Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Ұжымымдағы әр ұстаздан аларым көп


Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс- тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішін, киген кимімен де оқушысына жақын мағынада қатты әсер етеді. 

М.Ғабдуллин

Оқушы үшін ең алғашқы ұстазы қандай болатыны маңызды. Себебі, еркелігі басым сәтте барлық мінезін көтере алып, білім нәрімен сусындату оңай жұмыс еместігі мәлім. Жоғарғы сыныпқа көшкен кезде де алғашқы ұстазын көрген бойда көзі жайнап кететін шәкірт тәрбиеленуі үшін ұстазының жүрегі жылы, көздері мейірімге толы болуы тиіс. Сонда ғана партада отыруды енді ғана үйренген оқушы сол сәттен бастап бәріне бейімделе бастайды. Осы орайда, қаламыздағы Әли Мүсілімов атындағы № 101 мектеп лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Туысбаева Жанат Қуанышқызымен қызметі жайында әңгімелескен едік.

-Ең алғаш жас маман болып мектепке орналасқанда қандай күйде болдыңыз? жалпы ортаға тез қалыптасып кеттіңіз бе ?

-Бастапқыда жас маман болып мектепке орналасқан шағымда мен өте кішкентай көрінетінмін. Өзім ана болғаныммен балалығым қалмаған жаста едім. Сол сәттер есіме түссе өте қуанышты болғаным ойыма тоқтаусыз оралады. Жұмыс күнінің алғашқы күнінен бастап ұжым өте жақсы қабылдады десем артық айтқаным емес. Ортаға тез үйреніп кетуімнің бірден бір себебі қолдаушы ұстаздарымның көп болғанында. Несібеме орай керемет ортаға түстім де тәжірибе жинауға кірістім.

-Сол кезеңде ашық сабақтарыңызға басқа мұғалімдер қатысып, қандай пікірді жиі айтатын еді?

-Иә, жас маман болған соң түрлі іс- шара мен ашық сабақтарға белсенді араласып, оқушыларды жаңа қырынан таныта білуге тырасатынмын. Ашық сабақ болар сәтте қобалжуымды басып, оқушылармен жақсы байланыс орнатуды ғана көздейтінмін. Сонда ғана ешқандай қорқыныш болмай сабақтың аяғына дейін еркін жүргізетін едім. Маған жиі айтылатын пікір- өзіңді еркін ұста және балаларға да еркіндік беріп, көбірек мүмкіндік сыйла дейтін.

-Мектебіңіздегі жұмыс жасап жатқан қай мұғалімнің жолымен жүргіңіз келеді?

-Мен ұжымымдағы әр ұстаздан аларым көп. Барлық әріптестерімді мықты санаймын. Әрқайсысынан өзіндік стиль, методика, креативті ойлар, баламен қарым- қатынастың түрлерін көремін. Сонымен қатар, әр әріптесімнен тұлғалық дамуға ұмтылысты қалайтын ерекше күшті аңғарамын. Біз бір бірімізді жігерлендіріп жүреміз. Сол үшін әр ұстаздан өзіме керек дүниені аларым көп.

-Сіз қолға қалам ұстатуды үйрететін және әріп пен санауды меңгертетін ұстаз ретінде балақайлармен тез тіл табысу үшін қандай әдіс қолданасыз?

-Ерекше мынадай әдіс иесімін деп айта алмаймын. Бірақ, өзімнің ұстанымым мен дағдыларым жетерлік. Соның ішінде ерекше екі бағытты айта кетейін: 1.Баланы жақсы көру, оны өз балам деп қабылдау. 2.Тез тіл табысу үшін әр баланың жеке мінез құлқы мен мүмкіндігіне қарай сөйлесу. Осы екі дағдыны ұстану арқылы барлығымен жақсы байланыстамыз.

-Осы күнге дейін білім майданынан алған жемісті сәттеріңіз туралы баяндасаңыз.

-Түрлі деңгейдегі мектепішілік, қалалық, облыстық семинарларда сабақ көрсетіп, төселдім. Білімімді жетілдіру үшін көптеген курстардан өтіп, оның пайдасын бойымдағы мүмкіндіктермен ұштастыра отырып, жемісті еңбекке жеткіздім деп ойлаймын. Әр жылдары қалалық, облыстық, республикалық баспасөз беттеріне мақалалар жариялап, алғыс хаттармен марапатталдым. Сыр бойының үздік ұстаздары журналына ілініп, алғыс хат иелендім. Шәкірттерім де республикалық «Ақбота», «Кенгуру» марафондарының жүлдегерлері атанып жүр. Облыстық ғылыми жоба сайысының 1 орын иегері де менің оқушыларым арасынан табылады. Әр оқушымның жеткен жетістігі үшін мақтай отырып, бірге қуана алатын ұстаз қатарынанмын. Бір ғана сайысқа қатысуды көздемей, келесі жарыстарға дайындалу үшін барынша білім беремін.

-Қайтадан мамандық таңдау бұйырса басқа қай сала маманы болар едіңіз?

-Адам екі нәрсе таңдаудан жаңылыспау керек дейді ғой. Соның бірі-мамандық. Мен де қалаған саламда бар құлшынысыммен жұмыс жасап келемін деп айта аламын. Ешқашан өкініп немесе басқа жұмыс жасағым келген сәттер болмаған. Соған қарағанда мендегі жүрек пен тілек аяулы ұстаз болу. Егер өмірімді қайта бастайтын мүмкіндік беріліп, оқуға тапсыратын болсам, қайтадан мұғалімдік мамандығын таңдайтын едім.

-Ұстаз болу үшін қандай мінез бойынан табылуы керек?

-Ең алдымен, тоқтаусыз білім, мықты қаланған тәрбие, сабырлық пен төзімділік, шығармашылық қасиеттер болуы керек деп ойлаймын.Сонда ғана нағыз ұстаз болу бақытына сүрінбей жетеді.

-Біздің «Ізденіс жолы» журнал ұжымына деген қандай пікіріңіз бар?

-Расымен менің көңілімнен шыға білген редакцияның бірі осы журнал десем артық айтқаным емес. Ең алғашқы сұқбат беруім болса да, БАҚ өкілдерінің арқасында сөйлеген сөзім нұрланып кетті. Сол үшін алдағы уақытта та сіздермен кері байланыс жұмыстарын жасап, тұрақты мақала беріп отыруға тырысамын.

Азиза Құнанқараева

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз