қалай қолданатыны, қандай нәтижеге қол жеткізетіндігі жайлы курс соңындағы рефлексивті есеп жазуға дайындау үшін күнделікті сабақтан кейін рефлексивті күнделік жазуға кеңес бердім және рефлексияларымен бөлісіп отыру қажеттігін ескерттім. Нәтижесінде олардың рефлексиялары арқылы күнделікті сабағымның қалай өткендігі, оларға не бере алғанымды біле отырып, келесі сабағымды жоспарлап отырдым. Оқушыларды өзгермелі өмірге дайындаудан күтілетін нәтиже үдесінен шығу үшін мұғалімдерді оқулықпен шектеліп қалмауға үйретуде олардың АКТ құзырлығын дамыту, интернет материалдарын тиімді пайдалану, қажетті сайттармен жұмыс жасай білу дағдыларын қалыптастыруға тырыстым. Нәтижесінде мүлде компьютерді қолдануды білмейтін мұғалімдер электронды поштамен жұмыс жасау, әдістемелік нұсқаулықтағы қажетті сайттарға кіріп, материалдарды іріктеу, презентациялар дайындауды үйренді.

Мектепішілік курс нәтижесінде мен курсқа қатысушы әріптестерімнің бойында оқыту үдерісін жоспарлау, оқушыларды оқу үдерісіне тарту, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту, оқушыларды тиімді түрде жүйелі бағалау және АКТ құралдарын тиімді қолдану дағдаларының қалыптасқанын байқадым.

Ал «Тәжірибедегі рефлексия» бағдарламасы бойынша жүргізген мектепішілік курс маған не берді?

Аз да болса мектеп тренері ретінде тәжірибе жинақтадым. Курс тыңдаушыларымен тиімді қарым- қатынас орнатуды, әрбір сабаққа жаттығулар мен ресурстарды лайықты іріктей білуді, оқыту әдістері мен тиімді тәсілдерді ұтымды қолдануды үйрендім.

Білім мазмұнын жаңарту дәуірінде мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруда «Тәжірибедегі рефлексия» бағдарламасының тиімділігін ерекше атап өткім келеді және алғашқылардың бірі болып, мектеп тренері ретінде осы бағдарламаның жүзеге асуына өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын.

 «Білімді игеріп, оны өмірде қолданбаған адам жерін айдап, дәнін сеппеген дихан секілді» деп ұлы ғұлама Сағди айтқандай, білім берілумен ғана емес, оның өмірде қолданылуы, пайда әкелуімен маңызды. Ендеше әріптестерім «Тәжірибедегі рефлексия» бағдарламасы бойынша мектепішілік курстан алған білімдерін оқу мен оқыту үдерісінде тиімді қолданып, оқушылардың білім сапасының артуына өзіндік үлес қосады деген сенімдемін

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз