Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Бағалау үшін қызмет етпеймін

Балалардың нағыз тәрбиешісі болуы үшін оларға өз жүрегінің жылуын беруі керек.

В.А. Сухомлинский

Бала мектепке бармас бұрын кішкентайынан балабақшаға барып, ондағы топ балақайларымен жарыса ойнап, түрлі ән мен биді жаттап өссе, мектеп табалдырығын аттаған сәтте еш қорықпайды. Себебі, балабақша балаға мектепке дейінгі тәрбиені беріп, жас ерекшелігі мен даму ерекшелігіне қарай білім үйретіп шығарып салады. Ол жақтың да тәртібі мен тапсырмасы болады. Әсіресе тұйық баланы өз ортасында аша білу екінің бірінен қолынан келе бермейтін жұмыс. Кей балалар бұзықтыққа өте бейім болса, сәл тыныштықты үйренетін сабақ алады. Бұл дегеніміз баланы бөлмеге қамап немесе сабап тәрбиелеу емес. Ойын арқылы баланы жақсы тәртіпке баулуға болады. Ал, мұндай жұмыс жасаушы мамандар тек балабақша ішінен табылады. Жоғарыда айтылған тақырыпқа сәйкес «Әл-Сабыр» балабақшасының меңгерушісі Салтанат Ерназарқызымен сұқбаттасқан едім.

- Аты-жөніңіз бен жалпы қызметіңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіз?

-Мен, Балжанова Салтанат Ерназарқызы,бүгінгі таңда, мектепке дейінгі жекеменшік мекеме "Әл-Сабыр" балабақшасының меңгерушісі ретінде 2016 жылдың ақпан айының 22-нен бастап қызмет етіп келемін. Бастапқы қызмет жылдарым 1994 – 2015 жылдар аралағында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласында бастауыш сынып мұғалімі, қосымша Байқоңыр қалалық бастауыш сынып мұғалімдер әдістемелік бірлестік жетекшісі, мектептегі кәсіподақ ұйымының төрайымы болып қызмет еттім. Сонымен қатар, 2015-2016 жылдар ішінде мектепке дейінгі жекеменшік мекеме "Ералаш-2015" балабақша меңгерушісі болып жұмыс жасадым.

Бала тәрбиесі - күрделі іс-әрекет. Жан-жақты, мәнді-мағыналы қадамдар жасап, қызмет етуді талап етеді. Әр бала - бір жұмбақ та қызықты әлем. Ол жұмбақтың шешімін табуға, өмірде дұрыс жол таңдауына үлес қосу әрбір педагогтың міндеті.

-Балабақшаға балаларды неше жастан берген дұрыс деп ойлайсыз?

-Әрине, балабақшаға баланы 2 жас және 2 жас 6 айдан бастап біртіндеп үйрену жолымен бергені дұрыс. Ата-ана баласына бірыңғай бірізділікті қолдана отырып, талапты нақты тиянақты қойып, ондағы қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жасаса барлығы жақсы деңгейде болып кетері сөзсіз.

-Осы уақытқа дейін еткен еңбегіңіз үшін жеткен жетістігіңізді айта отырсаңыз?

-Педагог маманы ғана емес, басқа да сала қызметкерлері мамандық таңдар алдында көптеген мақсат қойып, алдыға басу жолдарын ойластырады. Мысалы, осы сала бойынша белгілі бір дәрежедегі атақ немесе марапат иесі болсам немесе айналасындағы адамдардың арқасында мәртебем өссе дейтін жандар өз жұмысын тиянақты орындайды деп білемін. Мен де өз жетістіктеріммен әрқашан мақтана аламын. Қызылорда қаласына келгелі Қызылорда қалалық білім бөлім басшысы Құрмет Грамотасы;

 Қызылорда облыстық білім бөлім басшысының Құрмет Грамотасы;

Қызылорда қаласы Әкімінің Алғысы;

Қызылорда облысы әкімінің орынбасарының Алғыс хатымен марапатталдым. Бұл мамандығыма деген адал әрі таза ниеттің дәлелі.

-Қазір барлығы қашықтықтан жұмыс жасауға көшті, сіздерде бұл жүйе қалай болып жатыр?

-ҚРБжҒ министрінің бұйрығына сәйкес Мектепалды даярлық топтарының тәрбиешілері қашықтықтан оқыту тәртібімен әлі күнге дейін қызмет етіп келеді. Қалған ересек және ортаңғы топ тәрбиеленушілері де қашықтықтан тәлім-тәрбие алуда. Кезекші топ та өз жұмысын талаптарға сай орындау үстінде.

-Балабақша балаларының арасында ерекше жақсы көретін балапан бар ма? Жалпы бөліп қарауды дұрыс деп ойлайсыз ба?

-Әр баланы балабақшамызға жаңадан алғашқы рет келгенде, ата-анасымен таныса, сұқбаттаса отырып, өзім қабылдап аламын. Сондай-ақ, ол баланың үйренісіп кетуіне күнделікті мән беріп отыруды қадағалаймын. Барлық балақайларға бірдей көңіл бөлуге, бір деңгейде еркелетуге және жақсы сөздермен құлшыныстарын арттыруға тырысамын. Бала үйінен алыс екінші мекеніне келген сәттен жалғызсырап, өзге топтастарына бірікпегенін көрген бойда, көңіл- күйін көтеруге, ойын өзіміздің аурамызға бейімдеуді қолға аламыз. Бойымда «алалау» деген ұғым жоқ деп есептеймін. Барлығына бірдей талап қойып, оны уақтылы орындалғанын  қалаймын. Өз мамандығын сүйетін педагог бөліп қарау дегенді білмейтін шығар деп ойлаймын.
-Өз қызметіңізді қаншалықты бағалайсыз?

-Бағалау үшін қызмет етпеймін. Әрбір баланың бойына барынша жан-жақты, талапқа сай тәрбие берсем, ол бала болашақта дұрыс жол таба білсе, міне менің бағам - яғни менің де сәл де болса, үлесім бар - ау деген ойға келемін. Сол жетістіктеріне нақты көзім жетсе –менің төбем көкке екі елі жетпей қуанышты болатыным анық. Ата-ана белгілі бір уақыттан кейін еңбегіңді ескеріп, рақмет айтып бағаласа - керемет емес пе?!

-Кейбір балабақшаларға ата- аналардың көңілі толмай жатады, ал сіздерге ата- ананың көзқарасы қандай?

-Ата-ана көңілінен шығу - оңай іс емес. Тек айтарым, балаңызды бізге беріңіз деген үгіт-насихат жасаған емеспіз. Тек еңбекпен дәлелдеп, ата-ананың өзі (өз қалауымен) бізді таңдауына сара жол салудамыз.

-Ата- анамен туындаған мәселе болып жатса қалай шешесіздер?

-Қызығы мен қиындығы мол қызметте түрлі мәселелер туындап жатады. Оларды мүмкіндігінше сабырмен, ақылмен, кейде ата-ананы да тәрбиелей отырып бір шешімге келеміз. Сонымен қатар, өзіміздің жіберген қателігімізді мойнымызбен көтеріп, үштікке (бала-ата-ана-балабақша), соның ішінде көбіне балаға кері әсерін тигізбейтіндей шешімге мойын бұрумен тоқталамыз. Біз қызмет көрсетуші жақпыз, сондықтан қызмет алушы жақтың - ата-ананың ойына қатты мән береміз. Өрескел іс-әрекеттерге мейлінше жол бермейміз, әрине. Барлығы заң аясында болғанын қалаймыз.

-Көп балалы ана мен жағдайы төмен отбасыларға жеңілдік қарастырылған ба?

-Әрине, 2019 - 2020 оқу жылында 12 отбасының балалары балабақшаға тегін, 8 отбасының балалары 50% жеңілдікпен келіп жүрді.

-Түлеп ұшқан балақайлар бірден 1 сыныпқа бару мүмкіндігі болады? Әріп пен санауды және жазуды үйретесіздер ме?

-Балабақшада екі мектепалды даярлық тобы қызмет етеді. Бір топта тәлім-тәрбие қазақ тілінде жүргізілсе, екінші топта орыс тілінде жүргізіледі. 2017 жылдан бері екі топ түлектері мектептің 1 сыныбына қабылданып жатыр. Сол себепті, балабақшадан түлеп ұшқан түлектер бірден мектепке қабылдануға мүмкіндігі зор.

-Негізі қанша жылдан бері жұмыс жасап келесіздер?

-Балабақша 28.03.2016 бастап қызмет етіп келеді. Болашақ та бұдан да биік белестерді бағындыра отырып, көптеген жетістіктірге жетеміз деп сенемін.

-Ата- ана тарапанынан тәрбиешіге шағым түссе, қандай шара қолданасыз?

-Негізінен шағымның күрделілігіне қарай, әр түрлі шаралар қолданылады. Мысалы:

түсіндірме әңгіме, ескерту,сөгіс және қатаң сөгіс. Бірақ, қатаң сөгісті осы уақытқа дейін қолданбадым. Сондай-ақ, қызметінен босату  шарасын да лайым қолданбауға тырысамын. Тек Алланың көзі түзу болсын!

Азиза Құнанқараева

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз