Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Әлиментті төледің бе, әке?!

    


   Әке! Мен өмірге келмей тұрып өз таңдауыңды жасап бізден кетіп қалыпсың. Иә, анам екеуіңнің араларыңда не мәселе болғанын толық білмеймін. Бірақ «әке» атанатыныңды естісең де, көп ұзамай ажырасыпсыңдар. Үлкендердің айтуы бойынша кінә ешуақытта бір жақтан болмайды екен. Дегенмен де, анам қателік жіберсе де мені алдырып тастамай, өмірге әкеліп, осы уақытқа дейін қамтамасыз етіп келеді. Өзі аш болса да, менің қарнымды тоқ қылуға әрқашан дайын. Ал, сіз ше? Ең болмаса туылған кезімде бір көріп кетуге жарамадыңыз ғой. Жауапкершілікті мойныңызға алып, үйге соғып тұрсаңыз ешкім сізге кет демейді. Мен анам екеуіңе ортақ баламын. Ес біле бастаған шағымда-ақ сіздің суретіңізді көрсетіп, әкең деп таныстырды. Жанымда неге жоқ екендігіңді, бірге тұрмайтынымызды бәрін түсіндім. Мен жайлы сәл ойланатын болсаң биыл 2 –ші сыныпқа барамын. Алдыңғы жылы ата- әжем кезектесіп мектепке тасыды. Ал, қайтарда анам алып кететін. Ата-аналар жиналысынан да ешқашан қалған емес. Әке, бірге оқитын сыныптастарымның әкелері көлігімен алып қайтады. Соларға қарап қызығамын. Енді менде ондай махаббат болмаған соң, өзгеден тамашалағаным ғой. Сонымен қатар, сабаққа әр түрлі нәрселер әкеліп мақтанады. Әрине, алып берген әкелері...


   Аулада балалармен ойнап немесе анаммен серуендеп жүрген сәтте жан- жағыма көп елеңдеймін. Сені тек суреттен көргендіктен, шынайы көруді аңсаймын. Көре сала жаныңа жүгіріп барып, «балаңмын» дегім келеді. Әттең, әзірге маған ондай бақыт бұйырмай тұр. Ержетпей тұрып келсең ғой. Балалығымды, еркелігімді «әке» дегенімді көрсетсем шіркін! Оқу бітіріп, жұмыс жасап, отбасы құрған шағымда болсам саған деген махаббатым өшіп қала ма деп қорқамын. Санамда әке деген ұғым мәңгілікке жоғалса не болады?


   Әке, бүгін әжем мен анамның әңгімелерін естіп қалдым. Ол әңгіме әрине сіз жайлы болды. 18 жасқа дейін сенен өндіруге болатын «әлимент» жайлы ұзақ айтылды. Негізі ол туралы сенің де хабарың бар екен. Бірақ, осы уақытқа дейін бір қимылдамай отқаныңды түсінбеймін. Ең болмаса, бір- екі киіміммен, мектеп құралдарын алуға көмек бермегенің бе сонда? Балабақшаға баратын шағымда тіпті ойыншығыма да көмек бермегенің ғой. Осы уақытқа дейін сені құрметтеп, жақсы көріп келіп едім. Бірақ, сенен ондай махаббатты еш сезінбеген соң өкпелеп отырмын. Анамның айтуы бойынша жақсы жерде жұмыс жасайды екенсің. Әлиментті төлеуге арналған құжатта ай сайын жұмыс орныңа барып тұрады екен. Сонда өзге әріптестеріңнен еш қысылмаймысың? Мен үшін тағайындалған бір жапырақ қағазды оқымастан, айына бір мәрте әке екеніңді сезінбестен қоқысқа тастай саламысың? Өте өкінішті...


    Бала көңілім құлазып кейде ойланып кетемін. Әсіресе, мектепте отбасы туралы сурет салғызып, эссе жазғызғанда. Өзге достарым отбасы мүшелерін шаттана отырып салып, керемет етіп бояйды. Ал, мен сенен басқасын салып жақсы баға алсамда жетім баладай күй кешемін. Себебі, менің қолымнан ұстап, жетектеп бара жатқан тек қана анамның бейнесін салатын едім. Кейде екінші қолымнан сенің ұстап тұрғаныңды саламын да ешкімге көрсетпей кітап арасына тығып қоямын. Расымен де саған деген махаббатым шексіз. Ер бала болғандықтан, сенің тәрбиеңді көптеп алып, жақсы жігіт болып есейгім келеді. Бірақ, менің жанымның бала тебіренісін еш уақытта тыңдап көрмедің. Кішкентай бала болсам да бәрін білемін. Яғни, сенің менен бөлек балаларын барын. Оларға менен артық қамқор болып, әкелік парызыңды өтеп жүргеніңді. Анам жайлы сұрақтар еш толғандырмай, өзге әйелді келіншек еткеніңді. Иә, осының бәрін білемін. Сенімен бірге тұрмасам да сенің қаныңнан жаратылғанымды ұмытпаймын. Тек көрші үйдің ата- әжелері кімнің баласысың деп сұрағанда, тегімді айтуға ұяламын. Өзім көрмеген жанды қалай айтпақпын? Басқа отбасының тірегі болсаң да, арасында соғып тұрсаң да сол маған жеткілікті болар еді. Дегенмен де, менен оны да көп көрдің...


    Әке, оқу жылы басталуға таяп қалды. Осы жолы сенен барынша қолдау күтемін. Биыл анам ғана емес сенде мектепке қажетті заттарымда алуға көмектес. Бұл өтінгенім емес жәй сұрағаным. Әлиментті төлемеген жағдай да басқа шара қолдануға да болады екен. Сондықтан, мәселені ушықтырмай ай сайын өзіме берілетін қаражатты сый еткейсің. Анам оны тек өзіме жаратарына сенімдімін. Дегенмен де, сенен келген ақшаны жинауға тырысамын. Болашақта өскенде мен де әке боламын. Бірақ, дәл сендей емес, бір ғана әйелді келіншек етіп, екеумізден тараған балаларға ғана тірек, басқаларға көз қырын да салмайтын еркек боламын. Ер балалардың тәрбиесіне өзім қарап, сенің жолыңа түспес үшін өзім мінсіз әке атануға жұмыс жасаймын. Міне, менің бала арманым- ойыншықпен ойнап, саябаққа қыдыру емес, әкелік мейірімді көрмесем де мықты әке болу.

Азиза Құнанқараева

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз