Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Қазіргі жас буын- еліміздің келер күнгі келбеті

 

Мұғалімнің сөзі- баланың көңіліне тез ұялайтын, жандүниесін баули алатын ең күшті құрал.

В.А.Сухомлинский

 

«Педагог- балалардың көсемі»,- деп Олжас Сүлейменов ағамыз айтпақшы бүкіл баланың сауаттылығы мен мұғалім беретін тәрбиенің барлығы осы аяулы ұстаздарға келіп тіреледі. Мына өмірге келген барлық адамзат иесі сол кісілерден білім алып, сауат ашатыны хақ. Ал, оқушының білімге деген құштарлығы жоғары деңгейде болса, ұстазына да көмек болар еді. Себебі, ынтасы болмай, мектепті бітіру парыз деп жәй ғана күнін өткізіп жүрген балаларға ата- анадан бөлек, оқытушы да алаңдайды. Күні- түні ізденіс үстінде жүріп, күш- жігерін оқушыларына жұмсап, барлық сынып естісін деп тамағы қарлығынша сөйлеген жанның еңбегі еш кетсе, ұстаз үшін сол азап. Ал, сыныпқа кірген бойда ізетпен сәлемдесіп, сабақты жарыса оқығанын көрген мұғалімнің жұмысы берекелі болады. Міне, бүгінгі сұқбатта тиек еткелі отырған жан № 172 орта мектептің «қазақ тілі әдебиет» пәнінің мұғалімі Жанетова Анар Таңжарыққызы. Ол мектептегі барлық оқушыны өз баласындай көріп, кейінгі күні жұмыссыз қалмасын, жүрген ортасында даралансын деп жаны ашып тұратын ұстаздар қатарынан көремін.

-Алғашқы еңбек жылдарыңызда ерекше есте қалған сәттермен бөліссеңіз.

-Ең алғашқы еңбек жолым 2003 жылы Тасбөгет кентіндегі № 172 орта мектептен басталды. Жас маман болып мектепке барып, тәжірибесі мол ұстаздардан көп тәлім алдым. Сол жылдары есімнен әлі күнге дейін кетпейтін түрлі сәттер болды. Соның бірі ең алғаш жас маман ретінде өткізген ашық сабағым. Ашық сабағыма оқу ісінің меңгерушісі бастаған 7-8 ұстаз қатысты. Қобалжығаным соншалық есімнен танып құлап қалатын шығармын деп ойладым. Сабақ басталғаннан кейін тез өз-өзімді қолға алып, сабақты жақсы алып шықтым. Қазіргі уақытта жас мамандардың сабағына қатысып, тәжірибе алмасуда сол сәт үнемі есіме түседі.

-Онлайн оқу жүйесі іске қосылды. Жаңа оқу жылы қалай басталмақшы және оқу режимі қандай болмақ?

-Қазіргі таңда әлемде болып жатқан індеттің таралуына байланысты онлайн оқыту жүйесінің  маңыздылығы арта түсті. Себебі еліміздегі мектептер Covid-19-дың таралу қаупіне байланысты оқушыларды қашықтықтан оқытуға кіріскелі тұр. Ал бастауыш сынып оқушылары үшін «кезекші сыныптар» ашылмақ.

Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, «кезекші сыныптар» ашылады. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15 баладан аспайды. 



-«Мұғалім шәкіртінің жеткен жетістігімен жемісті болады» дейді сіз қаншалықты жеміске кенелдіңіз?

-«Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз» дейді ғой ғалым Қаныш Сәтбаев. Қазақ тілінің құдіреттілігін оқушыға жеткізіп, шәкірттерім арқылы үмітімнің ақталғанын дәлелдеу басты мақсатым. Болашақ елін сүйер, жерін сүйер, ана тілін қастерлейтін, менен тәлім алып шыққан шәкірттер болатынына сенемін және осы мақсатқа жету үшін шәкірттерімді сапалы білім нәрімен сусындата білдім деп ойлаймын.

-Осы мектептен түлеп ұшып, арнайы сізді іздеп келіп сәлемдесетін шәкірттер саны қаншалықты көп?

-№172 орта мектепте 17 жыл еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында қаншама шәкірт алтын ұяларынан түлеп ұшты. Өзімнің бітірткен сынып оқушылары болсын, пән мұғалімі ретінде менен тәлім-тәрбие алған оқушылар болсын, арнайы мектепке іздеп келетін оқушылар саны ауыз толтырып айтарлықтай көп. 2019-2020 оқу жылында сондай шәкірттер легіне сынып жетекші болып, алтын ұя мектебінен ұшырдым. Барлық шәкірттеріме тек өмірден өз орындарын тауып, елге қызмет етерліктей азамат болуларына тілектеспін.

-Оқу бітіріп жас маман болып жұмысқа орналасқандар жайлы қандай пікірдесіз?

 Бәрімізде жас болдық. Жас маман болдық. Тәжірибелі ұстаздар арқасында көп нәрсені үйрендік, тәжірибе жинадық. Оқу бітіріп, мектепке келіп жұмысқа орналасқан  жас мамандарды көрсем, өзімді еске аламын. Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөзі бар. Бойындағы жастық жігерін, күш -қуатын, жаңашылдығын шәкірт тәрбиелеуге жұмсауы керек. Болашақта өз оқушыларын биік белестерден көрсе, сол үшін өзінің кішкене де болса үлесі тиген болса, өзін бақытты ұстаз ретінде сезінеді. Өйткені қазіргі жас буын - еліміздің келер күнгі келбеті. Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған əрі əлеуметтік тұрғыдан есейген, өзін-өзі əрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Қазіргілер кітап оқымайды деген пікірмен толықтай келісіз бе?

-Иә, қазіргі уақытта кітап оқу деңгейі төмендеп кетті. Технологиялар заманында кітапқа жүгінетіндер саны аз екенін мойындаймын. Бірақ, толықтай келіспеймін. Өйткені мектептегі оқушыларым көптеген қызықты кітаптарды жарыса оқиды. Мысалы, әлем әдебиеті, балалар шығармашылығына арналған шығармаларды оқып, ортаға салып, үнемі талқылап отырамыз. Кітап оқу – бұл тек бос уақытты қызық өткізу ғана емес екенін әрдайым түсіндіріп отырамын. «Кітап оқыңыздар! Және өміріңізде ешқашан жаңа кітаптың ең болмағанда бір бетін оқып шықпаған күн болмасын!» деген орыс жазушысы Константин Паустовскийге толық қосыламын және соған шақырамын.

-Сіз үшін мұғалім қандай болуы керек? Өзіңізді сондай дәрежеге жеттім деп ойлайсыз ба?

-Ұстаз бола білу, оны қадір тұту, қастерлеу - әр мұғалімнің борышы. Ол - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам деп ойлаймын. Ағылшын ағартушысы Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады»,- дейді. Сол себептен мен өзімді ұлы дәрежеге жеттім деп ойламаймын.

-Жеткен жетістігіңіздің арасында ең қатты ыстық етіп бағалайтынын айтыңызшы?

-Жетістік – адам баласының белгілі бір сала аясында өсу қалпын сақтай отырып, табысқа кенелуі. Еңбек жолымдағы жеткен жетістігімнің әрқайсысының орны ерекше. Өзімнің жетістігімнен гөрі оқушыларымның жеткен жетістіктері ең ыстық деп білемін. Шәкірттіңді білім додасына қосып, оның қуанышын көруден артық ештеңе жоқ. Көптеген оқушыларды білім жағынан, тәрбие жағынан да түрлі сайыстарға апарып, жүлделі орындарға ие болдық. Менің жеткен жетістігім осы деп санаймын.

-«Ізденіс жолы»  журналының редакциясына деген ізгі ниетіңізді білдірсеңіз.

- Біріншіден маған хабарласып, осындай мәртебеге лайық көргендеріңізге алғыс айтамын. Жүйелі сұрақтарыңызға мардымды жауап бердім деп ойлаймын. Алдағы уақытта жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, қаламдарыңыз қарымды болсын демекпін.

Азиза Құнанқараева

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз