Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ОҚУШЫЛАРДЫҢ КОММУНИКАТИВТІЛІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ДАМЫТУ


 

Ізбасқан Ләззат Шманқызы

Қызылорда облысы Қазалы ауданы  С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің директоры

 

Аннотация 

                Бүгінгі білім беру жүйесіндегі басты талаптардың бірі  – мемлекеттік  тілді оқытуда  отандық және халықаралық озық үлгілерді, тиімді әдіс-тәсілдерді жүйелі пайдаланып, оқушылар бойында тілдік дағдыларды қалыптастыру қажет.  Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқыту мақсаты – оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту арқылы ана тілін қадірлейтін, оның қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, тілдік нормаларды сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету. Оқушылар пәндік оқу арқылы қоғамға араласуға қажетті жазылым, айтылым, тыңдалым, оқылым дағдыларын дамытады. 

Түйін сөздер жаңартылған білім беру мазмұны, тілдік дағды, тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым

Жаңартылған білім беру бағдарламасының алға қойған мақсаты – оқу бағдарламасының құрылымын, ондағы материалдардың күрделілігінің өсу ретін, мазмұны және мақсаттарымен танысып, педагогикалық тәсілдерді түсіне отырып қолдану, оқу мақсаттарына қол жеткізуде критериалды бағалау жүйесін тиімді пайдалану арқылы оқушылардың тілдік дағдыларын қалыптастыру. Бүгінгі күні Қазақстандық білім беру жүйесіндегі жаңғырту мен инновациялық үдерістердің жалғасуына  ықпал етудің маңызды факторының бірі – мұғалімнің кәсіби шеберлігі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан Халқына Жолдауында: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп көрсетті [1]. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама болып табылады.

Жаңартылған білім беру мазмұнында тілді меңгерту – мемлекеттік тілді сонымен қатар туыстық, достық және бауырмалдыққа баулудың басты шарты болып табылады.  Сабақты қайтсек тиімді өткізуге болады? деп ойлана келе, тренинг кезінде берілетін сұрақтарға қандай да бір өзгерістер енгізу, идеясын екінші біреумен бөлісуді қалайтын тыңдаушылардың қабілетін одан әрі ашу, «ішкі уәжін» ояту, серіктестерімен ой бөлісуге тарту қажеттігі іздестірілуде.

Негізінен жаңартылған білім беру жүйесі – құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, ақпараттықкоммуникациялық технологияны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке және жұппен, топта жұмыс жасай білу. Жаңа білім беру бағдарламасы сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықпен әрекет етуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін белсенді оқыту әдіс-тәсілдерін меңгеруге (бірлескен оқуға, модельдеуге, бағалау жүйесі игеруге, бағалаудың тиімді стратегияларын пайдалана алуға) үйретеді. Жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес, қазақ тілін оқытуда жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы білім беру мәселесі басты назарға қойылып отыр. Қазақ тілі пәнін әрі тартымды, әрі қызықты, әрі сапалы болуы әр пән мұғалімдерінің өзіне, білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты. Оқу-тәрбие негізі – сабақ. Сондықтан сабақ тартымды, әсерлі,мақсатты, айқын, қызықты және толық мәнді болуы тиіс. 

Мұғалімдердің пайдаланатын оқыту әдісі (яғни, педагогикалық әдістемелер) оқушыларды оқытудың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз ету үшін маңызды. Хэтти (2011) білім беру шараларының оқушыларға әсерін талдау үшін жүргізілген 60 155 педагогикалық зерттеу аясында 9000-нан аса метаталдау әдісін пайдаланды. Олар мұғалімдердің педагогикалық шеберлігі алдында қол жеткізген жетістіктерден кейін оқушылардың алға жылжуына айтарлықтай септігін тигізетінін дәйекті түрде көрсетті. Мұғалімдер пайдаланатын әдіс оқудың тиімділігіне елеулі әсерін тигізеді.

Белсенді оқу оқушының мұғалімді енжар тыңдап қана қоймай, белсенді жұмысқа тартылуын көздейтін оқыту және оқу әдістерінің бірі болып табылады. Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі сабақтарда  топтық және жұптық жұмыстар, рөлдік ойындар мен дебаттар қолданылады. Қызметтің мұндай түрлері оқушылардан өздері тапқан ақпаратты талдау және түсіндіру үшін зерттеу және жоспарлау дағдыларын қолдануды талап етеді, басқаларды оқыту нәтижелері бойынша таныстырылымдарды, болашақта өз дағдыларын жақсарту мақсатында басқа нәтижелерді бақылауды және талдауды қажет етеді. Оқу үдерісі, өзінің табиғаты бойынша ойлаудан тұруы керек және ми құрылымында өзгерістер туғызуы керек. Ми неғұрлым белсенді жұмыс істеген сайын, оқу үрдісі соғұрлым қарқынды жүзеге асады. Хэтти (2014) біздің адам миы ақпаратты өңдеп, оны түсінуге мүмкіндік беретінін, ал мұғалімнің тоқтаусыз сөйлеуі миға шамадан тыс аса көп ақпарат «жүктемелейтіні» және ол оқушылардың қызығушылығын жоғалтуға әкеліп соғатыны, сол сәтте оқудың нәтижелілігі айтарлықтай төмендеп кететіні туралы біздің хабардар екенімізді сипаттайды. Ал белсенді оқу, керісінше, оқушылардың белсенді қызметпен айналысу арқылы мұғалім берген ақпараттың мәнін ұғынып, алған білімдерін есте сақтап, оны қолдана алуын қамтамасыз етуді көздейді. Хэттидің мидың қызметін талдай отырып жүргізген шолуы дағдыларды меңгерту шеберлігі тек іс жүзіндегі белсенді қызмет арқылы жүзеге асатынын, демек, оқушылар тек тыңдаумен айналыспай, білім алуда белсенді әрекет етуі керек екендігін көрсетеді [2]. 

Оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыру үшін оқу процесі және мұғалімнің жеке тұлғасын ұйымдастырудың үлкен мәні бар. Яғни, білім беруші мен білім алушы екеуінің арасындағы дидактикалық үдерістің барлық аспектісі педагогикалық тұрғыдан жолға қойылуы тиіс. Білім алушыны теориялық деңгейде оқыту үшін арнайы бағдарлама мен білікті мұғалім қаншалықты қажет болса, соншалықты оқу танымдық қызметін шебер ұйымдастыруға болатыны сөзсіз. 

Оқушылардың теориялық ойлауын дамытуда олардың «жаңашылдық сезімдерін» ұштау, «шығармашылық қабілеттерін» дамыту, «соны шешімге» келудің психологиялық және логикалық жолдарын, олардың  ерекшеліктерін үйретудің маңыздылығы зор.

Оқушыларды ынталандырудың педагогикалық аспектілерінің бірі – қызығушылық екендігін ғалым Абыканова Б.Т. өз ғылыми жұмысында терең зерттеп көрсеткен [3]. Бүгінгі күні әлем қарыштап дамыған сайын, қоғамда білім алушылардың ой-түйсігінің қабылдауы, білімге деген қызығушылығы, танымдық көзқарасы өзгере түсуде. Сондықтан, білім алушыларды оқуға қызықтыру, назарын аудару, ынталандыру, шығармашылық қасиетін дамыту білім беру ісінде өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Мектептегі әрбір пән сауаттылығы мен сөз байлығын, айналасындағы адамдармен еркін қарым-қатынасқа түсу қабілетін дамытатын ерекше пән болуы керек. Сондықтан, бұл пәнді тартымды жұмыстармен қызықтара білудің маңызы зор. Оқушылардың оқуға қызығушылығын ояту мақсатында педагогикалық ойындар, «Фантастикалық елестету» әдісі, «Мәселелі тапсырма» әдісі, «Таң қалдыру» әдісі, «Ертегі желісімен жаттату» әдісі, т.б. қолданылады (сурет 1). Бұл әдістердің оқушылардың психологиясына тигізетін әсері көп, сабақ кезінде балалардың ортамен қарым-қатынасы кеңейіп, таным қабілеті өсіп, мінез-құлқы қалыптасады, әдістің сан алуандылығы балаларды достыққа, адамгершілікке, тапқырлыққа, шапшаңдыққа баулиды. 

Оқушыларды ынталандыру, белсенділіктерін арттыру оқытудың әдістері мен стратегиялары немесе технологияларға негізделуі тиіс. Олардың бірқатары мыналар:

«ОЙЛАН, ЖҰПТАС, ТАЛҚЫЛА» (Kagan, 1997).  Ой шақыру стратегиясының негізгі түрлерінің бірі. Итермелеу, ояту сатысында мақсатты жақсы көрсетеді, себебі кез келген  оқушыға өзінің алғашқы білетіндеріне  оралып, оның ішінде осы түсінік пен сөзге қатысты білетіндерін таңдап алуға мүмкіндік береді. Өзінің тізімін жұбымен бөліскенде, көбірек сөздер мен идеялар алуға көмектеседі, сонан соң топта талқылау, соңғы тізімін нақтылау үшін қажет, мәнсіз деп есептелген керексіздері алынып тасталды, кейбір білімдер қосылды.

INSERT (Vaughn & Estes, 1986). Бұл түсінудің жеке меншік үрдісінің мониторинг әдісі. Әр білім алушының өзіне «мәселе жөнінде не білемін», «менде қандай күдік туды», «осы материалдан жаңа не білдім» және «жұмыс барысында қандай сұрақтар пайда болды және қандай сұрақтар ашылмай қалды» деп баға беруінің маңызды екені түсінікті. Осы төрт пункт өзін-өзі бағалаудағы кез келген сәтте өзекті.

«ПІКІРТАЛАСТАР». Оқушылармен жүргізуге өте тиімді әдістің бірі - пікірталас. Пікірталастың мақсаты жеңімпаздар мен жеңіліске жеткендерді анықтау емес, керісінше, тіпті басқаларда қарама-қайшы  пікір болса да, өз ойын дәлелді негіздер келтіре отырып, оны қорғай білу дағдыларын дамыту. Сын тұрғысынан ойлаудың тірек элементтері адамдарға қарсы шығу емес, дәлелдермен, негіздермен және дәйектемелермен идеяға толы пікірталастармен жұмыс болып табылады. Пікірталас оқушының өзінің пікірін ұстанып, негізсіз қарсы шығуды емес, пікірталасқа түскен сұрақ бойынша бір бағыты шешім қабылдауға үйретеді, өзінің келтірген дәлелдерін негіздеуге, өзінің ұстанған қағидасын қорғай білуге, өзінің идеясын нақтылай білуге үйретеді.

«ҚҰРЫЛЫМДАЛҒАН ШОЛУ» (Ausubel, 1968). Сабақ басында оқушыларды ынталандыру үшін және алдағы мәселемен таныстыруға дайындау үшін тірек түсініктермен таныстыру үшін қысқаша лекция немесе кіріспе сөз. Егер осы сабақтағы материалдан өткен сабақпен байланысы аз болған жағдайда, бұл стратегия өте қажет болып табылады. Сөйлеуге 5 минут қана уақыт бөлу керек.

«СЕМАНТИКАЛЫҚ КАРТА» (Heimlich, 1985). Оқушылардың тірек-терминдері арқылы олардың ассоциацияларын анықтауға бағытталған графикалық органайзер болып табылады.

«ТЕРМИНДЕР АРҚЫЛЫ БОЛЖАУ». Білім алушылардың оқығалы отырған тақырыптарын болжауға итермелеуге бағытталған тәсіл.

«БАҒЫТТАЛҒАН ОҚУ» (Stauffer, 1969; Gunning, 2000). Білім алушыларды оқу барысында сұрақтар арқылы түсінуге бағыттайтын стратегия. Оқушылар оқу үрдісін әр мағыналы абзац сайын тоқтатып отырады. Оқытушы тақырыпты алдын ала мағыналы бөліктерге бөлу керек. Сонан соң оқытушы түсінуге бағытталған әр үзінді бойынша, әр бөлікті оқығанға дейін немесе оқыған соң  қойылуы мүмкін сұрақтар ойластырады.

«ИДЕЯЛАР ЖИНАУ». Тақырып бойынша сұрақтар қою – ой шақыру тәсілінің бір түрі және сонымен бірге, идеяларды тез жинау әдісі болып табылады. Бұл стратегия оқушылардың алдағы талқылауға арналған тақырып бойынша бұрынғы алған біліміне шолу жасауына мүмкіндік береді. Сабақ соңында білім алушылар қорытынды сұрақ қояды, оқытушы сұрақтарды жинайды және бұл келесі сабаққа тамаша мүмкіндіктер береді және материалдың қалай және қаншылықты меңгерілгені туралы маңызды диагноситикалық ақпаратпен қамтамасыз етіледі.

РАФТ (Santa, 1988). Әртүрлі тақырыпты тәжірибеден өткізіп, әртүрлі аудиторияға бағыттап, әртүрлі мақсатта жауап беріп және тақырыпты таңдай отырып, оқушылардың жазу дағдысын дамытуға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, РАФТ – дегеніміз – бұл Рөл, Аудитория, Формат (қалып), Тақырып. Бұл, іс-әрекеттің жазбаша нысаны әдетте, сабақтың, нұсқалау сатысында қолданылады. Іс-әрекеттің бұл түрі оқушылардың қызығушылығы мен сұрақтарына бағытталып құрылған. Жасанды жұмыстарға қарағанда, бұл жұмыстың маңыздылығы – ол түпнұсқаға сәйкес болып келеді.

«ЖИГСО» (Slavin, 1994). Оқушылардың бірін-бірі оқытуда көмектесуіне арналған жұмыс түрі. Бұл жұмыс білім алушылар зерттеу жүргізгенде немесе мәтінді оқыған кезде пайдаланылады. Сондықтан, оқытушыдан алдын-ала нақты дайындық талап етіледі, тапсырмалар жеке қағаздарда жазылуы тиіс. Мұнда әрбір оқушы материалды толық меңгереді. Материалдың өзі қарастырған бөлігін түсіндіргенде, олар сарапшы бола алады. Олардың әрқайсысы басқадан үйреніп, басқаны үйретуде белсенді рөл атқарады.[4]

Қорыта келе жаңартылған бағдарлама негізінде мектеп пәндерінде тілдік дағдыларды дамытуды жүзеге асыру арқылы оқушылар өз түсінігін кеңейте отырып, өзінің ой-пікірі үшін жауапты болуға үйренеді. Оқушылар өзіндік көзқарасы мен пайымдауын қалыптастырып, дамытуға,  мұқият  зерделеуге  және  өз  ойын сенімді айта білуге дағдыланады.

Білім  мазмұнындағы жаңартулар мен  өзгерістер – еліміздің алға қойған мақсаттарға  жетудегі  негізгі  бағыты болып табылады. Бұл жүйеде педагогтердің қызметіне үлкен жауапкершілік пен асқан табандылық қажет болады. Жарқын болашақтың, жасампаз істердің  бастапқы  негізі  болып  табылатын  бұл  өзгерістер  қазақстандықтарды  серпінді дамытуға өз үлесін қосатынына сенім білдіремін.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі: 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жылғы 10 қаңтарhttps://www.akorda.kz/. 

Қазақ тілі пәні бойынша оқу бағдарламасы. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, ҚР Жалпы орта білім беретін мектептері, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп құрастырған. 3-кезең. 2014.  

Абыканова Б.Т. Компьютерлік технологияны пайдалану арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттырудың дидактикалық шарттары. / пед.ғ.к. – дисс. – Алматы, 2005. – 143 б. 

Әлімов А.Қ., Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері. Оқу құралы.  – Алматы, 2013. 

Жаңа формациядағы педагогтың жеке элитарлы тұлғалық үлгісімен іс-әрекетінің  психологиялық 

ерекшеліктері // «Педагогика және психология» атты ғылыми-әдістемелік журнал. №1  – Алматы, 2009. 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз