Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

СУИЦИД ПРОБЛЕМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

                    

Утелбаева Жадыра Умирбековна

Қазалы ауданы  С.Сейфуллин атындағы

 №165 орта мектептің педагог-психологы

Аңдатпа 

Бұл мақалада суицид проблемасы, ресми органдардың  өзіне-өзі қол жұмсау деректері, суицидальді мінез-құлқы бар балалардың ерекшеліктері, суицидальді мінез-құлықтың  типтері туралы: 1) протест; 2) жанашырлыққа  шақыру; 3) қайғыдан  қашу; 4) өзін-өзі  жазалау; 5) өмірден  бас тарту  және  суицидтің себептері туралы айтылады. Суицид түрлері:  шынайы суицид, жариялы суицид, жасырын сиуицид түрлеріне сипаттама беріліп, суицидентке алғашқы психологиялық көмек көрсету әдістері: уақтылы диагностика және суицидентті тиісінше емдеу; депрессияға шалдыққан адамға белсенді эмоциялық көмек көрсету; оның жағдайын жеңілдету үшін оның жақсы қасиеттеріне жиі тоқталу  туралы баяндалады.

Кілт сөздер: суицид,  психолог,  өзін-өзі өлтіру, суицидальді мінез-құлық, стресс, шынайы суицид,  жасырын

сиуицид, жариялы суицид, суицидогенді қақтығыс, суицидент.

 

 «Суицид»  латын тілінен алынған «өзін-өзі өлтіру, өзіне қол салу» деген мағынаны білдіреді. Тағы бір синонимдік мағынасы – қасақана өз өмірін қию. Қазіргі таңда  өзіне-өзі қол салу мінез-құлқы біржақты патологиялық тұрғыдан қарастырылмайды. Бұл әрекет көп жағдайда есі дұрыс адамның  мінез-құлқы. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық деректері бойынша, жер бетiнде жыл сайын миллиондаған адам өзiне қол жұмсап, өмiрiн қияды. 19 млн адам сондай пиғылда жүредi.  Қазақстан суицидтің саны жағынан алғашқы ондыққа кіреді. Ал жыл сайын 1 миллион адам өзін ажалға қияды, сондай-ақ, шамамен 20 миллиондай жан өз өміріне балта шабуға әрекет жасайды. Олардың 8 мыңы Қазақстандықтар, яғни республикада әр сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қош айтысып жатады. Әсіресе, елімізде жастар арасындағы  өзін-өзі өлтіру оқиғалары кез-келген басқа елден үш есе көп дейді осы ұйымның сарапшылары. 

Ресми органдардың дерегі бойынша Қазақстан елдегі азаматтарының өз өмірлерін қиюы бойынша әлемде 3 орынды алады. Осыдан біраз уақыт бұрын Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы суицид бойынша әлем елдерiнiң тiзiмiн жариялады. Қазақстан қаралы тiзiмдегi төртiншi орынды иеленген. Литва, Белоруссия және Ресейден кейiнгi орынға табан тiреген елiмiзде 100 мың адамның отызы өзiн-өзi өлтiредi екен. Ал Египет, Гаити, Ямаика секiлдi елдерде мұндай қайғылы оқиға аз, тiптi, кездеспейдi де.

Халықаралық анықтама қызметінің айтуынша, заман өткен сайын, суицид дерті өршіп барады. Бір өкініштісі, суицид жасаушылардың басым бөлігі – еліміздің болашағы деп саналатын жас буын өкілдері. Мұндай қара өлімге тап болған адамдардың небары 2-5% ғана жүйке неврологиялық диспансерде тіркеуде болған.

Соңғы он жыл iшiнде жастар арасындағы суицидке ұрыну үш есеге артыпты. Оның алпыс пайыздан астамы жаз және күз айларында орын алған. Тек жастар емес, ересектердiң де мұндай «қара өлiм» жолын таңдауы отандық ғалымдарды ойлантуда.

Психолог мамандар өзiне қол жұмсаған адамдарды психологиялық күйзелiске ұшырағандардың қатарына жатқызады. Гарвард университетiнiң зерттеушiлерi медицина мамандарына өзiн өлтiрген жандардың ауру кiтапшасына диагноз қоюын сұраған. Дәрiгерлердiң тоқсан пайызы «психологиялық ауру» деп толтырған. Зерттеулер өзiн құрбандыққа шалудың 800 себебi барын анықтап, олардың 41 пайызы – үмiтсiздiктен, 19 пайызы – қорқыныштан, 18 пайызы – рухани күйзелiстен, 18 пайызы – отбасылық кикiлжiңнен, 6 пайызы – кәрiлiктен, 3 пайызы – ақша жоғалтудан, 1,4 пайызы – өмiрден түңiлуден, 1,2 пайызы дене бiтiмiнiң кемiстiгiнен болады дейдi.  

Э.Дюркгеймнің суицид теориясына байланысты адам бір проблемаға тірелген кезде немесе ол бейімделген орта немесе әлеуметтік топ одан бас тартқан кезде ол өзін-өзі өлтіруге барады деген. Әлеуметтік байланыстардың ерекшеліктерін ескере отырып ол келесі суицид түрлерін бөліп көрсетті: эгойсттік және альтруисттік. Тағы да психопаталогиялық жағдай негізінен балалармен жас өспірімдердің социолизация деңгейімен қоғамда алатын орнына байланысты да болады. Психоанализдік зерттеулер барысында суицид ол жеке тұлғаның сексуалды бұзылысына байланысты деген тұжырымдарға келді.

Өзін-өзі өлтіру оның ішкі қақтығыстарын өткізу жағдайларындағы әлеуметтік психология дезадаптация салдары деп Н.Бачериков қарастырады. Суицидогенді жағдайлар тұлғаның ерекшелігіне, оның өмірлік тәжірибесіне, интеллектісі және мінез-құлығымен анықталады. Суицидогенді қақтығыс шынайы себептер арқылы жүзеге асады. Ол тіпті сау адамда кездесуі мүмкін. Қақтығыс себептері субьект үшін ылғи да шынайы болады, сондықтан ол субъектіні ауыр уайым-қайғымен депрессияға ұшыратады. Сол проблемалардың шешілмеуіне байланысты адамдар өз-өздеріне қол жұмсауы мүмкін.

А.Г. Амбрумова суицидальді мінез-құлқы бар 770 балалармен жасөспірімдерді зерттей келе пубертантты жасқа дейінгі балалар арасында (13 жасқа дейін) - 14,4%, пубертанты жастағы балалар арасында (13-16) - 51%, пубертантты жастан асқандар арасында (17-18) - 33,8% кездеседі. Суицидке барған көптеген қыздар дәрі ішіп уланып өлсе, ұлдар асылып немесе тамырларын кесіп өледі. 13 жастағы қыздардың өзін-өзі өлтіру себептері ол көбінесе аяқтарының ауыр болып қалуына байланысты. Осы жасқа байланысты Ж.Железов бұл балалардың көбінің мінез-құлқында ауытқулары бар және олардың 70% шизофрениямен ауыратын балалар құрайды деген.

А.Г. Абрумова және В.А. Тихоненко суицидалды әрекеттің екі негізгі типін көрсетеді: шынайы әрекет және демонстративті-шантажды.

Демонстративті-шантажды әрекетте – өміріне сондай қауіпті емес әрекеттерге барады; денеде ірі веналар жоқ жерлерді кескілеу, онша қауіпті емес дәрілерді ішеді. А.Е. Личко мен А.А. Александров 14-18 жастағы жас өспірімдерді зерттей келе олардағы суицид мінезі көбінесе аффект жағдайында және ол балалардың осы жаста өте сезімтал болатындығына байланысты жиі кездеседі деген тұжырымдарға келді. Бірақ көбінесе бұл кезде балалар арасында кездесетін суицид ол демонсративті әрекет түрінде болады.

Шынайы суицидальді мінез-құлық деп тұлғаға деген шынайы немесе қиын проблемалары шешілмеген кезде өзін-өзі өлтіруін айтамыз. Ал жалған шантажды мінез-құлық деп ол адам өзі ойлаған ойын жүзеге асыру үшін, оны қоршаған адамдарға қысым көрсеткен кезде және басқалардың сезімін манипуляциялаған кезде бұл әдісті қолданады. Ол көбінесе оны ренжіткен адамның алдында жасалады. Бұнда олар өздерін өлтірмейді тек, өзінің өлгісі келетіндігін демонстрациялайды. Шантажды мінез-құлық көбінесе бала кезден пайда болады. Мысалы, Лилияны алатын болсақ ол кішкентай кезінен бастап барлығына да истерика арқылы қол жеткізетін. Ол төрт жасынан бастап-ақ дүкеннен ұнаған нәрсесін алмай кетпейтін. 13 жасында ол мен ешқашан мектепке бармаймын деп әке-шешесін қорқытқан ол музыкалық орталық саттырып алады. 15 жасында әке-шешесі оны туған күнге жібермеген үшін ол терезеге шығып өлемін деп шошытқан. Шошыған әке-шешесі оны туған күнге жіберіп қана қоймай оның қолына ақша да ұстатқан. Уақыт өткен сайын Лилияда шантажды мінез-құлық пайда болған. Өзіне қолайлы жағдайда ол өзін өлтірем деп барлық адамдарды манипуляциялау арқылы өз мақсатына қол жеткізген. Алайда, бұл «өзінөзі өлтіру ойыны» көбінесе қайғылы болып аяқталады өйткені өліммен ойнамайды.

И.П. Павлов өзін-өзі өлтіруді «мақсат рефлексін» жоғалту деп түсіндірген. Осыған байланысты ол: «Мақсат рефлексі әр адамның өмір мәні және энергия көзі. Өмір қызығы бір мақсатқа жетуге талпыну, егер сол мақсатқа жете алмаса басқа мақсатты көздеп соған қол жеткізу, қызығу, ұмтылу. Соған байланысты біздің өміріміз гүлденеді және мәндене түседі. Егер адамның өмірінде мақсат жоғалса оның өмірі мәнсіз болады. Сол себепке байланысты біз өлген адамдар артынан қалған қағаздардан, олардың өмірлерінің мәні жоғалғанына байланысты олар өз-өздерін өлтіруге мәжбүр болғандарын ұғынамыз. Бірақ адам өміріндегі мақсаттар саны шексіз...» Тек И.П. Павлов суицидке барған адамдардың ешқайсысында психикалық ауытқуы жоқ деген.

Суицидальді мінез-құлықтың 5 типі бар:

Протест.

Жанашырлыққа  шақыру.

Қайғыдан  қашу.

Өзін-өзі жазалау.

Өмірден бас тарту.

Суицидалды мінез-құлық соматикалық, психикалық ауытқуы бар, тіпті сау адамдарда да кездеседі. Сондықтан өзін-өзі өлтіретін адамдардың барлығының психикасында ауытқуы бар деуге болмайды. Медициналық статистикаға байланысты адамдардың бір жартысын ақыл-ойы кеміс адамдар, бірін жүйкежүйесі тозған адамдар, бірін мазасыз адамдар десе, енді бірін өз эмоцияларын басқара алмайтын адамдар құраса, қалған бөлігін ешқандай психикалық ауытқуы жоқ адамдар құрайды екен.

Суицидальді мінез-құлық тағыда балалар үйінде және толыққанды емес отбасында өскен балалар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар отбасы аралық қақтығыс, әке-шешесінің айырылысуына да байланысты болады. Көктем, жаз жыл мезгілдерінде сейсенбі күні суицид жасалу күні жоғары болады. Күз, қыс мезгілдерінде сәрсенбі, бейсенбі күндері суицидтің жасалуы төмен болады деп қарастырады.

Суицидальді мінез-құлық көбінесе депрессия кезінде, алкогольдік токсикомания, психопатия және аффект кезінде жиі кездеседі. Өзін-өзі өлтіруге көбінесе индивидуалды проблемалар итермелейді. Қазіргі кезде жастар өздерінің өмірлерін бағалай алмайды. Егер бір проблеманы шеше алмай жатса, олар өз өмірлерін қиюға даяр болады, өйткені олардың ойларынша олар тек осылай ғана тыныштық, уайымқайғысыз өмір және махаббат табатын сияқты. Көбінесе жасөспірімдер мен балалар жерлеу рәсімін көз алдарына елестетіп, ата-аналарының жылағандарын елестетіп, олардан өш алмақ болады.

Адам өліміне әлеуметтік жағдайлар, жалғыздық та үлкен әсерін тигізеді. Бірақ кей біреулер ұрсысып өзін-өзі өлтіретін болса, енді біреулері түрмеде отырып бостандықты аңсайды. Сондықтан қоғамда өмір нашарлаған сайын суицидте көбейе түседі.

Өз еркімен, саналы түрде өз өмірін өзі қию – өлімнің, яғни, адам өмірінің аяқталуының бір түрі. Ұлы жаратушының, одан кейін осы дүниеге әкелген ата-анасының адамға берген ең қымбат сыйы – өмірді өз еркімен мезгілінен бұрын тастап кете барудың астарында үлкен қайғы-қасірет жатқаны сөзсіз. Демек, суицид – адам жанының айқайы, өзін өлтіру арқылы  өз мәселелеріне елдің назарын аудартудың амалы. Мұндай қайғылы жағдайға тап болған жандар көбінесе терең жан күйзелісін бастан кешіп, алдағы күннен үміті үзілгендіктен, түрлі проблемаларын шеше алмағандықтан осы жолды таңдайды. Сондай-ақ, ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсаудың себептері мен түрткілері адамның өмірдің мәнін жоғалтуына байланысты деп санайды. Жан-дүниесі құлазып, кеудесі бос қалғандай аңырып қалған адам үрей мен өзін-өзі кіналауға бой алдырады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан-жарасы тереңдей түседі. Осындай уақытша қиыншылықтан шығудың жолы тек өмірмен қош айтысу деп түсініп, орны толмас қадамға баратындар жиі кездеседі. 

Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің әрбір үшіншісі қалыпты құбылыс, нақтырақ айтсақ, олар өлгісі келмейді, тек осы әрекеттерімен өздеріне назар аудартқысы келеді. Маман-дар мұның өте қауіпті құбылыс екендігін айтады. Өйткені, өз-өзін өлтіруге талпынып, аман қалған жасөспірімдердің келесі талпынысы міндетті түрде өлімге алып келуі мүмкін. Жасөспірімдер тіпті жақындарына да өзін қинап жүрген мәселе туралы айтпайды, оны жасырып жабуға тырысады. Проблеманы ашып көрсетуден гөрі, үндемей қалуды жеңіл көреді. Тіпті өз-өзін өлімге қиған жағдайда да оның себебін жазып та қалдырмайды.

 

Қазіргі қоғамдағы суицидтің себептерін атап айтсақ:

Адамдардың иманының болмауы мен өмірдің қиыншылықтарын дұрыс түсінбеуі.

Қаржылық жағдайларының әсері.

Ренжу.(бұл жасөспірімдер арасында ата-анасына ренжудің салдарынан болады).

Қателік. Өмір болған соң қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Қателік жасаған бала ата-анасынан қорқып, өлімге барады. Осы факторлар мен себептерге сүйене отырып айтсақ, балалардың бақытсыздығына, олардың өз-өзіне қол салу әрекеттеріне баруына көп жағдайда отбасындағы жайсыздықтың пен мектептегі кейбір түсінбеушіліктердің орын алуы себеп болады. Балалардың психикасы өте нәзік, жаралы болып келетіндіктен кішкентай нәрсенің өзін ауқымда проблема ретінде қабылдайды.

Адам белгілі бір нәрсеге қатты күйзелгенде және ол ұзақ уақыт бойы болғанда стрестік сезімдерге душар болады. Стресс өте ауыр психологиялық жағдайда қауіп қатер төнгенде, іс-әрекеттің өте ауыр да жауапты кезеңде, әл қуатқа және ақыл ойға салмақ түскенде пайда болады.

Жалпы алғанда, айналасындағы адамдармен  қарым-қатынасқа түсе алмайтын,  әсіресе, аяқ астынан жалғыз қалған адам қиындыққа шыдамай, өз өмірін қиюға баруы әбден мүмкін. Яғни, суицидтік үрдістерде психологиялық факторлар жетекші орын алады.  Бала жасында ашу-ыза, үрей, әке-шеше тарапынан жазалау, жанжалдар және т.с.с. жағымсыз жайттар көп болса, бірте-бірте суицидтік мінез-құлық басқа да проблемалармен қабаттасып, теріс оқиғаларды тездетеді. Өйткені, бала жаны сезімтал, сенгіш, көңіл-күйі ауытқымалы болып ерекшеленеді. Ата-ананың, ұстаздардың осы факторларды ескеруі, дер кезінде мамандарға көрсетуі өте қажет. Өйткені, психологтар суицид жасағысы келіп жүрген адамның мұндай ахуалы, мінез-құлқы әдетте уақытша болатынын айтады. Адамдардың өзін-өзі өлтіруінің  себеп-салдары көп, соның бірі – әлеуметтік-экономикалық факторлар. Айталық, кез келген елде әлеуметтік-экономикалық жағдаят нашарлаған кезде суицид оқиғалары жиілей түседі. Мысалы, Қазақстанда 1990-жылдардағы экономикалық ауыр кезеңде 100 мың адамға шаққанда суицид жасау көрсеткіші 100-ден асып кеткен (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіші бойынша, 100 мың адамға 20 адамнан келуі – қатерлі деңгей деп анықталады). Бұл кейде қарапайым тұрғындардың биліктің, әкімшілік органдарының зорлық-зомбылығына, қысастығына  қарсылық ретінде де жасалуы ықтимал. Өткен жылы өзін-өзі өртеген жасөспірімнің оқиғасы да осындай қайшылықтың бір көрінісі. Осы тұста ерекше назар аударатын бір жайт, ол – суицидке деген көзқарас. Жалпы, суицидті зайырлы қоғамның ешбірі де ақтамайды. Ислам діні өзін-өзі өлтіруді Аллаға серік қосудан кейінгі ауыр күнә деп есептейді. Адам басына қандай қиыншылық түссе де, өзіне өзі қастық жасамауы тиіс. Жүрегінде титтей де болса үміті бар адамның тығырықтан шығудың басқа жолын іздестіруі мұсылманға тән қасиет дейді хадистер. 

Сондықтан қиындыққа душар болғандарға қашанда ата-ананың, айналасындағы адамдардың қолдауы,  түсіністігі мен арнайы маманның көмегі қажет. Балаларға жай ғана киімін, тамағын тауып беру аз, олар үнемі ата-ананың жылуын сезініп, жақсы көретінін біліп өсуі тиіс. Ал әке-шешесі өз дәрежесінде көңіл бөлмейтін бала ешкімге керексіздігін түсініп, психологиялық стреске (күйзеліске) тап болады. Әсіресе, 13-17  жас аралығындағы жасөспірімдер өте әсершіл, кез-келген нәрсені жүрегіне тез қабылдағыш келеді. Түсіністік болмаған жағдайда осы жас аралығындағы балалар түрлі жағдайларға ұрынып жатады. Олардың сабаққа да құлқы болмай, өзге оқушылармен де қарым-қатынасы нашарлап кетеді.

Қазақ халқында өз-өзіне қол салу болған емес. Бұл заман өзгерісімен туындап отырған жағдай, бүгінде қарасаңыз, толық емес, сәтсіз отбасылар көп. Осының бәрі өмірді әлі толық танып білмеген, ондағы қиындықтармен күресе алмайтын бала үшін ауыр соққы. Әке-шеше ажырасты да кетті, ал баланың жайы қалай болады? Ал бұны қалай қабылдайды, осыған ой жіберіп жатыр ма? Жоқ, әрине. Осыдан келіп, баланың асыла салуы немесе жаман жолға түсуі сынды оқиғалар орын алады. Осындай отбасыларға тоқтала кетсек:

Толық емес отбасы – баланы жалғыз басты ата-ана тәрбиелеуші отбасы. Мұндай отбасындағы балалар психологиялық, моральдық, экономикалық толымсыздықты бастарынан кешіреді. Үнемі өзге отбасылармен салыстырады.   

Көп балалы отбасы – қаржылық қиындықтар туындайды. Ата-ана тіршілік ету үшін қажеттіні табуды бірінші кезекке бала тәрбиесін екінші орынға қояды. Нәтижесінде ата-аналар балаларының тәрбиесімен айналысуды мүлдем қояды. Отбасы жайсызға айналады.  Отбасы балаларының бір-біріне қарап, жауапкершілікгі артады 

Аз қамтылған отбасы – табыс көзінің деңгейі төмен отбасылар. Мұндай отбасындағы балалар әлеуметтік-психологиялық жайсыздық зардабын шегеді. 

Қатаң тәрбиені талап ететін отбасы-мұндай отбасында тәрбиеленуші балалар ата-аналарының көңіл-күйіне, эмоцияларына, физикалық ақуалына толық тәуелді болады. Бұл баланың психикалық денсаулығына әсер етеді.   

Асырауында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалары бар отбасы – мұндай отбасында тәрбиеленуші балалар психологиялық-педагогикалық көмек пен қолдауды қажет етеді. Бала бақытсыз, себебі жақындарын жоғалтып алғандарын сезінеді. Ол тірі қалу мен өмір сүруі үшін ерте есеюге мәжбүр болған жаралы жануарға ұқсайды. Бұл балада эмоциялық – психологиялық қысымды ақуал жиі байқалады, ол бұрын таныс емес адамдарға тәуелді болып қалғаны үшін қайғырады.

Дәулетті отбасы-мұндай отбасында тәрбиеленуші балалар ренжу мен құмарлыққа әуес болады. 

Суицидті мінез-құлыққа әсіресе екі жас топтары бейім болады кәрі адамдар мен жасөспірімдік және бозбалалық шақтағы жас адамдар. Жастар арасында жеке адам аралық қатынастары бұзылған: «жалғыздар», алкоголь немесе есірткіні шектен тыс пайдаланатындар, гомосексуалистер сияқты суицидальдық  рискісі жоғары жас адамдар ерекшеленеді

«Суицидтің көп тіркелу себебі, біріншіден, қоғамның бір формациядан екінші бір формацияға өтуіне байланысты болса, екіншіден, қатаң нарық пен БАҚ-тардағы адамды рухани аздыруға әкеп соқтыратын дүниелер де, жаһандану да  айтарлықтай әсер етіп отыр. Психиатр мамандардың болжамы бойынша, жүйке ауруына шалдыққандар саны қай елде де көп тіркелген жүрек-қан тамырлар ауруын қуып жетіп қалды. Суицидке әкеп соқтыратын жүйке ауруының алдын алуды мемлекеттік деңгейде шешу керек. Әсіресе жастар арасындағы суицидке баса назар аударуға тиіспіз. Себебі суицид барған сайын «жасарып» барады. Бір қуантарлығы, Үкімет психиатрия саласына да лайықты көңіл бөле бастады. Қаржы да, бұрынғыға қарағанда, көп бөлінеді. Қазір білім ошақтарындағы бағдарламаларға психология тақырыбы бойынша дәрістер енгізіле бастады.

Суицид түрлері:  Шетелдік ғалымдардың пікірінше, суицидтің үш түрі бар көрінеді. Оның біріншісі - шынайы суицид. Мұндай жағдайда адам өмірден түңіледі, үнемі көңілсіз жүреді. Өмір сүрудің мәнмаңызын жоғалтады. Ақыры өзіне-өзі қол жұмсауға бел байлайды. Екіншісі – жариялы суицид. Әдетте, мұндай жолды таңдағандар өлместен бұрын өлгісі келетіндігіне өзгелердің назарын барынша аударуға бейім тұрады. Мәселен, біреумен ренжіссе болғаны қолына суық қару немесе арқан-жіп ала жүгіріп, «өлем» деп өзгелерді үрейлендіргісі келетіндер осы топқа жатады. Ал үшінші бір түрі - жасырын, яғни құпия суицид. Бұған барғандар өзіне-өзі қол жұмсаудың жақсы еместігін, абырой әпермейтінін жақсы түсінеді. Алайда оларға тірлікте кездескен қиындықтан шығатын жол жоқ болып көрінеді. Бұған көпшілігінде нашақорлар мен ішімдікке салынып кеткендер дайын тұрады. Жасырын сиуицид. Өмірде әр қайсымыз оған тап болады екенбіз. Біреу одан өзі зардап шексе, екіншісі туысы немесе танысының әрекеттері өмірмен қоштасуға итермелейтінін көріп жатады. Бұған қандай да тыйымдар, өтініп-жалынып сұраулар болсын, айналадағылар оның спирт ішімдік ішуге, нашақорлыққа қарсы тұра алмайды. Бірақ жасырын суицид түріне алкоголь мен нашақорлық ғана жатпайды. Оған кез-келген күйреуге апарып соғатын әрекеттер де жатады. Жасырылған немесе тікелей емес суицид – бұл өз-өзіне қол жұмсаудың бүркемеленген түрі. Оның әсерінен адам өзінің санасында немесе санасынан тыс өлімге байланысты үрейі арқылы өз-өзін күйреуге әкеп соғатын әрекеттер нәтижесінде (немесе сыртқы күштер, көбінде өзі арандатып жасаған) көз жұмады.

Жасырын суициденттерді киллер, өрт сөндіруші, құтқарушы, көлікті жылдам жүргізетіндер, шылымды көп шегетіндер, өте толық адамдар арасынан табуға болады. Тірі кезінде осылар жақындарына өз қорқыныштары, күйзелуі жайлы айтпайды, сондықтан туыстары оның суицидке байланысты проблемалары бар деп ойламайды.

Өкінішке орай кәсіби психолог пен психотерапевт дәрігердің өздері жасырын суицид проблемасына көңіл бөледі деп айту қиын. Өлімнен қорқып, өзін сол өлімге жақындай түсу. Оны о дүниелік болып кеткендердің күнделіктерінен, өлеңдерінен немесе басқа әрекеттерінен байқауға болады (тірі кезінде байқауға болушы еді).

Өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары жүргінші жолда (Германияда әсіресе метрода) көп кездеседі. Тағы да жасырылған суицид. Бұл орайда батыстағы полиция қызметкерлері автоцид деген терминді қолданады. Автомобиль бұл кезде суицид жасауға арналған инструмент рөлін ойнайды. Байқаусыздан немесе жоғары жылдамдықта келе жатып, алкогольді мастануда көлікті жүргізу, әлде жолда ұйықтап қалу сияқты себептерді ж,амылып, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері де көп кездеседі.

Бүгінде, қазіргі заманғы қоғамда жастар түбегейлі қоғамдық ұстанымды еншілейді. Оның өмірлік мүдделері, талаптары, тұрмыс стилі қоғамның саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салаларындағы әлеуметтік үдерістер дамуының түп мәтінінде қаралады. Жастарды зерттеуге қатысты барлық қолданыстағы тәсілдер жас ұрпақты зерделеу мен зерттеудің әдіснамалық негіздерін тұжырымдауға мүмкіндік туғызады. Негізгі қағидаттарға, ең алдымен, тарихи-талдамалық тәсілді жатқызуға болады, соның аясында биологиялық және жас ерекшеліктерін ғана есепке алу арқылы жастарды мән мағына ретінде қарамау керек. Жастарды әрдайым нақты тарихи қоғам шеңберінде белгілі бір әлеуметтік топ ретінде бағалаған жөн. Олар қоғамның серпімді және жұмылғыш бөлігі болып табылады. Жастардың проблемаларына қатысты ғылыми тәсілдің келесі қағидатына жастар өмірінің нақты салтын талдау жатады. Бұл жастардың олардың әлеуметтік жағдайының, өмір салтының, субмәдениет ерекшеліктерінің, ділінің, құндылықты бағдарларының тек жалпы теориялық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге эмпирикалық деңгейде де зерделеуі тиіс екенін білдіреді. Жастардың қайсыбір проблемалар бойынша тек сыңар жақ жалпы идеялалар мен пікірлерге ғана сүйенуге болмайды. Ғылыми пікір талас жастардың ортасында болып жатқан нақты үдерістерді көрсетуі тиіс. Бұл зерттеудің ғылыми әдістерін пайдалануды, объективті құбылыстар мен жастардың даму жағдайларына дәл баға беруді талап етеді.

Жастар арасындағы теріс қылық реакциясына талдау жасағанда ғылыми әдебиеттерде көптеген түсініктер қолданылады: асиоциалдық, антисоциалдық, девиантты, деликвентті, аддиктивті мінез құлықтар. Оның әрқайсысы жа адамның белгілі бір мінез құлық кесіндісін, қоғамға тән мінез құлық нормаларының белгілі бір ауытқу дәрежесін сипаттайды. Олардың ішіндегі ең кең тараған жалпылама түсінік «девиантты мінез-құлық», себебі барлық әлеуметтік мінез құлықты қалыпты және девиантты деп екіге бөлуге болады.

Осыған байланысты өзін өзі өлтірудің алдын алу үшін қазіргі кезде тәуліктік сенім телефондарын қосқанда дағдарыстық қызметтер ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда жасөспірімдер құзырында күн мен түннің кез-келген уақытында хабарласуға болатын сенім телефондары жұмыс істейді, дегенмен бұл жағдай ірі қалалар көлемінде ғана қолға алынып отыр. Өзіне қол жұмсаудың алдын-алудың қазіргі кездегі салыстырмалы түрдегі формаларына орта мектептің оқушыларына (7-11 сыныптар), олардың ата-аналары мен мұғалімдеріне арналған түрлі деңгейдегі дәрістер, дөңгелек үстел, кездесулер сияқты т.б. шараларды мектеп психологтары тарапынан ұйымдастырылуды айтуға болады. Бұл алдын-алу шаралары бағдарламалары негізінен өзіне өзі қол жұмсағандардың статистикасымен, суицидтік талпыныс сипаттарымен, мекен-жай мен телефондарды көрсетумен дағдарыстық қызметтер тізімімен танысуды және көмек сұраған досты немесе отбасы мүшесін тыңдай білуге үйретеді. Осы бағытта жұмыс жүргізіп отырған Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде психология ғылымдарының докторы Р.Б.Каримова басқаратын суицидология зертханасын айтуға болады. Біздің университетімізде педагогика және психология кафедрасының жанынан  қызметкерлер мен студенттерге арналған «психологиялық жеңілдеу кабинеті» жұмысы жолға қойылған. Г.Блэйннің айтуынша, жастардың арасындағы жүгенсіздік бейбастықтық, имансыздық пен бүлікшіл көңіл күйдің өсуі отбасындағы тәрбиенің кемшіліктерінен болады.

Жастардың өмірдің әлеуметтік құбылыстарын барынша өткір сезеді және соған орай әрекет жасайды.

Суицидентке алғашқы психологиялық көмек көрсету: 

Өзін-өзі қол жұмсау туралы ойлайтын адамға психологиялық көмек көрсетудің мынадай негізгі үш әдісі бар.

Уақтылы диагностика және суицидентті тиісінше емдеу.

Депрессияға шалдыққан адамға белсенді эмоциялық көмек көрсету.

3.Оның жағдайын жеңілдету үшін оның жақсы қасиеттеріне жиі тоқталу.

Адамға алғашқы психологиялық көмек көрсетуге талпына отырып, мынадай  ережелерді сақтау керек:

өзіңіздің көмектесе алатыныңызға сенімді болыңыз.

осындай жағдайда тап болғандардан тәжірибе жинаңыз.

шыдамды болыңыз.

«Бар ойдағыны жүзеге асыр» деп, адамды қорқытуға тырыспаңыз.

«Сіздің осындай күйге тап болуыңыздың себебі…»  деп, оның мінез-құлқын талдамаңыз.

«Сіз өзіңізге қол жұмсай алмайсыз, өйткені…» деп, адаммен дауласпаңыз.

қолыңыздан келетіннің бәрін жасаңыз, бірақ басқа біреудің өмірі үшін жеке жауапкершілікті мойныңызға алмаңыз.

Профилактикалық әңгімелесуді өткізу әдісі:

Адамның дағдарыс күйінен шығуына көмектесетін негізгі әдіс – ол суицидентпен жеке профилактикалық әңгімелесу тәсілі болып табылады. Бұл ретте мыналарды назарға алу қажет:

кез келген адаммен, әсіресе өзіне өзі қол жұмсауға баруға дайын адаммен әңгімелесу барысында көбінесе белсенді тыңдауға назар аудару қажет;

белсенді тыңдаушы – ол әңгімелесуші адамды кінәламай, барлық зейінін салып тыңдайтын адам, бұл суициденттің ашық сөйлесуіне мүмкіндік береді;

белсенді тыңдаушы әңгімелесушінің сезімін толығымен түсініп, оған өзіне деген сенімділігін сақтауға көмектеседі.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің тың өзгерістеріне және оның әлеуметтік-қоғамдық жағдайына байланысты оқушыларға бірыңғай ұлттық тестілеу қолданылуда. Оқушыларды бірыңғай ұлттық тестілеуге психологиялық  тұрғыда дайындау өзекті мәселе болып отыр.  

Сондықтан да психологтар қауымы суицидтің алдын алу мақсатында бірыңғай ұлттық тестке дайындық кезеңінде оқушылардың мінез-құлық стратегиясы мен практикасын өңдеу, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі бақылау дағдысын оқыту, өзіне сенімділігін арттыру мақсатында практикалық сабақтар өткізуді жоспарлады.

Мақсаты: Бірыңғай мемлекеттік емтиханға дайындық кезеңге оқушылардың мінез-құлық стратегиясы мен тактикасын өңдеуін;   

өзін-өзі реттеуін; 

өзін-өзі бақылау дағдысын оқытуын; -  сенімділігін арттыруын жүзеге асыру.

Міндеттері: 

Стреске қарсы тұруын арттыру.

Сенімді мінез-құлық дағдысын арттыру.

Эмоциялық ерік сферасын дамыту.

Эмпатия сезімін дамыту, өзіне көңіл бөлу және айналадағыларға сенім  білдіру.

Ішкі резервтерді тірек етіп, өзін-өзі бақылау дағдыларын дамыту.

Іс-әрекетін талдағанда өз жауапкершілігін сезінуге көмектесу.

Конструктивті өзара әрекет дағдысына оқыту.

Осы тұрғыда, суицидтік оқиғаларды дер кезінде танып, осындай теріс жайттардың алдын-алу үшін жан-жақты ақпарат беру, түсіндіру, мәселенің мәніне бойлау, талдау, сараптама жасау қажет екендігі анық. Осы мәселеге орай, «Қамқорлық» қоғамдық келісімді қолдау қоры 2016 жылдан бастап Ақтау қаласы Ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру қызметі бойынша  жастар арасында суицидтің алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды бастаған болатын. Бұл жұмыс жүйелі сипат алып, Ақтау  қаласы ғана емес, аудандар көлеміне шығуы осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесіне елеулі ықпал етері сөзсіз. Осы жоба аясында «Суицидтің алдын алу», «Өмірге ғашық болу» және т.б. тақырыптардағы дәрістер, семинар-тренингтер, дөңгелек үстел, конференция және т.б. шараларға жүздеген  оқушылар мен студент жастар қамтылды.             

 

Пайдаланылған әдебиеттер  тізімі: 

Мұқанов М.М. Жас және педагогикалық психология. – Алматы, 1982. – 123 б. 

Әлімжанова І. «Жасөспірімдер мазасыздануының психологиялық  ерекшеліктері» // Қызықты психология, 

2012. –  №9. – 6 б. 

Елшібаева  К.Ғ. Суицидтің алдын алу. –  Алматы, 2009. – 45 б. 

Имамбаева Д. Суицидтің өршуі – қоғамға келген қатер http:// abai.kz/ post /42427Abai.kz  мм

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз