Республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық, педагогикалық журналы
Бүгін:
+7 (778) 313 55 04 martebe2000@mail.ru

Үштілділік – заман талабы



Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады.
К. Д. Ушинский

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» - деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару - екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші. Ал, оларды соқыр сезімдер мен жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны»,- деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. Біз бүгінгі шығарылымда тағылымы мен талабы биік тұратын Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп – лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бақтиярова Айнұр Пралиқызымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

-Әлемдік білім беру жүйесіндегі өзгерістерге көзқарасыңыз?

-Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалык дамуында жетекші рөл атқарады, сондай-ақ оны әрі қарай айқындай түседі. Қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, түрленіп отыру қажет. Елбасымыз Н. Назарбаев айткандай:"Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін-білім". Қазіргі таңда оқытудың әлемдік технологиялары сарапталып мектеп өміріне енуде. Ол оңтайлы шешім. Көптеген шетел мектептерінде Smart технологиясымен оқуда. Бұл ақпараттың тез, әрі түсінікті жеткізілуінің маңызы зор.

-Өз тәжірибеңізде жаңалық ашу ойыңызда бар ма және оның жолдарын білесіз бе?

-Ойлау үлгісі мен дәстүрлі таным ерекшелігіне ұқсамайтын жаңа ойлау жуйесін табу, білім мен материалды пайдалана отырып көнені өңдеу, жақсарту, толықтыру, жаңа зат, жаңа жол, жаңа бағыт табу – қазіргі  заман талабы. Уакыт ағымынан қалыспай жаңарғанда біз өркендей аламыз. Менің де біршама жоспарларым бар. Бірақ, әлі толықтыруды қажет етеді деп ойлаймын. Жүзеге асып жатқан жағдайда келешек өз тәжірибемде қолданатын боламын.

-Сіздің ойыңызша мұғалімнің ұстанымы қандай болуы керек?

-Ұстаз- бүгінгі оқушы– ертеңгі  қоғамның, елдін тірегін өмірге дайындаушы. Сондықтан көп нәрсе ата – ана мен ұстаздарға байланысты. XXI ғасыр ұстаздарына қойылатын талап жоғары. Белгілі педагог К. Ушинский: " Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз ізденіс үстінде отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де тоқтайды"деген. Сол себепті ұстаз – ізденуші, білімді, кәсіби шебер, тәрбиеші, сыншы, зерттеуші болуы тиіс.

-Сіз үшін ағылшын тілін меңгеру қиынға соққан жоқ па?

-Мен үшін ағылшын тілін меңгеру аса қиынға соққан жок. Ол сонау мектеп қабырғасында оқытқан ұстаздарымнын арқасы деп білемін. Ағылшын тілінен берген апайымның мына сөздері әлі есімде: "Бір тіл білсең, бір адамсың, үш тіл білсең, үш адамсың ". Осы сөзі ойымда қалып, мамандық таңдауымның себепшісі бола білді.

-Жаңартылған білім берудің сіз үшін тиімділігі мен ерекшелігі қандай?

-XXI ғасыр - ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға  дамуын жүзеге асырады. Осы жалпы Европалык стандартқа сай жаңа білім беру – жеке  тұлғаның жан – жақты дамуына әкелетін бірден – бір жол. Жаңартылған білім берудің ерекшелігі – оқушы  сын тұрғысынан ойлауға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, тәжірибе жасауға, АКТ-ны қолдануға бейімделеді. Сонымен қатар, жеке және жұппен, топпен жұмыс жасай алады. Сол жұмыс барысында шығармышылығы артады. Мұнда оқушының жұмысы бес балдық жүйемен емес, қалыптастырушы және жиынтық бағалаумен бағаланады. Баланың жан – жақты ізденуіне ынталандырып, ғылымға ықыласын туғызады. Бұл дегеніміз келешек балаларымыздың еркін, білімді, заманауи болып қалыптасуы болып табылады.

-Қашықтықтан білім алып жатқан оқушылар үшін ағылшын тілін меңгеру қаншалықты оңай?

-Қашықтыктан оқуда оқушылар үшін ағылшын тілін меңгеру оңай деп айта алмаймын. Өйткені оқушылармен жұптап, топтап жұмыс жасау мүмкін емес. Тек санаулы оқушылармен ғана жеке жұмыс жасай аласың. Барлық баланы қамту қиынға соғады. Айта кететін жәйт көптің алдында өзге тілде сөйлеуге қымсынатын окушылар үшін жақсы мүмкіндік. Өздігінен ізденуге жағдай туғызады. Бұл жағдай өз тәжірибемде кездесті.

-Сіз үшін қашықтан оқытудың маңызы мен рөлі қандай?

-Қазіргі XXI ғасырда ғылым мен технология жетік дамыған. Сол себепті мен үшін қашықтықтан оқытуда айтарлықтай қиындык туындаған жоқ. Қандай кедергі болса да, қарсы тұра білген жөн. Соғыста да білім саласы тоқтамаған. Ең бастысы, халқымыздың, балаларымыздың денсаулығы.

-Артыңыздан келе жатқан жас буындарға айтар пікіріңіз.

-Білім - ешқашан жойылмайтын инвестиция. Оған салған қаржы он, тіпті жүз есе болып қайтады. Келешек - білімді ұрпақ қолында. Сондықтан жас ұрпаққа саналы тарбие мен сапалы білім беру қазіргі күннің басты талабы. Сол жолда ұстаздарымыз аянбай еңбек етуде. Келешек ұрпағымыз рухани бай, зиялы, ұлттық сана-сезімі жоғары, білімді, дарынды болып қалыптасатынына мен сенемін!

-Біздің редакция ұжымына айтар ізгі тілегіңіз.

-Әрқашан биіктерден көріне беріңіздер. Халқымызға, өскелең жастарға пайдалы болатын тақырыптарыңыз таусылмасын. Сіздерге тек сәттілік тілеймін

Әсел Байбөрі



Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз