Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Әннің де естісі бар, есері бар

«Музыканың негізгі мақсаты адамның эстетикалық қажетін қанағаттандыру. Бұл ғылымның өзінің байсалдылығынан айырылған адамдарды түзеуге, қызба адамды қалпына түсіруге, байсалды адамды бір қалыпта ұстауға әбден құдіреті келеді»,- деп ойшыл Әбу Насыр Әл- Фараби жазып кеткендей құлазып тұрған көңілді орнына келтіретін, тыңдағанда шабыттанып ой келетін бұл музыкаға шексіз ризамыз. Бұрынғы уақытта ата- бабамыз бен апа- әжеміздің үйіне келген қонақ домбырасын арқалап ала келетін болған деседі. Жиналған қауымға өнерлерін ортаға салудан жалықпаған. Әр бас қосуда күй тартылып, түрлі өлеңдер айтып тарқасқан. Концерт пен жиын тойларда ауылдың бүкіл жыршы- күйшілері шақырылып, сайысқа түсіп жарысқан. Ал, бүгінде заманның адамдары өзгеріп түрлі музыкалар өмірге келді. Қандай жанр жаныңа қажет болса, жүктеп алып тыңдай беруге мүмкіндік көп. Әншілердің саны артып, бірін танып, бірін тіптен көрмеген болып жатамыз. Бұл дегеніміз өнер саласының жақсы дәрежеде дамып келе жатқанының нәтижесі. Дегенмен де, дәстүрлі әншілердің саны азайып бара жатқандай көрінеді. Халық әндерінен гөрі көбінесе заманауи әндерге бейімделіп кеткендейміз. Жастарымыз жалындап тұрған шоқ әндерді билеп тұрып тыңдаса, басқамыз да соларға қарай ығысудамыз. Иә, адамның қалауы мен таңдауына араласуға ешқандай құқығымыз жоқ. Бірақ, үйдегі қарияларымыз бүгінгі күндегі кей өлеңнің сөздеріне іші ашып, тыңдағысы келмейді. Себебі, ұйқас келсе болды деп жаза бергендер қаншама. Оны үлкен адам тұрмақ, мектеп оқушысы да аңғара алатындай кемшілік. Сол үшін артында қалған ұрпақ ештеңенің мәнін біліп, естімей өтеді ма деген сұрақтың жауапсыз қалғандығы өкіндіреді. Жаны ашып, кейбір топ құрамаларын тыңдама десе де, сөздеріне құлақ аспай, құлақ қапты киіп алып жүре беретіндердің де саны өршіп барады. Жас буынның санасын улау деп айтсақ артық айтқанымыз емес шығар. Шын мәнісін де жаман сөзді де өлеңге қосып, ұялмастан айтатындар қалай қысылмайды.

Мұхтар Әуезов атамыздың «әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді» деген сөзін жадымызда түйіп, өмір сүре жүріп оған шынайы ғашық бола алауды үйренейікші. Ең маңыздысы әдемі сөздермен көркем етіліп жазылған, әуені де жағымды музыкаларды көптеп тыңдауға тырысайық. Сонда ғана бізге дейін өмір сүріп кеткен жандардың жаны тыныш болып, үйдегі үлкен кісілеріміз де жайдарлы жүретіні анық. Жас болған соң, кез келген нәрсеге бейімделіп кету өте оңай. Ал, кейін үйренісіп қалған дүниесінен ажыратып, ол туралы теріс пікір айтуды көздесең тым кеш болмақ. Ән тыңдай жүріп, айта жүріңдер. Оның сөздері де мағыналы әрі мазмұнды болуына әр қазақ баласы қадағаласа біздің елде бәрі бұрынғы қалпына түспек.

Азиза ҚҰНАНҚАРАЕВА

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз